Қаржылық бұзушылықтарға жол берілмейді
Азаматтардың әлеуметтік қамтылуын, мемлекеттің тұрақты экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды жүйесі – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын кең ауқымды инвестициялық және әлеуметтік жобалар мен бюджет саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік аудиттің рөлі жоғары.
Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы тексеру комиссиясы 2011 жылы құрылды. Комиссияның негізгі міндеті – жергілікті бюджеттердің атқарылуын, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерден тұратын комиссия төрағасы мен мүшелері облыстық мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы 5 жыл мерзімге тағайындалады.
Ал 2015 жылғы 20 мамырдағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 93-қадамында аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылдау тапсырылды. Осыған сәйкес 2015 жылы 12 қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылданды.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру. Заңның негізгі ерекшелігі – мемлекеттік аудитті жүзеге асыру үшін қызметшілерде міндетті түрде мемлекеттік аудитор сертификаты болуы шарт. Яғни мемлекеттік аудитке толықтай көшірілді. Бастапқы кезеңде өңірлердегі аудит жөніндегі мемлекеттік органдарда кадр тапшылығы, оның ішінде мемлекеттік аудитор сертификаты бар мамандар жетіспеушілігі байқалды. Бұл бағытта жергілікті жерде мамандар тапшылығының мәселесін шешу мақсатында тексеру комиссиясы жүйелі негізде мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыруды және кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жандандырып келеді.
Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Әмірхан Баймағамбетовтың айтуынша, департамент қызметкерлері мемлекет қаржысының тиімді және негізгі мақсатына сай жұмсалуына аудит жүргізеді.
Атап айтқанда, биыл тоғыз айда департамент тарапынан 55 аудиторлық қаржылық бақылау жүргізіліпті. Тізбеге сәйкес – 6, жоспардан тыс 49 тексеріс өтсе, оның сегізі комитеттің тапсырмасы, 41-і заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізілген.
Атқарылған аудиторлық іс-шаралардың нәтижесін сөз етсек, 55-і бойынша жалпы сомасы 65 071,0 миллион теңгеге бұзушылықтар анықталған. Тарқатып айтқанда, 59 856,2 миллион теңге қаржылық бұзушылықтар десек, оның 245,7 миллион теңгесі бюджетке өтелуі тиіс. Қазірге дейін аталған қаражаттың 38,8 миллион теңгесінің орны толтырылып, өтелген ақша 15,8 пайызды құраған. Одан бөлек 1 571,8 миллион теңге қалпына келтірілуі керек. Десе де орындалған жұмыстар мен қызметтер есебінен 122,3 миллион теңге қалпына келтіріліп, көрсеткіш 7,8 пайызға тең болған. Сол сияқты 58 038,7 миллион теңге көлемінде бухгалтерлік есеп пен есептілік саласындағы бұзушылықтар орын алған.
Есепті кезеңде анықталған 245,7 мың теңге қаржылық бұзушылықтардың өтелуге жататын 202,8 мың теңгесі білім беру саласында орын алды. Ал облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасында 1 425,8 миллион теңгенің қаржылық бұзушылықтарына жол берілген. Оның ішінде 667,6 миллион теңгеге жалақы мен сыйлықақы заңсыз төленсе, 758,2 миллион теңге сомасына жеткізілмеген тауарлар мен қызметтер үшін қаражат негізсіз аударылған.
Сондай-ақ құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында тапсырыс берушілердің жеткізушілерге орындалмаған және сапасыз орындалған құрылыс жұмыстары үшін ақшалай қаражат төлеуіне қатысты 379,4 мың теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталған.
Сонымен қатар департамент ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №598 «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне камералық бақылауды жүзеге асырады. Камералдық бақылаудың мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және болдырмау.
Атап айтқанда, конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін қарау нәтижелері бойынша конкурсқа қатысуға алдын ала рұқсат беру хаттамасын рәсімдемей, бірден қорытындылар хаттамасын рәсімдейді, яғни әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін қайта толықтыру құқығынан айырады.
Әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімінде жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың толық және дұрыс рәсімделгеніне қарамастан 0 балл есептеу немесе мүлде құжаттар ұсынбаса да максималды 5 балл есептеу және конкурстан заңсыз шеттету немесе заңсыз конкурс қатысушысы деп тану фактілері орын алып жатыр екен. Бұл ретте ұйымдастырушының шешімімен келіспеген жағдайда, шағым негізінде департамент тарапынан заңды шешім шығаратындығын біле тұра конкурстық комиссия мүшелері шешім шығару кезінде басқаша айтса, сондай-ақ тапсырыс берушілер артық талаптар қою сәтінде жауапкершілік танытпайтыны аудиторларды алаңдатып отыр.
Сондай-ақ ұйымдастырушының немесе тапсырыс берушінің конкурстық құжаттамада мемлекеттік сатып алуға әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін талаптар қоюы да жиі қайталануда. Мәселен, құрылысқа қатысты емес жұмыстарды сатып алу кезінде сметалық құжаттамада көрсетілмеген материалдық ресурстардың әлеуетті өнім берушіде бар болуын, шектеулі әлеуетті өнім берушілердің қолында бар сертификаттардың және басқа да құжаттарды талап ету секілді кемшіліктер көп орын алады. Көп жағдайда бұзушылықтарға демпингтік бағаны есептеуді заңсыз қолдану немесе қолданбау, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ақпаратты орналастыру тәртібі мен мерзімдерін бұзу арқылы жол беріледі. Техникалық ерекшелікті қазақ немесе орыс тілінде орналастырмау, мемлекеттік стандартты көрсетпеу бойынша тіркелуде. Сонымен бірге баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде техникалық ерекшелікте тауар таңбаларын, қызмет көрсету белгілерін, фирмалық атауларды, патенттерді, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді, тауардың шығарылған жерінің және өндірушінің атауын заңнамаға қайшы көрсету де жиі орын алады.
Сондай-ақ департамент өз құзыреті шегінде аудит материалдары, құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік органдардың материалдары бойынша ҚР Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасы және Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы аясында әкімшілік істерді қарайды.
Есепті кезеңде департаментте барлығы 602 әкімшілік хаттама тіркелген. Оның ішінде 457 материал қаралып, әкімшілік айыппұлдар салынып, 145 материал сотқа берілген. Нәтижесінде жалпы сомасы 64,5 миллион теңгеге айыппұл салынып, бюджетке толығымен өтелген.
Ә.Баймағамбетов сөз соңында аудиторлық іс-шаралар шеңберінде тексеру комиссиясы арқылы анықталатын бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті жақсарту мақсатында кездесулер ұйымдастырылып тұратынын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ