Ауыл шаруашылығы

Ет экспорты ұлғаюда

Елімізде азаматтардың сырттан азық-түлік өнімдерін әкелуіне қатысты түрлі қолдаулар көрсетілетіні белгілі. Бұл импорттау саясатын жүзеге асыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің амалы.

Мысалы, сырттан келетін өнімге квота бөлу – белгілі бір өнімнің немесе қызметтің өндірісін, сатылымын, импортын немесе экспортын шектеу мақсатында белгіленетін лимит. Демек, импорттық квота белгілеу отандық өндірушілерді қорғау мақсатында қолданылады. Бұл шетелдік өнімдердің ел нарығына тым көп енуіне тосқауыл бола алады. Мәселен, 2024 жылдың 1 қазанынан 1 қарашасына дейін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес қайта өңдеушілерге 2025 жылға сиыр етін әкелуге бөлінген 9 240 тонна тарифтік квота көлемін бөлуге қатысу үшін өтінімдер қабылдауды бастады.

Бұдан бөлек жақында Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Францияның Қазақстандағы Елшісі Сильван Гиогемен кездескен болатын. Сол кезде тараптар екі ел арасындағы ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылаған еді. Бұл ретте негізгі бағыттардың бірі – өзара сауда көлемін ұлғайту.

Жалпы осы жылдың 8 айында екі ел арасындағы агроөнеркәсіп кешені өнімінің тауар айналымы 67 миллион долларды құрапты. Оның ішінде елімізден Францияға рапс тұқымдарының экспортын ұлғайту есебінен сауда айналымы 6 есеге жуық өскен.

Аталған кездесу барысында ұсақ мал экспортына қойылатын ветеринариялық талаптарға өзгерістер енгізу мәселелері де талқыға салынды. «Synetics және «Асыл Түлік» акционерлік қоғамы жүзеге асыратын ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру және француз тұқымының көмегімен қазақ тұқымдарын жақсарту жөніндегі бірлескен жоба да әңгіме арқауына айналды. Сонымен қатар «Danonе» компаниясының қуатын кеңейту және «Limagrain» компаниясының тұқым өндірісін Қазақстан аумағында оқшаулау жөніндегі жобаны іске асыру мәселесі де қаралды.

Жыл сайын «Danone» зауытында жалпы көлемі 18 мың тонна жоғары технологиялық ашытылған сүт өнімдерінің 50-ден астам түрі өндіріледі екен. Оның 40 пайызы Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия елдеріне экспортталады. Кәсіпорын йогурт өндіру үшін тек қазақстандық фермерлердің сүтін пайдаланатынын айта кеткен жөн. 2025 жылы 730 миллион теңге сомасында өнім экспорттаудың қосымша жолын табу жоспарлануда. Бүгінде еуропалық нарыққа жылқы етін экспорттау мәселесі де маңызды тақырыптардың біріне айналып отыр.

Еске сала кетейік, қазан айының басында Францияда өткен Малшаруашылығы саммиті аясында «Қайып Ата» және «Pegase BVS» компаниялары арасында жылқы етін жеткізуді ұйымдастыру ісі бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бүгінгі таңда шаруа және фермерлік қожалықтар Францияға жылқы етін экспорттауға қызығушылық танытуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ