Ауыл шаруашылығы

Құланда асыраушы сала серпінді дамуда

Ауылшаруашылығы – кез келген мемлекеттің экономикасын алға сүйрейтін негізгі саланың бірі. Әсіресе Қазақстан секілді табиғи ресурстарға өте бай ел үшін ауылшаруашылығының дамуы елдің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл экономикасын көтеру және тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан агро салаға айрықша қолдаулар көрсетілуде.

Асыраушы саланы кешенді түрде дамыту мақсатында ұзақмерзімді бағдарламалардың қабылдануының түпкі мәні осы. Бұл ретте қабылданған түрлі бағдарламалар арқылы инвестиция тарту, өнімдерді экспорттау, агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мәселен, мемлекет тарапынан фермерлерге егіншаруашылығы, малшаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мақсатында субсидиялар берілуде. Арнайы қабылданған бағдарламалар аясында фермерлерге төмен пайызбен несие үлестіру қарастырылған. Осы арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шаруалардың өнім өндіру әлеуетін арттыруға, өндірістік шығындарды азайтуға жағдай жасалған. Сонымен қатар заманауи технологияларды, озық агрономиялық әдістер мен тыңайтқыштарды қолдануды ынталандыру жолға қойылған. Салаға инновациялар мен заманауи технологияларды енгізу ауылшаруашылығын табысты дамыту үшін қажет. Бұл заманауи техника, жаңа суару жүйелері, өнімнің сапасын арттыратын тыңайтқыштар мен биологиялық әдістерді қолдануды қамтиды. Мысалы, автоматтандырылған суару жүйелері суды үнемдеп қана қоймай, егіннің өнімділігін де арттырады. Осылайша әрбір аймақ өз жерінің әлеуетін тиімді пайдаланып, экологиялық таза, сапалы өнім өндіруге мүмкіндік алуда. Қоймалар мен мал бордақылау алаңдары сынды инфрақұрылымдық жобаларға да мемлекет тарапынан қолдау көрсету ісі үздіксіз жүргізілуде.

Бүгінде елімізде өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемі артқан сайын экспорттық әлеуетіміз де жоғарылауда. Әлемде азық-түлік сұранысының өсуі мемлекет үшін жаңа нарықтарды игеруге жол ашуда. Мысалы, экологиялық таза ет өнімдері, астық, көкөніс пен жеміс-жидектер шетелдік нарықтарда үлкен сұранысқа ие. Бұл өз кезегінде Қазақстанның экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, әлемдік саудадағы орнын нығайтуда.

Сайып келгенде, осы тектес жұмыстардың атқарылуы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына, елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. Мысалы, ауылшаруашылық саласының дамуы өңірдегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына негіз болады. Мемлекеттік қолдау арқылы жас фермерлерге жағдай жасалып, ауылдық аймақтардың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымы дами түседі. Фермерлерге тұрақты қолдау үздіксіз жүргізілсе, бұл ауылдық жерлердегі жастардың сыртқа кетпеуіне кепіл бола алады.

Жалпы ауылшаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау шаралары – саланың тұрақты дамуының басты негізі. Себебі шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мүмкіндігі кеңейеді.

Облыста малшаруашылығы мен егіншілік жайы жақсы жолға қойылған өңірдің бірі – Т.Рысқұлов ауданы. Бұл ауданда атқарылған жұмыс саланың қарқынды дамуына себепші болумен қатар мал бағып, егін егу ауыл тұрғындары үшін негізгі табыс көзі болып отыр. Мәселен, биыл ауданда 39,9 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нәтиже 109,6 пайызды көрсетіпті. Көрсеткіш бойынша меже өткен жылға қарағанда 4,4 миллиард теңгеге артығымен орындалған.

Егіншаруашылығы да ауданда қарқынды дамуда. Даланың құнарлы топырағында жүгері, бидай, арпа секілді дақылдарды өсіру жыл сайын орындалатын басты міндеттің бірі. Ауылшаруашылығы техникасының заман талабына сай жетілдірілуі де егіншілік кәсіпте өнімділікті арттыруға ықпал етуде. Егіс алқаптары нақ осы ауданның экономикалық тірегі. Мұнда ауылшаруашылығы саласында еңбек ететін адамдардың маңдай тері мен жемісті жұмысының нәтижесі жатыр. Егіннің мол түсім беруі ала жаздай иығынан кетпенін түсірмеген диқандардың өлшеусіз еңбегінің арқасы. Шаруалар қазіргі таңда түсімді шашпай-төкпей жинап алу үшін жиын-терін науқанына білек сыбана кірісіпті.

Өткен жылы ауданда 5937,4 тонна тыңайтқыш сатып алынса, биыл 15 509 тонна минералды тыңайтқыш алу жоспарланған екен. 161 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші 9542,7 тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасасқан. Оның 9492,6 тоннасы (жоспардың 61,2 пайызы) алынып, 47 463 гектар егістік алқабы тыңайтылған. Күзгі дала жұмыстары үшін қосымша 5 967 тонна минералды тыңайтқышқа сұраныс беріліп, ол енді алынады екен.

Көктемгі дала жұмыстарына 2 609 тонна дизель отынына өтінім ұсынылып, шаруашылықтарға 2336,2 тонна бөлініп беріліпті. Бір литр дизель отынының құны 245 теңгені құраған. Егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына 101 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші 3346,3 тонна дизель отынына тапсырыс беріп, бүгінгі күнге 57 шаруашылық 2591,4 тонна кепілдендірілген жанар-жағармай алыпты. Таратушы оператор «Wedo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаруа қожалықтарға дизель отынының 1 литрін 245 теңгеден таратып жатқан көрінеді.

Ауданда малшаруашылығы да тұрақты дамуда. Аудан тұрғындары мен шаруалардың дені қой, сиыр, жылқы секілді төрт түлікті төлі есебінен көбейтуге ден қойған.

Қазіргі уақытта Абай ауылдық округінде орналасқан «Қарақат» су арнасын қайта жаңарту нысанының құрылысын жүргізуге рұқсат алынып, жұмыстар атқарылып жатыр екен. Аудандық «Қазсушар» кәсіпорнының өндірістік бөлімшесі тарапынан 111 шаруа қожалық 1 366 гектар алқапты суғаруға келісімшарт жасасыпты. Сонымен қатар аудан бойынша 6 шаруа қожалық 81 гектар алқап түрлерін суармалы егістікке ауыстырып жатқан көрінеді.

Жалпы ауылшаруашылығын дамыту – облыстардың ғана емес, жалпы еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Жергілікті жердің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, жүйелі жұмыс атқару, жаңа технологияларды енгізу, халықтың әл-ауқатын арттыру және экспорттық әлеуетті пайдалану арқылы біз ауылшаруашылығын өркендете аламыз. Бұл бағыттағы жұмыс тек экономикалық табысқа емес, сонымен қатар ауылдық аймақтардың өркендеуіне, еліміздің дамуына үлкен үлес қосады.

Т.Рысқұлов ауданы