Бағаны бәсекелестік орта реттейді
Біз алтыншы-жетінші сынып оқып жүргенде ауылда «коммерсант» деген сөз «модаға» айнала бастаған еді. Алып-сатудың не екенін басынан енді өткеріп жатқан сондай ауылдастардың бірінің үйіне босаған шөлмектің екі шишасын алып барсаң, қолыңа бір сағыз ұстататын. Кейбіреулер мал терісін қабылдап, оны өткізгендерге сіріңке, шамның шынысы секілді майда-шүйде заттарды, егер болса, нақты ақша беріп жататын.
Бұл ауылда дүкен атаулының аузына құлып салынып, жұрт ас-суын алыпсатарлардан ала бастаған кез. Алғашында орталықта орналасқан бұрынғы үш дүкеннің алдында үш-төрт кемпір шағын үстелге тауарын жазып қойып, өткен-кеткенге саудалаумен айналысса, одан кейін істің көзін тапқандар тауарды үйінен сата бастады. Сондай кезде кейбір тауар иесі бір заттың бағасын сұрай қалсаң, бетіңе қарап тұрып, ойына келген бағаны айта салатын. Кейіннен үйінен дүкен ашқандардың қатары көбейіп, бір көшенің бойында кемі екі-үш коммерсант пайда болуының арқасында бірі тауарын сатып алушыға қарызға, бірі арзандатып бере бастады. Сөзді әріден бастауымның себебі – сол кездердегі коммерсанттардың баға қою ерекшеліктерін ауылдағы бәсекелестік орта реттегенін жеткізу. Бұл өзім туып-өскен ауылдағы бір кездегі аумалы-төкпелі кезеңдегі сауда саласындағы бәсекелестік ортаның қалыптасуына қатысты айтылған мысал. Әйтпесе бәсеке тек саудада ғана емес, барлық салада маңызды рөл атқарады. Мұны өсе келе түсіндік. Мысалы, өнерде де, спортта да, ғылымда да, технологияда да бәсеке бар. Мәселен, әртістер мен жазушылар өз шығармалары арқылы бәсекеге түсіп, көрермендер мен оқырмандардың ықыласына бөленуге ұмтылады. Ал біздің сөз етіп отырғанымыз – экономика саласындағы бәсекелестік. Осыны кең ауқымда алып қарасақ, өңірдегі экономика саласына қатысты бәсекелестік орта Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті арқылы реттеледі.
Жалпы монополияға қарсы органдардың негізгі міндеттері – адал бәсекелестікті дамыту бағытында қызмет ету, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру. Осы орайда бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиядан арылту ісімен айналысатын аталған органның облыстағы департаментінің басшысы Жандос Әзімовпен тілдесіп, аймақтағы бәсекелестіктің қазіргі жай-күйін білуге тырысқан едік.
Жалпы қоғам болғаннан кейін құқықбұзушылық болмай тұрмайды. Аталған департамент басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзатын негізгі факторлар баршылық. Соның бірі – жосықсыз бәсекелестік, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану, сондай-ақ нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту әділ экономикалық орта қалыптастырудың қамы екені белгілі. Бұл тұрғыда біз сөз еткен департамент нарықтағы әділетсіз әрекеттерге қарсы күресіп, адал бәсекелестікті дамытуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асыруда. Департамент басшысы Жандос Әзімов атап өткендей, бұл шаралар қоғамда және бизнесте ашықтықты қамтамасыз етіп, нарықтағы шоғырлануды болдырмауға көмектеседі. Әділ бәсекелестік болашақта аймақ экономикасының тұрақты дамуына ықпал етіп, қоғамның және кәсіпкерлердің сенімін нығайтатыны анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ