Бидай нарығының бәсі биік
Еліміздің аты әлемдік бидай нарығында өзгелерге жақсы таныс. Бірақ бидай өндіру арқылы дүниежүзіне кеңінен танылған елдер қатарына Ресей, Қытай, Үндістан, АҚШ, Франция, Канада, Аустралия және Аргентина жататыны белгілі. Өйткені аталған елдердің өндірген бидайының көлемі мен сапасы әлемдік нарықта үлкен үлеске ие болғандықтан халықаралық саудада маңызды рөл атқарып отыр.
Біздің мемлекетіміз бидай өндіру және оны экспорттау бойынша әлемде алдыңғы ондыққа кіргенімен Ресей, Канада, АҚШ, Франция, Аустралия сияқты ірі өндіруші әрі экспорттаушы елдерден кейінгі орындарда тұр. Алайда сауда нарығы бәсеке, күреспен қатар мүмкіндік алаңы екенін де ұмытпауымыз керек. Мысалы, әлемнің ірі астық өндірушілері қатарында Қазақстан Ресей мен АҚШ сияқты алпауыттардан кейінгі орында тұрса да күтпеген жағдайлар кейде еліміздің бағы жанғандай мүмкіндіктер беруі ықтимал. Тарқата айтқанда, әлемдегі тұрақсыздық, ауа райы құбылыстары, экономикалық және саяси өзгерістер аясында нарықтың бағытын Қазақстан өз пайдасына шешіп кете алады. Қас пен көздің арасында климат өзгеріп, астық өндіруші алпауыттар құрғақшылықтан немесе басқа апаттардан зардап шеккенде Қазақстанның құнарлы даласы сол жылы ерекше өнім беріп, нарықтағы орнын кеңейтуге мүмкіндік алуы мүмкін. Сол кезде дүниенің түкпір-түкпірінен қазақтың бидайына сұраныс артып, көкжиекке жол ашылуы ғажап емес. Бұл әлемдегі бидай нарығы тұрақты түрде өзгеріске ұшырап отыратынын көрсетеді. Мысалы, соңғы жылдары Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен жағдай сауда ағымына әсер етіп, бұл кей елдер үшін бидай жеткізу ісін қиындата түскен еді. Салдарынан жаһандық бидайға сұраныс өсті. Осындай ұрымтал сәтте Қазақстан неге өзінің астықты ел екенін танытпасқа? Негізінде мұндай өзгерістер еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік беретінін ескеріп, дер кезінде қимылдау басты мақсат болуы тиіс. Қазір Үкімет осы мәселеге ден қойып отыр. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 2024 жылғы әлемдік бидай нарығында бірқатар өзгеріс күтілген. Себебі сарапшылар Еуропа, Оңтүстік Африка және Украинада ауа райының қолайсыздығы себебінен бидай өндірісі төмендейді деп болжапты. Сонымен қатар Ресейдің бидай бойынша экспорттық әлеуеті 2024-2025 жылдары 53 миллион тонна көлемінде болмақ. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 10,1 пайызға аз көрінеді.
Жалпы Қазақстанның солтүстік аймақтарының ауқымды жер көлемі, климаттық жағдайы бидай өндірісін дамытуға қолайлы екені белгілі. Бірақ еліміздің экспорттық әлеуетін толықтай пайдалану үшін бидай сапасын жақсарту, жаңа нарықтарға шығу, логистика мен тасымал жүйесін жетілдіру маңызды мәселе. Әсіресе көлік инфрақұрылымын дамыту экспорттық шығындарды төмендетуге және шетелдік нарықтарды игеруге жол ашады. Қазіргі уақытта Қазақстан өз бидайын негізінен Орталық Азия елдеріне, Иранға, Қытайға және кейбір еуропалық мемлекеттерге экспорттауда. Бұл ретте жаңа нарықтар іздестіру және бидай сапасын жақсарту әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігімізді арттыра түспек.
Қайрат Қалмұхамедұлының айтуынша, бүгінде азық-түлік корпорациясымен бірлесе экспорттық логистика мен бағалар көрсетілген елдік ұсыныстар (офферлер) әзірленіпті. Бұл ұсыныстар Қазақстанның 14 тұрақты өкілдігіне жіберіліп, белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Арменияға 600 мың тонна, Италияға 1 миллион тонна бидай жөнелту туралы келіссөздер жасалып жатқан сыңайлы. Сонымен қатар Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна экспорт бойынша келісімдер жүргізу қолға алынған екен.
Жалпы Қазақстанда бидай өсіру үшін климат пен топырақ жағдайлары қолайлы өңірлерді атайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан облысы ертеден-ақ бидайдың астанасы деп танылған. Сол секілді Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының бидайы жоғары сапаға ие және экспортқа шығарылады. Ал Әулиеата өңірінің климаты мен топырағы бидай өндіруге айтарлықтай қолайлы емес. Мұнда күннің ұзақ әрі ыстық болуы, топырақтың сілтілілігі бидай дәнінің сапасын төмендетеді. Соның әсерінен біздің облыста өсірілген бидай ұн өндірісінде қолдануға жарамсыз. Біздің бидай көбінесе мал азығы ретінде пайдаланылады.
Жалпы биыл 378,6 мың гектар жаздық дақыл жиналып, 1 миллион тонна өнім алыныпты. Оның ішінде 352,9 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылса, 586,4 мың тонна дән бастырылған. Оның ішінде 165,1 гектардан 284,9 мың тонна бидай орылған.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ