Жуалыда жүйелі жұмыс көп
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза баспасөз конференциясын өткізді.
Жуалы ауданы – облысымызың экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып отырған аймақтардың бірі. Ауданның экономикасы мен әлеуметтік құрылымы әртүрлі салалардан тұрады және оның дамуы облыс деңгейіндегі көрсеткіштерге айтарлықтай ықпал етеді.
Жалғас Әлижанұлының айтуынша, 2024 жылдың 9 айында ауданның жалпы өңірлік өнімі 58 миллиард 101 миллион 6 мың теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері аудандағы өнеркәсіп кәсіпорындарында 13 178,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Ауылшаруашылығында нақты көлем индексі 97,6 пайызды немесе 32 343,7 миллион теңгені құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 417,5 миллион теңгеге, сауда айналымы 7 273,7 миллион теңгеге жеткен. Сол секілді құрылыс көлемі 5 305,3 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 176,7 пайызды көрсеткен. Тұрғын үй көлемі 12 292 шаршы метрді құрап, 102,1 пайызға орындалған.
Есепті кезеңде 46 елді мекен ауызсумен, 45 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Сондай-ақ биыл елді мекендердегі 6 көше жарықтандырылыпты. Нәтижесінде ауылішілік көшелердің жарықтандырылу деңгейі 84 пайызды құраған.
2024 жылғы көктемгі және күзгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары барысында 13 рет сенбілік ұйымдастырылып, «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша 21 841 тал-дарақ отырғызылып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 160-қа жуық көше тазаланыпты.
Аудан әкімі брифинг барысында жергілікті автомобиль жолдарының жай-күйіне де тоқталды. Айтуынша, аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 563,5 шақырымды құрайды. 2024 жылға жалпы 1,2 миллиард теңге қаралып, 44,66 шақырым автомобиль жолдарын (41 жоба) орта жөндеу жұмыстары жоспарланыпты. Бүгінгі күнге 39 жоба бойынша тиісті жұмыстар аяқталған. Жалғас Әлижанұлы жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті аудандық мәндегі автожолдардың үлесін 99 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 91 пайызға жеткізу межеленіп отырғанын айтты.
Бүгінгі күні Жуалы ауданында тұрғын үй кезегінде 909 азамат тіркелген. Б.Момышұлы ауылында екі көппәтерлі тұрғын үйге құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған 36 азаматқа таратылыпты. Биыл «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 909,6 миллион теңге бюджеттен қаржы бөлініп, сатып алуға болатын 5 қабатты 60 пәтерлі ірі панельді 1 тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Бүгінгі күнге құрылыс жүргізілетін орын белгіленіп, «Бином» ЖШС ағымдағы жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап, жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.
Баяндамашы өз кезегінде кәсіпкерлік саласы, оның ішінде келесі жылға өтпелі болып тұрған жобалар бойынша да ақпарат берді. Сонымен бірге табиғаты көркем Жуалы ауданының туризм саласындағы жетістіктеріне тоқталды.
Жуалы ауданында 6 негізгі туристік нысан, 4 демалыс орны, 3 қонақүй орналасқан. Барлық қонақүйлер «e-Qonaq» ақпараттық жүйесіне енгізілген.
Брифинг барысында 2024 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстармен қатар алдағы жоспарлар да жан-жақты талқыланды.
Айжан ӨЗБЕКОВА