Азаттықтың алғашқы қадамы
Кез келген мемлекеттің пайда болуы егемендік туралы декларация қабылдаудан басталады. Ол – егемен ел болудың мақсаты мен мәнін көрсететін маңызды құжат.
Бұл құжатта еліміз «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқа саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Мемлекеттік егемендікті жариялау – еліміз үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүмкіндігін ашқан тұңғыш акт. Онда республика демократиялық, тәуелсіз, бейбітшілік сүйгіш, құқықтық мемлекет құруға ұмтылысын басшылыққа алатыны анық жазылды.
Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы нақты көрініс тапқан. Халқымыздың азаттыққа жеткенін әйгілейтін Республика күнін ырысты ынтымақпен, өзара тілеулестікпен қарсы алып отырмыз. Біз ендігі жерде бабалар аманатына адал болып, егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Республика халқы тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсап, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз. Ол үшін ауданымыздың әрбір тұрғыны ел Президенті айтқан Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосқаны абзал.
Республика күні – халқымыз үшін маңызы орасан зор мереке. Ол азаттыққа барар жолды ашып беріп, ел тәуелсіздігінің іргетасын қалады. Егемендік туралы декларация бізге жер тұтастығын сақтау, өзіндік экономикалық саясатымызды жүргізу, қарулы күштерімізді құру, мемлекеттік басқару органдарын жасақтау секілді маңызды істерге жол бастады. Ұлттың тынысын ашты. Осылайша біз мемлекеттілігімізді бекемдедік, тәуелсіз елдің шаңырағын көтердік, шекарамызды шегендедік. Басқа елдермен қарым-қатынасымызды жақсарттық. Халықаралық деңгейде БҰҰ-дан бастап үлкен ұйымдардың толыққанды мүшесі атандық. Көп өтпей ұлт тарихын қайта қалпына келтіру, өткенімізді түгендеу үшін байыпты бағдарламалар қабылдадық.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы алғашқы Ұлттық құрылтайда «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», деді. Бұл тұрғыда Республика күні мерекесінің сипаты елдегі демократиялық үдерісті дамытуға бағытталғаны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдарымен үндеседі. Осы орайда «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнықса игі. Ұлттық мереке әлеуетінің бір қыры осында. Бәрінен бұрын Республика күні – ел азаматтары үшін айрықша тағылымды мереке екенін шындап сезінуіміз керек.
25 қазан – тәуелсіздік жолында алғашқы әрі маңызды қадам жасалған күн. Осы сәттен бастап еліміз өзінің ұлттық мүдделерін терең танып, түсініп, озық үлгілі өркениет көшіне батыл бет бұра бастады.
Қазір біз – арманы асқақ, мақсаты анық елміз. Олай болса, бір атаның баласындай, бір еменнің бұтағындай бірлігіміз жарасып, тәуелсіз елімізді одан әрі дамыту жолында жан аямай еңбек ету, лайықты үлес қосу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Ынтымақ пен жарастықтың үлгісін ең алдымен билікте жүрген азаматтар, зиялы қауым өкілдері көрсеткені абзал. Елдік – бүгінгі таңдағы баршамызға ортақ, бірден-бір жетістігіміз. Елдікті сақтай білу – ең асыл мұратымыз. Бұл – мемлекет пен қоғамға деген жанашырлық пен жауапкершілік, ізденімпаздық пен талапшылдық, үлкен әлеуметтік белсенділік арқылы ғана атқарылар мерейлі міндет.
Сол міндеттің үдесінен шығу үшін әсіресе жастар арасында тарихи-танымдық, әскери-патриоттық іс-шараларды көбейту қажет. Өскелең ұрпақ туған жерінің, төл мемлекетінің қадір-қасиетін бойына тереңірек сіңіріп, елдіктің мағынасын асқақтатуы керек. Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, әсіресе жастарымыз тәуелсіздікке жетер жолдағы аға ұрпақтың еңбегін, егемендігіміздің мән-маңызын білгені жөн. Республика күнінен басталған жетістіктерімізді әрбіріміз кеудеге түйіп жүргеніміз дұрыс. Сонда біздің ұлттық болмысымыз шын мәнінде жаңғырмақ.
Егемендіктің көсегесін көгертер көріністер – іштегі ынтымақ, саяси тұрақтылық, тыныштық пен өзара келісім. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген даналық бар. Егемендікпен бірге ұлт рухының көтерілгені ақиқат. Тәуелсіздік жолында халқымыз өзі таңдаған дара жолмен абыроймен жүріп өтті. Мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттардың бірі аймақтарды жан-жақты дамыту болса, «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» ұранымен алға жылжуға тиіспіз. Бұл Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат болып қала береді. Осы тұрғыда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналса деген тілегім бар.
Теміржан Ізтілеуов,
Жамбыл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.