Жаңалықтар

Банкоматтан өзгенің ақшасын ұрлаған астаналық азамат ұсталды

Астаналық полицейлер өзгенің шотынан ақша ұрлады деген күдікпен 34 жастағы қала тұрғынын анықтады, деп хабарлайды arainfo.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Астана тұрғыны полицияға жүгінген. Оның айтуынша белгісіз біреу оның 1 миллион теңгесін иемденген. Банкоматтағы ақау салдарынан жігіт салған ақша қабылданбай, бетінде қалып қойған. Өтіп бара жатқан азамат бұл ақшаны тауып алғанын хабарлаудың орнына, оны иемденіп, сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Есіл ауданды криминалдық полиция қызметкерлері жәбірленушінің банкомат арқылы өз шотына ақша салмақ болғанын анықтады. Қала тұрғыны қолма-қол ақшаны ақша қабылдағышқа салған, операция аяқталды деп ойлап, кетіп қалған.

Алайда техникалық себептерге байланысты ақша есепке алынбай, банкомат оны қайта шығарған. Жәбірленуші мұны байқамаған, ал жанында тұрған ер адам осы жағдайды пайдаланып, ақшаны алып, қашып кеткен.

“Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушылық жасады деген күдікпен 34 жастағы ер адамды анықтады. Ақшаны ол жеке қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді.