Қазақстан мен Франция Іле-Балқаш бассейнін зерттейді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады,деп хабаралайды arainfo.kz
Атап айтқанда, министрлік Францияның даму агенттігімен (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен (BRGM) ынтымақтастық туралы меморандумға және үшжақты келісімге қол қоюға дайындалып жатыр. Ведомство аталған ұйымдармен бірлесіп Іле-Балқаш бассейніне кешенді зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ жерасты суларын зерттеу, мониторингі, барлау және игеру бағытында да ынтымақтастық жолға қойылады.
Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық су бюросымен (OiEau) ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруда.
Сильван Гиоге өз кезегінде француз компаниялары Қазақстанда су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша жобаларға қатысуға ниетті екендерін айтты. Сондай-ақ, су шығынын анықтайтын және суды басқаруды оңтайландыратын компаниялар да серіктестік орнатуға қызығушылық танытуда.