От жауынгерлерінің жұмысы оңай емес
Қазіргі бейбітшілік заманда төтеннен келген апаттарға төтеп беріп, халықтың амандығы үшін бастарын бәйгеге тігіп жүрген өртсөндіруші-құтқарушыларды бүгінгі күннің батырлары десек, артық айтқанымыз емес. Күндізтүні қауіптің алдын алып, апатпен арпалысып жүрген өртсөндірушіқұтқарушылардың жұмысы жеңіл емес. Бұған газетіміздің «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында аталған саланың тыныс-тіршілігімен таныса барғанда көз жеткіздік.
Алдын ала келіскеніміздей, таңғы сағат 09:00-де Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне аяқ бастық. Қызметкерлер құшақ жая қарсы алып, амандық саулық сұрасып, танысып-біліскеннен кейін өртсөндіруші құтқарушылардың қатарына қосылдық. Сағат тілі 09:10-ды көрсеткенде қызметкерлер екі қатарға сапқа тұрып, таңғы таралым ережесі бойынша тексерістен өттік. Бір ауысымда 10 қызметкер қарауылдыққа түседі. Бөлім бастығы Елжан Ережепов қызметтік құжаттарымызды тексеріп, тәуліктік кезекшілікке түсу үшін ешқандай келеңсіздіктің жоқ екендігіне көз жеткізді. Таңғы таралымның алғашқы жиынында алдыңғы ауысымдағы кезекшілерден техника мен құрал жабдықтарды қабылдап алдық. Бұл қабылдау рәсімі 15 минут ішінде орындалып, екінші жиында техника мен құрал-жабдықтарда ақаулардың бар-жоғы туралы баяндама жасалды.
Таңғы таралымнан кейін арнайы сынып бөлмесінде техникалардың жай-күйі мен өрт оқиғасы кезіндегі іс-қимыл тақырыбына арналған сабақ өтті. Елжан Ережеповтің айтуынша, өртсөндіруші-құтқарушылар жауынгерлік киімді киіп, көлікті даярлап, 1 минут уақыт ішінде қақпадан шығып кетуі тиіс. Ал салмағы 10 килограмнан асатын жауынгерлік киімді киюге 15 секунд қана уақыт беріледі. Өрт аумағының көлеміне қарай техника саны есептеледі. Егер шағын аумақты өрт шалса, 1 өрт сөндіру көлігі жетеді. Өрт сөндіру көлігінің цистернасында 5 тонна су мен 300 литр көбік болады екен. Өрт сөндіру жең құбырына жалғанған оқпан 1 секундта 3-7 литр су шашады. Әрбір жең 20 метрге дейін жетеді.
Сабақ уақыты аяқталғаннан кейін денешынықтыру дайындығынан өтіп, спортқа қабілеттілігімізді бір пысықтап алдық.
Сағат тілі 13:30-ды көрсеткен кезде түскі асқа беттедік. Бір қызығы, қызметкерлер өз қалталарынан ақша шығарып, керекті азық-түліктерді сатып алады екен. Яғни мемлекет тарапынан түскі ас пен кешкі асқа арнайы қаржы бөлінбейді. Күндіз-түні ел деп қызмет етіп жүрген құтқарушыларға жан жақты қолдау көрсетіп, барлық жағдайын жасаса артық етпес еді.
Түскі ас ішіп, біршама уақыт бой сергітіп алғаннан кейін қызметкерлермен бірге бөлім аумағындағы шаруашылық жұмыстарды атқаруға кірісіп кеттік. Әр ауысым өздеріне бекітілген шаруашылық жұмыстарды атқарады. Біздің ауысым техникалардың, құрал-саймандардың іске жарамдылығын тексеріп, тазалау жұмыстарын жүргізді.
Абырой болғанда, бұл күні ешқандай өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Дегенмен кешкі сағат 21:13-те «101» бірыңғай диспетчерлік қызметіне Ш. есімді азаматша қоңырау шалып, Тараз қаласы, Төле би көшесіндегі бес қабатты үйде жасөспірім қыздың суицид жасағалы жатқанын хабарлаған. Диспетчер өртсөндіруші-құтқарушыларға оқиға орнына жедел жету туралы хабарлама жасап, дабыл көтерді. Өртсөндіруші-құтқарушылармен бірге 1 минут ішінде бөлім аумағынан шығып кеттік. Оқиға орнына жеткенде мән-жайды бақылауға алып, қызды құтқарып қалудың қамына кірістік.
Анықтағанымыздай, 2003 жылы туған қыз бала үйінің есігін құлыптап, терезеден секірмекші болған. Біздің бөлімнің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Ернар Сихымбаев бесінші қабатта орналасқан көрші пәтердің қылтимасы (балкон) арқылы пәтердің ішіне еніп, өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды.
Осындай ерліктерімен көп адамның өмірін от пен судан арашалап жүрген мамандардың мәртебесі қашанда биік. Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері күн сайын бірнеше құтқару жұмысына қатысады. Жыл басынан бері орын алған 71 өрт оқиғасы мен 77 авариялық-құтқару жұмыстарында ерен еңбектерімен көзге түсіп, 64 адамды қауіпсіз жерге шығарған. Сондай-ақ аталған сала мамандары 449 жану оқиғасында біліктіліктерімен көзге түскен.
Осылайша бір күн бойы өртсөндіруші-құтқарушылардың қасында болып, жауапкершілігі мол жұмыстарының қыр сырымен танысып қайттық. Өртсөндіруші-құтқарушылар кез келген қауіптің алдын алу, төтенше жағдайға тоқтау салу, адамдарды апат алаңынан құтқару жолында аянбай еңбек ететінін көзбен көріп қайттық. Бұл күні ешқандай өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Дегенмен тілсіз жаумен күресуге деген дайындықтарының жоғары деңгейде екенін халыққа жеткізгіміз келді. Сонымен қатар қаршадай қызды өзіне қол жұмсаудан құтқарып қалған қызметкерлердің жүрек жұтқан жұмысының куәсі болдық.
Жалпы өрт сөндіру қызметінің қауіптілігі жоғары, қиыншылығының қырық атанға жүк екендігін көпшілігіміз біле бермейміз. Әсіресе кейбір керітартпа адамдардың жалған ақпаратының арқасында өртсөндірушілерді сынап мінеп жататындар да кездеседі. «Өрт сөндіру көлігінің цестарнасында су болмаған», «оқиға орнына кеш келді» деп тырнақ астынан кір іздейтіндер көп. Сондай адамдар «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген қазақ даналығын ескермей қалуда. Себебі өрт сөндіру көлігі еш уақытта өрт аумағына сусыз келмейді. Жең құбырындағы оқпаннан шығатын судың екпіні өте жоғары болып келеді. Жоғарыда айтқандай, 1 секундта 3-7 литр су шашады. Сонымен қатар кейбір адамдар оқиға орнына кеш келетінін айтады. Бұл сұраққа да жоғарыда жауап беріп өттік. Көлік кептелісі, жол үстінде жылдамдықты асырмау, өрт аумағындағы көліктердің дұрыс қойылмауы аталған мәселеге себепші болады.
Екі бетін от шалып, екі қолын күйік алып жүрген қызыл жалынның қаһармандарын құрметтеуге тиіспіз. Өзгенің өмірін сақтап қалу жолында өз өмірін өлімге тігіп жүрген өртсөндіруші-құтқарушылардың қадір-қасиетін қанша айтсаң да тауыса алмайсың. Осы тұрғыда азаматтық қорғау саласының мамандарына алғысымыз шексіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ