Жастар

Мектеп оқушылары құтқарушыларды құттықтады

Құтқарушылардың кәсіби мерекесі әлі де жалғасуда. Күні кеше Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөліміне Жамбыл ауданындағы Баймырза Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары кұтқарушыларды құттықтап келді. Арнайы ұйымдастырылған «Ашық есік» күнінің мақсаты – өртсөндіруші мамандығын кеңінен насихаттау.

Қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру, өртке қарсы кызметтің тарихымен танысу оқушыларға тамаша көңіл күй сыйлады.

Өртсөндірушілер балаларға өрт сөндіру автокөліктері мен арнайы техникаларды көрсетіп, жұмысымен таныстырды. Тіпті оқушыларға өрт сөндіру көлігінің кабинасында отыруға және бір минутқа өздерін адамдарға көмектесуге асыққан жүргізуші ретінде сезінуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ өртсөндірушілер өртті болдырмау және алдын алу үшін не істеу керектігін үйретіп, мол тәжірибелерін ортаға салды. Азаматтық қорғау майоры Талғат Сағындықұлы оқушыларға өртсөндірушілердің күнделікті күн тәртібімен таныстырды. Оқушылар да өз кезектерінде от жауынгерлеріне көкейлеріндегі сауалдарын койып, тиісті деңгейде жауап алды. Сонымен қатар оқушылар өртсөндірушілердің жауынгерлік киімдерін киіп, естелік үшін суретке түсті.

Экскурсия оқушыларға құтқарушы мамандығы туралы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік беріп қана қоймай, күнделікті өмірде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын еске салды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА