Руханият

Болашағымыз жарқын болуы үшін қоғамдық сана жаңғыруы керек

Республика күні – тәуелсіздіктің қасиетті рухын асқақтататын ұлттық мереке. Бұл қазақ халқының тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. Сол себепті еліміздің азаттығын айқындап, егемендігіміздің бастауы болған Республика күні әр азамат үшін бағалы.

Жалпы Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі тәуелсіздік жылдарында қалай дамығаны, жаңа заңнамалық реформалардың жүзеге асырылуы, өркениетті елдермен арадағы алғашқы қарым-қатынасы бүгінгі жетістігіміздің бастауы екені баршаға аян. Дегенмен егемендіктің елең-алаң шағында халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекетті экономикалық тұрғыда дамыту оңайға соққан жоқ. Талай тарихи белестерді артқа тастағанымызбен алдымызда айтулы асулар тұр. Ал негізгі мақсат мұратымызға қол жеткізуіміз үшін не істемек керек?

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының жетекшісі Бақыт Әлмұратов қазақ елінің болашағы жарқын болуы үшін қоғамдық сана жаңаруы керек деп санайды. Әлеуметтанушы бізбен әңгімесінде 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде әлемге таныла бастағанын, қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналатынын сөз етті.

Тәуелсіздіктің құндылығы, бұл тұрғыда жастардың оңды көзқарасы аса маңызды. Осы орайда №6 Жамбыл аудандық өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Нұрдәулет Елеубаевты да сөзге тартқан едік.

Жалпы тәуелсіздік жолындағы күресте ата-бабаларымыз біреуге бодан болмаудың қамымен күнін ат үстінде өткізді. Сондықтан да ұрпағына еркіндік пен бостандықтың құндылығын аманат етті. Демек, бұл мерекені тәуелсіздіктің бастауы деп білеміз. Сондықтан да мереке аясында халықтың бірлігін, ынтымағын, ұлттық рухын жаңғырту басты мақсат болмақ. Аталған мерекені тек тарихи дата емес, бүгінгі және болашақ ұрпаққа ұран болатын, елдің патриоттық сезімін оятатын күн ретінде бағалауға тиіспіз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ