Денсаулық

Инсульттан ешкім сақтандырылмаған

Инсульт немесе жедел инсульт – кез келген адамда болуы мүмкін. Өкінішке қарай, дәрігерлердің мәліметінше, күніне жүзден астам инсульт жағдайы тіркеледі екен. Олардың көпшілігі адамдардың өмірін жалмап жатыр.

Ал тірі қалғандардың тек 8 пайызы ғана салыстырмалы түрде толық қалпына келеді. Науқастардың үштен бірі инсульттан кейін күйзеліске ұшырайды.

Инсультті ишемиялық және геморрагиялық инсульт деп бөледі. Ишемиялық инсульттің негізінде жеткізу тамырларының бірі арқылы миға қан ағымының күрт тоқтауы жатыр. Мұның себебі қан ағынының саңылауын бітеп тастайтын тромб болуы мүмкін. Ал геморрагиялық инсульт бас миы тамырының жарылуы салдарынан пайда болады. Бассүйек кеңістігіне қан ағып, тіндерге таралады және миды қысады.

Ешкім де инсульттан сақтандырылмаған. Бұл аурудың көпшілігі 55 жастан асқан адамдарда кездеседі. Бірақ ұрықтың жатырішілік дамуының жиырмасыншы аптасынан бастап сәбилерде перинаталды инсульт жағдайлары да кездеседі. Ауру күтпеген жерден басталады және оны болдырмау мүмкін емес деген пікір кең таралған. Бірақ іс жүзінде олай емес. 80 пайыз жағдайда инсультті болдырмауға болады. Инсульттің алдын алу адамның салауатты өмір сүруге ұмтылысының маңызды бөлігі.

Әдетте инсультт ің алғашқы белгілерін науқастың айналасындағы адамдар байқайды. Алғашқы минуттарда қауіпті жағдайға күдіктеніп, дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмекті бастау керек. Ауру басталғаннан кейін алғашқы төрт жарым сағатта адамды мүгедектіктен құтқаруға болады. Геморрагиялық инсульттің алғашқы белгілеріне мыналар жатады.

Адамның өте қатты бас ауруы және құсуы мүмкін. Кейде сананың жоғалуы, тырыспалар, көз қарашығының бір жағынан кеңеюі, сөйлеудің бұзылуы, аяқ-қолдардың салдануы, есте сақтау қабілетінің жоғалуы, кеңістік пен уақытқа қатысты адамның санасын, ойын жоғалтуы ықтимал.

Ишемиялық инсульттің алғашқы белгілері алғашында тым елеусіз болады, бірақ өте қауіпті. Мысалы, бұлшықеттің тырысуы, аяқты бүгуге немесе иекті кеудеге тіреуге мүмкіндік бермейді. Ыстықтау сезімі, шамадан тыс терлеу, жүрек соғуының күшеюі, әлсіздік басады. Мамандар адамда инсульт бар жоғын анықтау үшін мынандай жеңілдетілген тест жүргізуге кеңес береді:

- Адамнан жымиюды сұраңыз. Оның жымиюы асимметриялық сипатта болады;

- Адамнан өзінің аты-жөнін айтуды сұраңыз. Науқастың тілі күрмеліп, сөзі түсініксіз болады;

- Адамнан қолдарын жоғары көтеруді сұраңыз. Бір қолы ішінара не толық көтерілмейді.

Айта кету керек, жедел жәрдем келген кезде жоғарыда аталған симптомдардың бір бөлігі немесе барлығы уақытша жоғалып кетуі, ал адам өзін толық сау сезінуі мүмкін. Бірақ ауруханаға жатқызудан бас тарту көп ұзамай ретке келтірмейтіндей ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Өйткені ол проблемалар келесі күні қайта басталуы ықтимал. Яғни науқас жартылай сал, тұрақты соқырлық немесе сөйлеу қабілеті бұзылған күйде оянады. Мұның барлығы адамның уақыт жоғалтуының салдары болады. Сондықтан инсульттің пайда болуына қатысты кез келген күдік болса, міндетті түрде адамды ауруханаға жатқызу қажет.

Науқастар мен олардың отбасылары кез келген инсульттан айығу ауруханадан шығумен аяқталмайтын ұзақмерзімді қолайсыздық пен қиын жағдай екенін білгені шарт. Науқастың күнделікті өміріне міндетті процедураларды енгізу оның жоғалған функцияларын тезірек қалпына келтіріп қоймай, сонымен қатар қайталанатын инсульттің алдын алуға көмектесетінін ұмытпау керек.

Спорт пен дұрыс тамақтану – кез келген ауруға қарсы қару. Көп адамдар денсаулығы сыр берсе де тексерілуге асықпайды. Инсульттен, жалпы науқастың салдарынан мүгедектікке шыққанның ахуалы өте мүшкіл. Егер ем қонбай, еш қарекетсіз қалса 1-топқа, тілге келіп, өз тамағын өзі жей алатын болса, онда 2-топқа, өзі жүріп-тұрып, өз жағдайын өзі жасайтындай жағдайға жетсе 3-топқа жатқызылады. 1-топтағыларға міндетті түрде аузына су тамызатын күтуші қажет. Алайда инсульт алған кісілердің емделгеннен кейін үйінде артық қимылдаудан қорқып, тек күтушінің көмегімен ғана отырып- тұратыны құптарлық жағдай емес. Бұл дерт сау адамдардан екі есе артық қимылды талап етеді. Бұлай болмағанда науқас оңалғанның орнына, екінші рет инсульт алуы әбден мүмкін. Алкоголь, темекі, құрамында кофеин бар энергетикалық сусындарды шамадан тыс ішу де осыған итермелейтінін, асылында, денсаулық аманат екені әуелден белгілі десек, ал аманатқа қиянат жасамау әркімнің өз еркінде.

Закир АЗИЗОВ,

Тараз қалалық

көпбейінді аурухананың

невропатолог дәрігері