Денсаулық

Адам жанының арашашысы

Тамыз айында Тараз қаласында ерекше әрі сирек кездесетін ми қантамырлары патологиясына күрделі ота жасалды. Сәтті аяқталған отаның арқасында науқас сирек кездесетін аурудан толық емделіп, аяққа тұрды. Операцияны жас болғанына қарамастан кәсібилігімен танылған нейрохирург Еркебұлан Меркібеков жасады.

Еркебұлан Талғатұлы қазіргі таңда қалалық көпбейінді аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде еңбек етеді.

Нейрохирургия ми мен жұлын, омыртқа ауруларын емдейтін медицинаның негізгі бағыты саналады. Нейрохирургия дамыған сайын бұрын күрделі саналған операциялар қолжетімді болып, емі жоқ аурулардың дәруі табылып жатыр.

Жалпы нейрохирург мамандарға артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Себебі орталық және шеткі жүйке жүйесіне қатысты кез келген операция өте күрделі. Нейрохирург Еркебұлан Талғатұлы да артылған жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрген еліміздегі, өңіріміздегі білікті мамандардың бірі. Сегіз жылдық тәжірибесі бар дәрігер күніне кем дегенде үш операция жасайды. Еңбек жолында 2000-нан астам күрделі ота жасап, көптеген науқастың өмірін сақтап қалған. Еркебұланның ерекше ептілігі мен жауапкершілігі науқастары мен әріптестері тарапынан жоғары бағалануда.

Еркебұлан Талғатұлы – шын мәнінде төзімділік пен сабырдың үлгісі. Дәрігер біздің әр сұрағымызға байыппен әрі нақты жауап беріп отырды. Сұхбат барысында Еркебұлан инсульттің бүгінде күрделі медициналық мәселеге айналғанын жеткізді.

Сөз басында Еркебұлан Меркібековтің басшылығымен тарихта болмаған үлкен операция жасалғанын айттық. Ота барысында Еркебұлан операторы болса, ассистент ретінде Болат Кеңшілік, анестезиолог Батырбек Медетов және резидент Нұрлан Қахар қатысты. Олар ми менингиомасына ота жасады.

Ми менингиомасы – ми қабықтарының тіндерінен пайда болатын қатерсіз ісік. Оның өсуі ми құрылымдары мен жүйке талшықтарына қысым жасап, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Еркебұлан Талғатұлының айтуынша, менингиоманың нақты себептері толық зерттелмеген, бірақ белгілері біртіндеп пайда болып, науқасты мазалауы мүмкін.

53 жастағы әйелге жасалған операция – осындай күрделі жағдайлардың бірі. Оның миындағы негізгі сүйек қанаты аймағындағы үлкен ісік алынып, науқастың өміріне қауіп төндіретін жағдай жойылды. Пациент ауруханаға бас ауруы, құрысу ұстамалары, есте сақтау қабілетінің төмендеуі және жалпы әлсіздік белгілерімен түскен.

Операцияның күрделілігі ісіктің үлкен мөлшерінде ғана емес, оның анатомиялық орналасуында және қантамырларының мол болуымен де байланысты еді. Үлкен ми тамырларын зақымдау қаупі өте жоғары болды. Бірінші кезеңде менингиоманы қоректендіретін қан тамырлары эмболизациясы жүргізіліп, операция барысында қан кету қаупін азайтты. Екінші кезеңде ісікті алып тастау 6 сағатқа созылды. Білікті мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында операция сәтті аяқталды, ал науқас денсаулығы жақсарған соң үйіне шығарылды.

Ибн Синаның «Дәрігердің үш қаруы – өткір пышақ, жылы сөз және шөп» деген нақыл сөзін Еркебұлан Талғатұлы жиі қолданады. Оның айтуынша, науқастарға жанашырлық танытып, оларға жылы сөздер айтатын дәрігерлер – ең мейірімді және адал жанашырлар. Операция жасаумен қатар, дәрігердің науқастың жандүниесіне демеу болып, жылы сөз айтуы да оның тезірек сауығуына ықпал етеді.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА