Жаңалықтар

Жаңа нысандар ашылды

Республика күні ел көлемінде жоғары деңгейде тойланып жатыр. Мерейлі мерекеге орай облысымызда да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде.

Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік осал топтары мен тиісті санаттағы тұлғаларды баспанамен қамту – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытында Шу ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр Шуда 60 азаматқа баспана сатып алынса, одан бөлек аудан орталығында 15 пәтерлік жатақхана пайдалануға берілді.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру жұмыстары биыл да жалғасын тауып, ауданда 100 пәтердің құрылысы жүргізіліпті. Оның 12-сі Республика күні табысталды.

Сан кеудені қуанышқа кернеген қоныстойға Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Жасұлан Әбенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, Төле би ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мырзахан Оразымбетов, ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев арнайы қатысып, баспаналы болғандарды қуанышымен құттықтады.

Бұдан кейін пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтіп, әжелер шашу шашты. Қуанышқа кенелген жанның бірі – Индира Анарқұлова. Жолдасымен 5 бала тәрбиелеп отырған ана 2017 жылдан бері кезекке тұрып, бұл мезетті асыға күткен. Мереке қарсаңында баспаналы болған ол мемлекетке, жергілікті атқарушы органдарға алғысын жаудырды.

Қос пәтерлі 6 үйдің құрылысын жүргізіп, ауласын абаттандырған «Қайрат» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Нұрсұлтан Советбекұлының айтуынша, әрбір үйдің ауданы – 60 шаршы метр. Ауласында балалар ойнайтын шағын алаң да бар.

Мереке қарсаңында, яғни кеше Т.Рысқұлов ауданының Қайыңды ауылында да фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Жаңа медициналық нысанның ашылуына аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы қатысып, қайыңдықтарды қуанышымен құттықтады.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев медицина саласын дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеп, еліміздің басты құндылығы адам екендігін, ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғамның орнықты дамитындығын атап өтті. Аталған тапсырманың орындалуының нақты көрінісі – осы ауылда соңғы үлгіде бой көтерген денсаулық сақтау мекемесінің ашылуы. Жоба құны 249,2 миллион теңгені құрайтын 15 келушіге арналған фельдшерлік-амбулаторияның құрылысын мердігер «AKM group» компаниясы жүргізіп, бүгін межелі уақытта қолданысқа берілуде. Бұл ауданда соңғы жылдары салынып, ел игілігіне берілген үшінші медициналық пункт. Дәл осындай денсаулық сақтау нысанының құрылысы Қорағаты стансасы мен Ақбұлақ ауылдарында да жүргізілуде. 2027 жылға дейін ауданның даму жоспарына сәйкес тағы 5 медициналық пункт бой көтереді. Осы медициналық амбулатория ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсетеді деп сенемін, – деген Ернар Серікәліұлы Қайыңды дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Достан Арзиметовке дәрігерлік пункттің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

Жаңа нысанның ашылуында Қайыңды ауылының қадірменді қариясы Мейірқұл Скендеров ақ батасын беріп, ауылдың тағы бір сыйлы ардагері Дүйсенғали Байділдаевпен бірге фельдшерлік акушерлік пункттің лентасын қиды.

Сол сияқты бүгін ел мерейін асырған мереке күні Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында екі қабатты үйдің 8 пәтерінің кілті табысталып, тұрғындар қуанышы еселене түсті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ