Руханият

Кітап оқу - зиялылықтың белгісі

Қай мамандық болмасын, өзіндік қыры мен сыры, қиындығы мен реті болатыны анық. Сол сияқты кітапханашы мамандығы да үлкен бір алып дүние деп айтсам қателеспеспін. Ондағы міндет – асыл қазынаны көздің қарашығындай сақтай отырып, кітапты көзқарақты оқырманына жеткізе білу.

Біз де оқырман тәрбиелейміз. Небір кештер өткізу арқылы жастарды өнерге, білімге, адалдыққа, отансүйгіштікке бейімдей отырып, рухани байлығын арттырамыз. Сонымен қатар, кітапханашы – психолог. Әрбір жас оқырманның жан дүниесімен санаса отырып, «алтын қазынадан» өз азығын алуға жетелейді.

Ал, кітап туралы даналық сөздер өте көп. Осының бәрі кітапхана ісіне берілген баға. Кітапхана әр заманда, әр қоғамда қай халықтың да қасиетті рухани қазынасы саналған. Рухани қайнар еш уақытта суалмауы керек – деген өсиетті сөз тегін айтылмаса керек. Осы рухани қазынаның ортасында жұмыс атқарып жүрген әрбір кітапханашы өзін бақытты санаса керек. Әрине, біздің кітапханашы жұмысы туралы айтатын сөз, толғайтын ой ешуақытта таусылмайды, себебі, жастарға білім беруде, мәдениет көшінен қалмай уақыт талабына сай білімді ұрпақпен қоян-қолтық жұмыс атқарып заман ағымынан қалыспай қызмет атқарады. Бұл жұмыстың өзіндік қызықшылығы мен қиындығы бірге жүреді, дегенмен де осы салада қызмет атқарып жатқан әріптестерім туралы менен сұрай қалса, мен тек қана жақсы ойымды білдіріп, әрбір кітапханашыны бір-бір қазынаның иесі дер едім.

Қорыта айтқанда, біздің тынысымыз еңбегімізге білімгер риза көңілдерін білдіріп жатса, ғалым – ұстаз Ә.Сейтқазиев: Ғылыми атағымды кітапханашылардың арқасында алдым деп біздерді үнемі дәріптеп жүреді. Мінекей, бұл бізге деген құрмет, үлкен мәртебе. Қымбатты менің әріптестерім осындай құрмет пен мәртебеге бөленіп, жетістіктерге жете беріңіздер. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан № 833 қаулысымен «24 қазан - Кітапханашылар күні» болып бекітілді. Осы мерекеге орай, әріптестеріме толағай табыс  кәсіби шеберлік пен парасаттылық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!

Гүлсара БАҚБЕРДИЕВА, кітапханашы