Жаңалықтар

Мемлекет басшысы бірқатар мемлекеттік қызметкерге арнайы награда табыстады

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды,деп хабарлайды arainfo.kz.

Олардың қатарында Жамбыл облысының әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы да бар.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталықтың директоры, жерлесіміз Сейтхан Жошыбаев «Отан» орденінің иегері атанды.

Сонымен қатар ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

Айта кетейік,жалпы еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтті.