Жамбыл жаңалықтары

Құтқарушыларға жаңа техникалар табысталды

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.

Құтқарушылар күніне орай Тараз қаласының орталық алаңында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, сала ардагерлері қатысты.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын, құтқарушылардың халық игілігі үшін сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар атқарылатынын айтты.

Келесі кезекте сөз алған Ерлан Нұрпейісов облыс әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, республикалық бюджеттен техника жаңартуға бағытталған қаржының тұрақты түрде бөлініп жатқанын және жергілікті деңгейде де бұл жұмыс жалғасатынын атап өтті. 

Салтанатты іс-шара барысында құтқарушыларға жаңа автокөліктердің кілттері табысталды. Өрт сорғысы стансасы автокөлігінің кілті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ильяс Капашевке тапсырылды. Ал жедел-құтқару жасағының бастығы Юрий Салагаевқа сүңгуірлік жабдықпен жабдықталған жоғары жүрісті автокөліктің, ТЖД бастығы, полковник Арман Токановқа «Skoda Kodiaq» жеңіл көлігінің кілттері табыс етілді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірімізде жалпы 147 өрт сөндіру автокөлігі бар. Нормаға сәйкес 197 техника болуы керек, яғни техникамен жабдықталу деңгейі 74 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда өрт сөндіру қызметі – 125, жедел құтқару жасағы – 17, апаттар медицинасы орталығы 8 реанимациялық автокөлікпен қамтылған.

Жергілікті бюджеттен арнайы техникаларды сатып алу үшін 2024 жылы 274 миллион 600 мың теңге қаражат бөлініпті. Ал 2025 жылы арнайы техникаларды сатып алу үшін жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард 662 миллион 730 мың теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр. Департаменттің құрылымдық бөлімшелеріне 2020- 2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 28 және жергілікті бюджет есебінен 21, барлығы 49 техника сатып алынған.

Осы орайда өрт сорғысы стансасы автокөлігіне ие болған Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Елжан Ережеповті сөзге тартып, қуанышына ортақтастық.

Сонымен қатар іс-шарада қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін бірқатар қызметкерге арнайы төсбелгілер табыс етіліп, Алғыс хаттармен марапатталды.

Мұнан кейін Ерлан Нұрпейісов Байзақ ауданындағы әскери қоймада орын алған жойқын өртті сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр-құтқарушылардың ескерткішіне гүлшоғын қойды. 

Жиында сөз алған Байзақ аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қыдыралы Оралов қызметтік міндеттерін атқару барысында ажал құшқан құтқарушы-өрт сөндірушілердің жарқын бейнесімен ерлігі ел есінде мәңгілік сақталатындығын айтып, мұндай қасірет еш уақытта қайталанбасын деген тілегін жеткізді.

Сонымен қатар мерекеге орай Қордай ауданы, Қордай ауылында №15 өрт сөндіру деп осы жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл депоның құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Депо екі өрт сөндіру техникасына арналған. Ал 20 өртсөндіруші-құтқарушы тұрғындарды өрттерден және түрлі төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз етеді.

Ашылу салтанатына қатысқан Ерлан Нұрпейісов қызметтік міндеттерін адал атқарған бірқатар қызметкерге марапаттар мен Алғыс хаттар табыс етті.

Одан әрі жаңа өрт сөндіру депосының ресми ашылу шарасы өтті. Вице-министр мен азаматтық қорғау ардагері Александр Малыхин салтанатты түрде лентаны қиып, ғимараттың кілтін Қордай аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидар Смағұловқа табыстады. Бұдан соң қонақтар жаңа депо ғимаратын аралап шықты.

Өрт сөндіру депосында техниканы сақтау және қызмет көрсетуге, жеке құрамды орналастыруға арналған бөлмелер, өрт туралы хабарламаларды қабылдау бөлмелері және өрт сөндіру қызметіне жүктелген міндеттерді орындауға қажетті басқа да бөлмелер бар.

Салтанатты шара жаңа депоның аумағына ағаш отырғызу рәсіміне ұласты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ