Білгім келген бір сұрақ?

Қабылдау актісі қалай жүргізіледі?

Кез келген нысанның құрылысын жүргізу үшін оның құжаттары талапқа сай болуы керек. Ал нысан пайдалануға дайын болғанда оған қабылдау актісі жүргізіледі. Біз бүгін осы рәсім туралы кеңінен түсіндіріп өтуді жөн көрдік.

Объектіні пайдалануға қабылдау актісі – бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сәйкес объект құрылысының аяқталғанын және объектінің пайдалануға толық дайындығын растайтын құжат.

Объектіні пайдалануға қабылдау актілерін жүргізу және есепке алу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 75-1-бабында белгіленген.

Заңның 18-бабының 1-тармағы жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің қажетті шарттары құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін енгізу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру болып табылатынын айқындайды.

Жылжымайтын мүліктің жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін тіркеуші орган тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінде есепке алынуға жататын объектіні пайдалануға қабылдау актісі негізінде құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізеді.

Салынған объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісі ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) олардың құрамдас бөліктерінің жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне енгізу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін негіз болып табылады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өтініш берушіден объектінің техникалық сипаттамаларын және оған инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылыстардың) нақты жағдайын атқарушы геодезиялық түсіруді қоса бере отырып, объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін, сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың сәйкестігі туралы қорытындыларды алған сәттен бастап бір күн ішінде бекітілген жобаға жұмыстарды бір мезгілде жолдайды.

Объектінің орналасқан жері бойынша сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесіне объектінің техникалық сипаттамаларын қоса бере отырып, объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісі;

Объектінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына объектінің техникалық сипаттамаларын, сәйкестік туралы декларацияны және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындыларды қоса бере отырып, объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісін ұсынады.

Сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілік ті атқарушы органдар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған сәттен бастап бір жұмыс күні өткенге дейін тапсырыс берушінің құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында айқындалған рәсімдерді сақтауына салыстырып тексеруді жүргізеді және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесі арқылы пайдалануға қабылдау актісін есепке алады.

Салыстыру қорытындысы бойынша құрылыс объектісі «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан құжаттарды алған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда бұл туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары мен тіркеуші органға жазбаша хабарлайды.

Сәулет және қала құрылысы органдарынан және жергілікті атқарушы органдардан жылжымайтын мүлік объектісі туралы теріс қорытынды түскен кезде тіркеуші орган жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартады.

Даныш СҰЛТАНБЕКОВ,

облыстық әділет

департаментінің бас маманы