Қоғам

Теріс ағымдар тура жолдан тайдырады

Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы Рухани келісім күні аясында діни бірлестіктердің өкілдері мен дін саласындағы сарапшылардың кездесуін өткізді. Мұндағы басты мақсат –діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алу.

Аталған кездесуге облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев, Астана қаласындағы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры Балғабек Мырзаев, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қоры басшысының орынбасары Алим Шауметов қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар Рухани келісім күніне орай құттықтау сөз сөйлеп, сондай-ақ өңірдегі түрлі конфессиялар мен этностар өкілдерінің өзара түсіністігін, бір-біріне төзімді қарым-қатынасын одан әрі дамыту үшін осындай басқосуларды алдағы уақытта да өткізуге тілектестіктерін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры Балғабек Мырзаев баяндама жасап, жастардың теріс діни ағымдарға кіріп кетуінің негізгі себептеріне тоқталды.

 Жиында бұдан бөлек Астана қаласындағы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакировтың, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қоры басшысының орынбасары Алим Шауметовтің де баяндамасы тыңдалды.

Кездесуден кейін барлық қатысушылар «Көне Тараз» және «Ақыртас» кешендеріне экскурсия жасады.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ