Қаржы пирамидасына тосқауыл – «көлеңкелі» экономикаға соққы
Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті биылғы 9 айда өңірдегі экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл жұмыстардың басым бағыттарының бірі – «көлеңкелі» экономикамен күрес. Соның ішінде акцизделетін және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына, заңсыз ойын бизнесіне, қаржы пирамидаларына қарсы іс-шаралар белсенді түрде жүргізілді.
«Көлеңкелі» экономика – әлемнің көптеген елінде кездесетін құбылыс. Ол заңсыз экономикалық қызметтерден тұрады және елдің экономикалық жүйесіне зиян келтіреді. «Көлеңкелі» экономиканың көлемі неғұрлым үлкен болса, соғұрлым заңсыз қызметтердің дамуына мүмкіндік туып, экономикаға бақылау жасау қиындай түседі. Бұл тұрғыда мемлекет салықтан, ал халық денсаулық пен құқықтық қорғаныстан айырылады.
«Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес тек қылмыстарды анықтау мен оның жолын кесуден тұрмайды. Бұл күрестің ауқымы кеңірек және ол қоғамның әрбір мүшесіне қатысты маңызды мәселе. «Көлеңкелі» экономикаға байланысты экономикалық қылмыстар елдегі қаржылық тұрақтылыққа, кәсіпкерлердің адал бәсекелестігіне, халықтың тұрмыс деңгейіне кері әсер етеді.
Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы – «көлеңкелі» экономиканың ең зиянды түрлерінің бірі. Мұндай өнімдерге әсіресе контрафактілі шылым және алкоголь өнімдері жатады. Бұл тауарлар заңсыз жолмен айналымға түсу арқылы адал кәсіпкерлерге зор экономикалық шығын келтіреді. Сонымен қатар халықтың денсаулығына төнетін қауіп те орасан зор. Сапасыз немесе заңсыз өндірілген өнімдерден пайда көрген кәсіпкерлер ел экономикасына да залал келтіреді, себебі олар салық төлемей, заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпорындарға бәсекелес болады.
Руслан Мұратұлының айтуынша, биылғы 9 айда қаржы мониторингі департаменті акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қатысты 21 қылмыстық істі тіркеген. Бұл істердің жалпы құны 5,1 миллиард теңгеден асқан. Мұндай көлемді заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін құқық қорғау органдары тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп, «көлеңкелі» айналымдағы өнімдерді тәркілеу жұмыстарын атқарады. Мысалы, тек 9 айда заңсыз айналымнан 6,6 миллион қорап шылым тәркіленген.
Қаржы пирамидалары – қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі. Олар заңсыз қаржылық схемалар арқылы азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, олардың ақшасын иемденеді. Қаржы пирамидаларының зардаптары көбінесе халықтың әлсіз топтарына тиіп, олардың қаржылық жағдайына елеулі зиян келтіреді.
Облыс бойынша экономикалық тергептексеру департаментінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде «көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес шаралары оң нәтиже беріп, өңірдегі экономикалық құқықбұзушылықтардың деңгейі біршама төмендеді. Бұл қоғамның қауіпсіздігі мен экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Айжан ӨЗБЕКОВА