Жұмысшы құқығы – мемлекет қорғауында
Қарапайым халық үшін еңбек қатынастары аса өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынастың барлығы бірдей жақсы бола бермейтіні анық. Дегенмен елімізде еңбек кодексі бар, ол жеткілікті түрде реттелген. Осы кодекске сүйене отырып, еңбек шарттары жасалады. Алайда кейбір жұмыс берушілер қол астындағыларды құл секілді көріп, қарапайым жұмысшының да өз құқығы бар екенін мүлде ескермейтіні рас. Мұндай жағдайды күнделікті өмірде де кездестіруге болады, тіпті екінің бірінің басында болуы мүмкін.
Осы орайда «Еңбек кодексін көзіне ілгісі келмейтін жұмыс берушілерден азаматтар өз құқығын қалай қорғауы тиіс?» деген заңды сұрақ туындайды. Жұмыс беруші тарапынан жұмысшы не қызметкердің еңбек құқықтары бұзылса, жалақы уақытылы төленбесе, қауіпсіздік жайы еңбек шарттарымен қамтамасыз етілмесе, жұмыстан заңсыз шығару және басқа да мәселелер бойынша әрбір Қазақстанның азаматы облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы еңбек инспекцияларына өтініш бере алады.
Аталған заң шеңберінде өңірімізде жұмысшылардың құқығы қалай қорғалып жатқанын білу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақовқа хабарласқан едік.
Айта кету керек, бұған дейін облыс әкімдігіне бағынысты болған еңбек инспекциясы басқармасы жергілікті атқарушы органдардан орталық мемлекеттік органның қарамағына өтіп, департамент мәртебесін иеленген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментіне өткен. Десе де халықаралық конвенциялар нормаларына сәйкес еңбек заңнамасының сақталуына және кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларының қамтамасыз етілуіне мемлекеттік бақылау жүргізуді осы департамент әрі қарай жалғастыратын болады.
Жыл басынан бері еңбек қатынастарын реттеу саласындағы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсек, мемлекеттік еңбек инспекторлары осы жылдың 9 айында жоспардан тыс 95 тексеру жүргізіп, 133 бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 125-і еңбек қатынастарына, үшеуі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және бесеуі халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 41 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 18 ескерту және 14 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылған. Нәтижесінде 2,1 миллион теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынып, олар толығымен өндіріліп, еңбек заңнамасының бұзушылықтары түгел жойылыпты.
Салдарынан 42 адам зардап шегіп, 17 адам ауыр, 18 адам жеңіл, орта жарақат алса, 7 жұмысшы қаза болған. Өкініштісі, қайтыс болғандардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 1 адамға артқан. Орын алған жазатайым оқиғаларда 6 адам 3 топтық оқыс оқиғадан зардап шеккен. Барлық жағдайлар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, тергеу материалдары ішкі істер органдарына жолданған.
Әр жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушілерге орын алған оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алыныпты. Тергеу материалдары бойынша жүргізілген талдауға сәйкес оқыс оқиғалардың негізгі себептері айқындалған. Нақтылап айтсақ, жұмыс берушілердің еңбекті қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруының салдарынан – 20, оның ішінде жол-көлік оқиғалары бойынша 3 жағдай, жұмыскерлермен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын өрескел бұзу салдарынан 14 жағдай, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің тең кінәсінен 5 жағдай орын алыпты.
Сол сияқты қауіпсіз еңбек әдістерін оқытудағы кемшіліктер салдарынан – 1, жеке қорғаныс құралдарының қамтамасыз етілмеуі немесе қолданылмауы салдарынан – 1, тағы да басқа себептермен 3 оқыс оқиғаға жол берілген. Орын алған жазатайым оқиғалардың 35 пайызына жәбірленушінің биіктен құлауы, 15 пайызына қозғалмалы, айналмалы заттар мен бөлшектердің әсері және 50 пайызына жазатайым оқиғалардың басқа түрлері себеп болған.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмысшы не қызметкерге еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету. Департамент тарапынан бұл бағытта атқарылар жұмыстар да жүйелі деп айтуға негіз бар.
Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпарат бойынша, жыл басынан облыстағы 10 ірі, 48 орта, 2 561 шағын, барлығы 2 619 кәсіпорын 23 680 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 23,7 пайызға көтеріпті. Осы жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары арқылы облыстағы 9 кәсіпорындағы 378,9 миллион теңгенің еңбекақы қарызы анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылған. Нәтижесінде 2 011 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Осы жылдың 1 шілдесіне облыс бойынша 3 мекемеде, атап айтқанда, «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамы, «Луговой жылқы зауыты» және «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 241 жұмысшының алдында 102,5 миллион теңге жалақы қарызы қалыптасқан. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша 87 жұмысшыға берешек 29 миллион теңге қарыз толығымен жабылған. Десе де 2 мекемеде, яғни «Меркі асылтұқымды зауыты» АҚ және «Шу-Сервис» ЖШС қарамағындағы 89 жұмысшының 56 миллион теңге қарызы өтелмей отыр.
Биыл цифрлық карта шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде кәсіпорындардағы ахуалды қаржылық, еңбек және әлеуметтік тәуекелдер бойынша талдауға және әрбір кәсіпорынның жиынтық тәуекел дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін скорингтік модель енгізіліпті. Осы модельді енгізудің арқасында инспекция еңбек жанжалдарының туындау қаупі жоғары, орташа және төмен кәсіпорындарды анықтай алады.
Мәселен, бүгінгі күні скорингтік модель негізінде облыс бойынша еңбек тәуекелдерінің картасына 3 168 кәсіпорын енгізіліп, кәсіпорынның тәуекел деңгейі төмен 2 926, орташа деңгейдегі 173 кәсіпорын және тәуекел деңгейі жоғары 69 кәсіпорын айқындалған. Тәуекел деңгейі жоғары 69 кәсіпорынның 33-і жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтар, 9-ы мемлекеттік мекемелер болса, 27-сі өзге де мекемелер. Сол сияқты 69 кәсіпорын басшыларына және аудан әкімдеріне хаттар жолданған. Әрбір тармақ бойынша кәсіпорын басшыларымен және аудан әкімдерімен бірге тәуекел деңгейін төмендету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар соңғы алты айда тұрақты кешігіп төленген немесе міндетті зейнетақы жарналарымен әлеуметтік төлемдер төлемеген 93 кәсіпорын анықталыпты. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне осы кәсіпорындардың тізімі жолданып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Өңір бойынша 26 ұйымға шетелдік жұмыс күшін тартуға 1 195 рұқсат беріліпті. Қазіргі уақытта 659 еңбек шарты жүйеге еңгізілген. Қалған 536 рұқсат бойынша еңбек шарттары келесі себептермен жасалмаған. Тарқатып айтсақ, 423 шетелдік қызметкер ҚР-ға келмеген, 88 қызметкер бойынша еңбек шарты рәсімдеу процесінде, жеке сәйкестендіру нөмірі күтілуде, 25 қызметкермен еңбек шарты бұзылған.
Сонымен қатар бейресми жұмыс көзі барын да ұмытпауымыз керек. Бейресми жұмысшылар – ресми түрде еңбек қатынасын рәсімдемей, өз беттерінше табыс тауып, сол арқылы күндерін көріп жатқандар. Олар міндетті әлеуметтік төлемақы мен зейнетақы аударымдарын жасамайды. Биыл департамент тарапынан облыстағы бейресми жұмыспен қамтылған 2 031 жұмыс берушідегі 4 526 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, «көлеңкелі» экономикадан шығарылған. Басқармамен 2022 жылдың басынан бейресми жұмыспен қамтылған тұлғаларды «көлеңкелі» экономикадан шығаруға бағытталған шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде барлығы 5 984 жұмыс берушідегі 15 941 жұмыскердің еңбек қатынасы заңдастырылып отыр.
Айта кетер жайт, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу мәселелері бойынша олардың өзара мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған өзара қатынастар әлеуметтік әріптестік арқылы реттеледі. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын шарттық реттеу ұжымдық шарт жасасу арқылы жүзеге асырылады. Ұжымдық шарт әдетте еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік қорғауды арттыру мақсатында қызметкерлердің бастамасы бойынша жасалады. Жұмыс беруші үшін мұндай шарт жасасу да пайдалы болуы мүмкін. Сонымен ұжымдық шарт жасасу кезінде жұмыс беруші ондағы заңнаманы нақтылауға және қызметкерлердің болжанбайтын талаптары мен мінез-құлқынан өзін қорғауға мүмкіндік алады.
ҚР Еңбек кодексінде көрсетілген еңбек ұжымдарында ұжымдық шартты әзірлеу және қабылдау – жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы тең құқықтар мен тараптардың мүдделерін құрметтеу, ұжымдық келісімнің мазмұнын құрайтын мәселелерді демократиялық және еркін талқылау, тараптардың міндеттерін ерік ті түрде қабылдау, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау.
Жарылқасын Әбдіғапарұлының айтуынша, осы жылдың 1 наурызындағы Ұлттық статистика бюросының статистикалық есебінше, облыс бойынша тіркелген заңды түлғалардың саны 12 079-ды құраған. Биыл 1 қыркүйекте облыс бойынша 11 758 ұжымдық шарт департамент тарапынан зерделеуден өткізілді немесе 97,1 пайызды құрап отыр.
Қарапайым еңбек адамының құқығы мемлекет тарапынан қорғалады. Бұл бағытта облыстық еңбек инспекциясы департаменті өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ