«TulparCard» Тараздың тыныс-тіршілігіне тың серпін берді
Тараз қаласында жүзеге асырылған «TulparCard» жобасы қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуда және қала тұрғындарына заманауи қызмет көрсетуде үлкен рөл атқарып отыр. Бұл бастама «Ақылды қала» тұжырымдамасының маңызды бөлігі ретінде қоғамдық көлікте жол жүру процесін автоматтандыруды және тұрғындарға ыңғайлы төлем жүйелерін ұсынуды мақсат етеді. Сонымен қатар жобаның арқасында қаланың бюджетіне түсетін салықтық түсімдер айтарлықтай артып, цифрлық инфрақұрылымның дамуына үлкен серпін берді.
«TulparCard» жобасы іске асырылған кезде негізгі мақсаттардың бірі қоғамдық көлікте төлемдерді толығымен автоматтандыру болды. Жүйе жолаушыларға арнайы карта, QR код, мобильді қосымша және SMS хабарлама арқылы жол ақысын төлеуді ұсынады. 380 миллион теңгеге іске асырылған жоба қала тұрғындарының өмірін жеңілдетіп қана қоймай, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды көздеген үлкен инвестиция болып саналады. Қазіргі уақытта қаладағы 465 автобус толықтай автоматтандырылған жүйеге қосылып, барлық автобустар QR код және «TulparCard» картасы арқылы төлем жасауды қамтамасыз етті. Төлем әдістері жолаушылардың қоғамдық көлікте жүріп-тұруын ыңғайлы етіп, қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартты.
Өткен жылдың 17 ақпанында «Kaspi QR» жүйесі «TulparCard» жүйесіне енгізілсе, 28 желтоқсанда «Halyk QR» арқылы төлем жасау мүмкіндігі пайда болды. Аталған төлем жүйелері жолаушыларға жолақы төлеудің жаңа және ыңғайлы тәсілдерін ұсынды. QR код арқылы төлем жасау мүмкіндігі қала тұрғындарының қоғамдық көлікке қолжетімділігін арттырып, олардың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Сонымен қатар «TulparCard» жүйесі аясында іске қосылған мобильді қосымша жолаушыларға картаны бақылау, теңгерім аудару, төлем тарихын қадағалау және тіпті көлік картасын қашықтан бұғаттау мүмкіндіктерін берді. Сондай-ақ қосымша қала тұрғындарының қоғамдық көлік пайдалану тәжірибесін анағұрлым ыңғайлы және тиімді ете түсті. Мобильді қосымша қазіргі таңда «PlayMarket» және «iOS» платформаларында қолжетімді.
Жобаның әлеуметтік бағыттары да ерекше назар аударуға тұрарлық. 2023 жылдың 1 наурызынан бастап әлеуметтік осал топтарға арнайы жеңілдіктер енгізілді. Атап айтқанда, 15 пен 18 жас аралығындағы жастарға қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдік қарастырылса, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін жол жүру құқығы берілді. Осы мақсатта арнайы «Әлеуметтік көлік картасы» енгізіліп, әлеуметтік топтардың қоғамдық көлікке қолжетімділігін арттырды. Жоба аясында қолға алынған бұл шаралар қоғамдағы әділеттілік пен инклюзивтікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болды.
«TulparCard» жүйесі іск е қосылғаннан бері Тараз қаласындағы салық түсімдері 5 есеге артыпты. Бұл қала бюджетінің нығаюына және көлік жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етті. Жобаның арқасында қалалық автобустардың жолаушылар ағыны да едәуір өсті, ал қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасының жақсаруы тұрғындардың осы салаға деген сенімін арттырды. Сондай-ақ жүйе бюджетке қосымша кірістер әкеліп, қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына серпін берді. Жаңа автобустарды жеткізу де жоба аясында жүзеге асырылған маңызды шаралардың бірі десек болады. Мысалы, жыл басынан бері 117 жаңа автобус қалаға жеткізілді, оның ішінде 10 «YUTONG» маркалы автобус пен 10 «KING LONG» маркалы көлік ескірген автобустарды ауыстырды. Сонымен қатар наурыз айында «Smart City Servise» ЖШС қалаға 14 «Isuzu» автобусын жеткізіп, №41 маршрутты қайтадан іске қосты.
Қоғамдық көлік инфрақұрылымын жақсарт у мақсатында Тараз қаласында 19 «ақылды» аялдама орнатылған. Аялдамалар жолаушыларға автобустардың нақты келу уақытын көрсетіп, ауа райы жағдайы мен басқа да пайдалы ақпараттарды ұсынады. Жарықдиодты цифрлық таблолар арқылы автобустардың қозғалысын бақылап отыру мүмкіндігі тұрғындарға үлкен қолайлылық сыйлады. «Ақылды» аялдамалар қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын арттыруға және жолаушылардың уақытын үнемдеуге жағдай жасады.
Айжан ӨЗБЕКОВА