Тазалық сақшыларының тындырымды тірлігі
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың басты міндеті.
Осы орайда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды.
Бүгінде игілікті іс-шараға ерікті жастар мен аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары және түрлі мекеме қызметкерлері де белсене атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жуырда Жуалы ауданында қоршаған ортаға қамқорлық жасап, өскелең ұрпаққа өнегелі істі насихаттауға бағытталған іс-шара өтті. Ауданға қарасты Мыңбұлақ және Ақтөбе ауылдық округтерінде акция аясында ауылдық округ әкімдерінің бастамасымен тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тазалық сақшылары алдымен Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында болды. Мұнда аудандық жастар ресурстық орталығы мен ауыл әкімшілігі аппаратының қызметкерлері және қоғамдық жұмысшылар Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйінің айналасын талдан түскен жапырақтардан тазартты.
Әрі қарай акция Ақтөбе ауылдық округінде жалғасын тауып, облыстық мәндегі жол бойындағы талдардың қураған бұтақтары кесіліп, қоқыстар шығарылды. Қосымша ауылдық округтің орталығындағы көрнекті жерлерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Біреуі сырлаумен айналысса, енді бірі көрнекті жерлерді шөп-шаламнан арылтты.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету. Сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру.
Акцияға екі ауылдық округтен 70-тен аса адам қатысты.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы әлі де жалғасады.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы