Сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасы бекітілді
Қазақстанда 2030 жылға дейін сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бекіткен құжатта алдағы 5 жылда елімізде сутегі энергетикасын дамыту жоспары жазылған.
Тұжырымдаманы Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Ғылым және жоғары білім, Сыртқы істер министрлігі бірігіп әзірледі.
Қазіргі кезде жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуат үлесі – 6 пайыз. Тұжырымдамада сутегі энергетикасын дамытуда Қазақстанның әлеуеті жоғары екені жазылады. Қазақстанда үлкен газ қоры бар екені белгілі. Ал газ сутегі энергетикасын дамытуда қажет негізгі шикізат бола алғанымен, газды бумен түрлендіру әдісі арқылы сутегі энергиясын алу өте қымбатқа түседі. Сондықтан министрлік күн және жел сынды жаңартылатын энергия көздерін дамыту су электролизі арқылы «жасыл» сутегін өндіруге мүмкіндік береді деп тұжырымдайды.
«Қазақстан Еуропа мен Азия арасында орналасқан. Бұл оны Қытай, Жапония және Еуропалык одақ елдері, атап айтқанда, Германия сияқты таза энергияға сұранысы артып келе жаткан елдерге cyтeгі мен сутегі технологияларын экспорттау үшін ыңғайлы платформа етеді», делінген құжатта.
Осы орайда айта кетейік, 2022 жылы «Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельге Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын құру жобасы таныстырылған болатын. Жоба аясында германиялық инвестор «Svevind Group» компаниясы бүгінде Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын «жасыл» сутегі өндірісін қолға алды.
Зауыт құрылысы әлемдегі ең ірі 20 индустриялық жобаның қатарына енген. Жоба аясында су тұшыту зауытын, 40 гигаваттық жел, күн стансаларын, қуаты 20ГВт болатын әрі жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін немесе 11 миллион тонна «жасыл» аммиак өндіре алатын суды электролиздеу қондырғысын іске қосу көзделген.
Алайда Еуропа елдерінде технологиялық қиындық пен сұраныстың белгісіздігіне байланысты мұндай инвестициялық жобалардан бас тартып жатқаны айтылады. Мәселен, «Shell» компаниясы Норвегияда төмен көміртекті сутегі өндіру зауытын салу жобасын тоқтатты. Ал Данияның «Orsted» энергетикалық компаниясы өз еліндегі бірнеше жобаны қысқартқан.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ