Жамбыл жаңалықтары

«Знамя труда» газетінің 105-белесі

Облыстық «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Знамя труда» газетінің жарық көргеніне биыл – 105 жыл. Басылымның айтулы белесіне орай кеше Тараз қаласындағы «Достық үйінде» мерейтойлық шаралар ұйымдастырылды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деп, газеттің құны қаншалықты бағалы екенін ұқтырған.

«Знамя труда» газетінің тарихына тоқталатын болсақ, басылым 1919 жылдан бастап Әулиеата атқару комитетінің және уездік комитетінің атынан жарық көре бастаған. «Аулие-Атинский вестник» атауымен оқырманға жол тартқан басылымның алғашқы редакторы кеңестік жазушы Анна Алматинская болды.

Заман ағымына сай әр жылдары газеттің атауы «Беднота», «Профессиональный вестник», «Дехканин», «Радиограммы РОСТА», «Вольная беднота», «За пятилетку», «Сталинский путь», «Коммунист» болып өзгеріп отырған. Жарты ғасырға жуық уақытта бірнеше мәрте аты өзгерген басылым осы күнге дейін «Знамя труда» деген атаумен шығып келеді.

Ғасырдан астам тарихында басылымның шығармашылық ұжымын басқарған Лев Негрышев, Николай Токарев, Михаил Сергейчик, Вениамин Чундеров, Диана Гончарук, Владимир Козыренко, Ирина Маликова, Людмила Перекольская, Игорь Неволин, Бекет Момынқұл, Татьяна Борисенко сынды редакторлар газетке соны соқпақ, өзгешелік ала келді.

Түрлі кезеңдерден сүрінбей өтіп, 105 жыл бойы халыққа қызмет етіп келе жатқан басылымның мерейтойына арналған іс-шаралар аясында алдымен қонақтарға «Ғасырдан да ұзақ уақыт» атты фотокөрме таныстырылды.

Мұнан соң Қазақстанның Құрметті журналисі, «Знамя труда» газетін ұзақ жылдар бойы басқарған қаламгер Бекет Момынқұлдың модераторлық етуімен «105 жыл барша жаңалықтардан хабардар» атты конференция өтті.

Байыпты басқосуда әуелі басылымның өткені мен бүгіні қамтылған бейнематериал көрсетілді. Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек алғаш болып сөз алып, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлына табыстады. Қанатбек Қайшыбекұлы баспасөздің мән-маңызы туралы орамды ой қозғап, шығармашылық ұжымға ізгі тілегін арнады. Сонымен қатар редакцияның бір топ қызметкеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ жиын барысында ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Милллионов, ардагер журналист Көкен Оршабеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Акишев, тағы да басқа азаматтар жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Конференцияда баяндама жасаған «Знамя труда» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Людмила Мельник бірлігі жарасқан ұжымның атқарып жатқан жұмысына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар ардагерлерге де айрықша алғысын жеткізді.

Мерейтойлық шаралар мұнымен тоқтаған жоқ. «Достық үйі» ғимаратының фойесінде дастарқан жайылып, лебіздер легі одан әрі жалғасты. Басылыммен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан әріптестер, БАҚ басшылары, мекеме-кәсіпорындардың баспасөз қызметтері тілектер тізбегін жалғап, барынша құрмет көрсетті. Редакция ұжымына да, жекелеген қызметкерлерге де түрлі марапаттар тапсырылды. Сонымен қатар әуезді ән мен күмбірлеген күй де мерейтойлық шаралардың мән-маңызын арттыра түсті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ