Брифинг

Жылыту маусымы жауапкершілікті талап етеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дархан Қалдарбектің қатысуымен «Жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Айта кетейік, жылыту маусымы 15 қазаннан 2025 жылғы 15 сәуірге дейін жалғасады. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, аймақ бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 3 957 тұрғын үй тізімі нақтыланыпты. Жылыту маусымы басталғанға дейін 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын тұрғын үйлер аулалық аралаумен толық қамтылған.

Дархан Өскенбайұлының айтуынша, жылыту маусымының алдында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт қауіпсіздігі талаптары орындалған «Үлгілі үйлерді» анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде облыс аумағында 7 көпқабатты «Үлгілі үй» анықталып, белсенді тұрғындар мен пәтер иелерінің жергілікті кооперативтерінің өкілдеріне грамоталар табысталыпты.

Баяндамашының айтуынша, 1 маусымнан бастап әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын отбасылардың үйлеріне 727 датчик орнатылған.

Ал 2024 жылдың 4 қазанында күні «Таза мұржа» республикалық акциясы аясында департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп және «Жібек жолы жастары» еріктілер ұйымдарын тарта отырып, халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлерде улы газбен уланудың алдын алу және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында түтін мұржаларын тазалау жұмыстарын жүргізген. Облыс бойынша жалпы 496 үйдің мұржасы тазаланған.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ