Жамбыл жаңалықтары

Құтқарушылар қашанда құрметке лайық

Құтқарушы – жоғары жауапкершілікті талап ететін мамандық. Мәртебелі мамандық иелерінің міндеттеріне апаттардан қорғау, жедел көмек көрсету, іздеу-құтқару операцияларын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ өрт сөндіру жұмыстары кіреді.

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі полиция қызметкерлеріне жүктелді.

Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет қалыптастыру үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді.

Құтқарушылар күні мерекесі қарсаңында облыс көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Тараз қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен волейболдан жарыс өтті. Турнирде облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Орынбеков азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттық бәсекеге барлығы 6 команда қатысты. Жарыс өте тартысты өтіп, жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Жарыс қорытындысымен жедел-құтқару жасағының командасы ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы жүлделі ІІ орынға табан тіресе, медициналық апаттар командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. Жеңімпаз командалар арнайы кубоктармен және құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Халық қаһарманы Мейіржан Айманов атындағы Тараз қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде де Құтқарушылар күніне орай қызметке жаңадан қабылданған жас қызметкерлерге экскурсия ұйымдастырылды. Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жанислам Тілегенов қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерді облыстық өрт сөндіру қызметінің тарихымен таныстырып, мол мағлұмат берді. Одан әрі жас мамандар 2021 жылы Байзақ ауданында әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен, қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапқан батырларға арналған мұражайға бас сұқты. Экскурсия гаражда жалғасты. Сынақ мерзімінен өтіп жүрген жас қызметкерлер арнайы өрт сөндіру техникаларымен және түрлі сипаттағы өрт сөндіру-құтқару жарақтарымен және оларды қолдану тәсілдерімен танысты.

Сонымен қатар мерекеге орай Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына талапкерлерді шақыру бойынша Тараз қаласындағы №54 орта мектепте «Ашық есік» күні өтті. Жиынға орта мектептің 150-ге жуық 10-11-сынып оқушысы мен Жамбыл теміржол көлігі және коммуникация колледжінің студенттері қатысты.

Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және Жаңатас қалалық №16 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірге Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда, М.Әуезов атындағы орта мектепте ашық сабақ өткізілді. Ашық сабақ барысында мұғалімдер мен оқушыларға өртсөндіруші мамандығының қиындығы, құтқару қызметінің өзіндік ерекшеліктері кеңінен түсіндіріліп, Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсудің шарттарымен таныстырды. Қосымша өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жадынама таратылды.

Іс-шаралар легі Меркі ауданында да жалғасты. Мерекеге орай Меркі ауданының өртсөндірушілері арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды. Жарыс бағдарламасына футбол, қол күрес және волейбол ойындары енгізілді. Қызметкерлер бәсекеде өздерінің физикалық дайындығын және командалық ұйымшылдығын көрсетті.

Мұнан бөлек Меркі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Мен болашақ құтқарушымын» тақырыбында «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Онда оқушыларды өрт сөндіру техникасы және авариялық құтқару құралдарымен таныстырып, азаматтық қорғау қызметтерінің құрылу тарихы туралы айтылып, бейнероликтер көрсетілді.

Ал Жуалы ауданында азаматтық қорғау қызметкерлері аудандық білім бөлімімен бірге Бауыржан Момышұлы ауылындағы аудандық мәдениет үйінде кәсіби мерекеге орай флешмоб өткізді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысқан іс-шарада түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алғашқы өрт сөндіру құралын пайдалану ережелері таныстырылды.

Сол секілді Талас ауданында азаматтық қорғау қызметкерлерінің арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің жоғары физикалық және техникалық дайындығын көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Талас аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің құрама командасы иеленді. Ал ІІ орын Қаратау қалалық №12 өрт сөндіру бөлімі командасына бұйырды, сондай-ақ жүлделі ІІІ орынды Қаратау қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жеңіп алып, жеңімпаздар кубок, грамоталармен және медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Құтқарушылар күніне орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы облыстық қан орталығына арнайы барып, қан тапсырды. Құтқарушылар осылайша адамдарға тек төтенше жағдайлар кезінде ғана емес, кез келген сәтте түрлі қиындыққа тап болған мұқтаж жандарға әрдайым көмек қолын созуға даяр тұратындықтарын көрсетті. Құтқарушылардың қатысуымен өтетін мұндай іс-шаралар тоқсан сайын, тіпті қажеттілігіне қарай одан да жиі ұйымдастырылады. Ал мұндай халыққа пайдалы шараға облыстың өзге аудандарындағы өртсөндіруші-құтқарушылар да белсенді қатысып келеді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ