Ұрлық жасап, ұялатын іс қылма
«Ұрлық түбі – қорлық» деген сөздің мағынасын біле тұра бағытынан тайып, ұрлықты өзіне кәсіп етіп алған пенделер арамызда бар. Оның ішінде кейбірі бойына туа біткен ептілікті арам пиғылға пайдаланады. Олар ұрлықсыз күн көре алмайтын – клептомандар. Ұрлық – ғылым тілінде «Клептомания» деп аталады. Бұл деген сөз, яғни klepto – латын тілінен аударғанда ұрлық деген мағына береді. Бұл термин XIX ғасырдың басында Францияда пайда болған екен. Негізі психолог мамандардың айтуынша, ұры мен клептоманның арасында айырмашылық бар. Клептоманның ұрылардан айырмашылығы – олар іс-әрекеттерін ешкімнің көмегінсіз, ешқандай қосымша сақтықсыз жасайды. Бірақ клептомания – қылмыс емес, ауру. Егер де ұрылар жұмыстарын жоспарлы түрде орындаса, онда бұл клептомания емес, кәдімгі пайда табу үшін ұрлық жасау. Яғни клептомания мен әдейі құрылған пайдакүнем ұрының айырмашылығы екі түрлі екенінің айғағы осы. Есірткі мен нашаға деген тәуелділік адамды қалай еліртсе, клептоманияға ұшыраған адам да жүрген жерінен бір нәрсені іліп кетуді әдетке айналдырған. Мұны әдет деуге де келіңкірейді. Себебі мұндай ұрлыққа баратындар көзі түскен зат өзіне аса қажет болмаса да қолы сумаңдап, ұрлық жасап тұрғанын өзі де байқамай қалады. Яғни ол адамның еркінен тыс болатын құбылыс.
АВТОБУСТА АБАЙ БОЛУ КЕРЕК
Клептоманиядан бөлек, пайда үшін де ұрлық істеуді, саналы түрде пайда табу үшін біреудің затын жымқырып кетуді табыс көзіне айналдырып алғандар бар. Олар жұмыс істеуге енжар болғандықтан ұрлық жасауды жұмыс істеуден оңай көріп, оны кәсіпке айналдырып алған.
Мамандардың айтуынша, облыс бойынша биыл жыл басынан бері қалта ұрлығының 44 дерегі тіркеліпті. Қалта ұрлығының дені негізінен азаматтар көптеп жиналған қоғамдық орындарда, яғни адам жиі шоғырланатын жерлерде орын алады. Ең бірінші, затының қолды болуына адамның өзі немқұрайдылығымен мүмкіндік береді екен. Ұрлық автобус, базар, сауда орталығы сынды адам бір-біріне иін тіресе жақын, топ болып жиналып тұратын жерлерінде орын алады.
Қалта ұрлығының алдын алу мақсатында жүйелі түрде қоғамдық көліктерде дыбыс ұлғайтқышпен ескерту жүргізіледі екен. Бұл тұрғындардың құнды заты қолды болмауы үшін керек.
Иә, желмен жарыса жүйткіген көлікте де, түрлі сауда орындары мен базарларда да ұры-қарының жұмысы тоқтамайтыны анық. Олар үшін таптырмас орта – қысылып-қымтырылып, онсыз да шаршап тұрған халық тығыз жиналған орта. Әккі ұрылар сондай шоғырдың арасына сүңгіп, ары-бері қозғалақтап барып адамды итергенсіп, құр қол шықпай, әлденені жымқырып кетуді мақсат тұтады. Әсіресе көліктің қозғалысын пайдаланған олар қасақана итеріп жіберіп, сөмкеге қол жүгіртіп, ұялы телефон, әмиян, әйтеуір қолына ілінгенін алып, жақын аялдамадан алаңсыз түсіп кететінін аңғармай да қаласың.
Қалта ұрысы еш уақытта жалғыз өзі жұмыс істемейді. Себебі сол, серіктестерінің бірі тежейді, яғни жәбірленушіге кедергі келтіреді. Екіншісі ұрланған затты алып, тайып тұрады. Мамандардың айтуынша, ұрылардың қолында міндетті түрде үлкен кітабы, журналы, газеті, пакеті болады немесе киімін қолына іліп алады екен.
Бұл – ұрланған затты жасыру үшін қажетті айла. Ұрлау барысында қолындағы затымен сөмкені немесе қалтаны қалқалап тұрып, қол сұғуға ыңғайлы. Осылайша оның не істеп жатқанын өзгелер байқамайды. Ал қыс мезгілінде қалташылар қолғап кимей, қолын шалбардың қалтасына салып жылытатын көрінеді. Сонда олардың қолдары қимылдауға икемді болады.
Дәрігерлердің айтуынша, клептоманиядан айығудың жолы – антидепрессиялық дәрілер. Бірақ осы аурудан арылу үшін дәрігердің көмегіне ерікті түрде жүгінетіндердің саны 15 пайызды ғана құрайды екен. Осыған орай Гарвард университетінің ғалымдары бірнеше клептоманға емдік шаралар қолданып, зерттеу жүргізген.
Нәтижесінде ғалымдар «Олар біреудің затын қолды етуге еріксіз итермелейтін ішкі сезімдерден зардап шегеді» деген қорытындыға келген. Сондай-ақ клептомандардың көбісі психикалық үлкен соққыларға ұшыраған жандардан шығатындығы да тұжырымдалған. Ғалымдардың айтуынша, олар адамның көңіл күйіне тікелей әсер ететін ағзадағы серотониннің жетіспеушілігінен де зардап шегетін көрінеді. Сол себепті антидепрессиялық дәрілерді қабылдау ағзадағы серотонин деңгейін көтеріп, клептомания синдромын әлсіретеді деп есептейді.
ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?
Ұрлық істеген адам Алла алдында жазасыз қалмайды. Шариғат заңы бойынша, ұрлық істегендерге бұл дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар көрінеді. Біреудің малмүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады екен.
Демек, шариғатта айтылған тыйымдардан Алла Тағала пенделерді біреудің хақына қол сұғудан, ала жібін аттаудан сақтанғанымызды қалайтынын аңғаруға болады.
ӘДЕТ ПЕ, ӘЛДЕ МӘЖБҮРЛІК ПЕ?
Психологтардың айтуынша, ұрылар өз ісінен қысылып, ыңғайсыздануы да мүмкін. Бірақ олар әдейі істемейді. Жай ғана эмоцияға беріліп, сол сәтте өзіне жауап бере алмай қалады екен. Бойында қан ойнап, оңтайлы сәт келе қалса, қолдары қалтырап, әлденені жымқырып кетуге ұмтылады. Адреналин! Жүрегі тарсылдап, елегізіп, әлдене алғанша сол біртүрлі сезімнің шырмауынан шыға алмай қалады. Оңашада өкініп, опық жеп, өз-өзімен арпалысуы әбден мүмкін. Алайда оңтайлы сәт келсе, ұрлап үйренген адам өзін-өзі ұстай алмайды екен. Ұрының бәрі ұрлыққа жоқшылықтан бармайды. Бойын әлдебір тәуелділік билеп, ішкі сезімі еркінен тыс мазалап, көзі түскен затты алмасына жанын қоймайды. Ұрлап болған соң жаны жай тауып, ерекше ләззатқа бөленетіні сондықтан.
Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебінде үнемі ұрлық жасай беріп, ақырында анасы тәртіп сақшыларына өз қолымен тапсырған жасөспіріммен тілдескен едік.
Үнемі әр нәрсені үптеп кете беретін жас баладан осы ісінің себебін сұрап едім, балалығы ма, әлде мақтанғысы келді ме, еш қымсынбастан басынан кешкен оқиғасын айта жөнелді.
Бірде базарға барған бір таныс жігіттің нөпір адамның арасында төс қалтасынан ақша жоғалтқаны бар еді. Сонда тапатал түсте төсқалтасынан ақшаны қалай байқатпай алғанына таңданған жігіт базардағы жұртқа, тәртіп сақшыларына мұң шағып, мән-жайды айтып жүгінгенде: «Е, төсқалтаңнан ұрланса, екі саусақпен алатын ең икемді ұрының тірлігі екені көрініп тұр. Бізде мұндай ұрлыққа епті бір-ақ адам бар, ол пәленше», – деп базардағы сатушылар шулап қоя берген екен. Расында да затын сол айтқан адам алған болып шыққан. Ұрыны ұстағанда көкірегін қарс айыра күрсініп: «Еңбегімнің зая кеткені-ай, көз ілеспес жылдамдықпен, көз алдынан алып кетіп едім ақшасын. Бұл да бір ерлікпен тең дүние ғой. Өзімді-өзім сынап, енді ғана ісім алға басып, жақсы нәтиже беріп келе жатыр еді», – деп күйінген екен. Расында, ұрылар саусақтарына қатты көңіл бөлгені соншалық, қолдарын сүтпен жуатын көрінеді. «Ұрылар аузына ұстараның жүзін (лезвия) салып жүреді екен» деген де сөз бар. Бұл сөмкенің астын, кейде қалтаны тіліп жіберіп, көз ілеспес жылдамдықпен керек затын ұрлау үшін керек.
Бірде әжелердің әңгімесіне құлақ түрдік. Сонда бір отбасына келін болып түскен әйел туралы айтып отыр екен. Жас келін барған үйін үптеп кете беріпті. Қолға ілінетін түк таппай қалса, дастарқан басынан-ақ кәдімгі шайды алақанына құйып алып жөніне жүре береді екен. Ал өзі ұрлап алған киім-кешекті де еш қымсынбастан ұрланған киім егесінің алдында киіп жүре беретін көрінеді. Сол келін болып түскен отбасы қанша жанжалға ілігеді. Келінге айтылып, ескертіліп, неше мың мәрте ұрыс-керіс болса да ұрлыққа деген тәуелділігін қоя алмапты. Әйелдің ұрлаған затын айтып көрші-қолаң, туған-туыс келе берген соң намыстанған ата-енесі келінді ортаға отырғызып, сұрақтың астына алады.
Келінді затын ұрлатқан адамдардан кешірім сұратып, ерсі қылығынан зәрезап болып, намыстанған отбасы оны төркініне апарып тастаған екен. Өмірден алынған осы оқиға барысынан-ақ бұл ерсі қылықтың шырмауынан шығу оңай емес екенін ұғуға болады. Бір жолы ұрлық жасап, істі болған жігіттің әңгімесін тыңдағаным бар. Ол бұл қылмысқа баруға қалай мәжбүр болғанын айтып берген еді.
Иә, ұрының да түр-түрі барын осы хикаялар айғақтап тұрғаны анық. Бірі оңай ақша тапқысы келгендіктен осы жолға түссе, бірі жоқшылықтан, мәжбүрлікпен қылмыс жасайды. Енді бірі клептомания ауруына ұшырағандықтан бұдан бас тарта алмайды.
Қоғамдық көлік, базар, адам көп шоғырланған орын – ұрылардың нағыз қайнаған ортасы. Ұрылардың дәл осындай орындарға барғанда бойын ерекше сезім билеп, әлденені жымқырғанда қуанышы қойнына сыймай, жолы болғанына қуанып, жадырап сала беретінінің куәсі болған едім. Олардың кейбірі тек ұрлап қана қоймай, алаяқтық пен қарақшылықты қатар алып жүреді екен.
Бір жолы қоғамдық көлікке үлкен жол сөмкемді көтеріп мінгенім сол еді, отыздан асқан жігіт барынша дауыстап: «Қыз балалардың онсыз да нәзік жанына салмақ қосып, ауыр сөмке көтертіп қойған жараспайды. Ер-азаматтар осындай аруларға қалай ғана дәті барып ауыр көтертеді өзі?!» – деп барылдай сөйлеп, сөмкемді алдына алып отырды. Көлік аялдамаға тоқтағанда үнсіз отырып қалды да, орнынан қозғала бергенде «Тоқта!» деп бар дауысымен айқайлап түсіп қалды. Жол ақысын төлеуге ұмтылғанымда ғана әмиянымның жоқ екенін байқадым. Әлгі жігіттің қылығы есіме түсіп, соның алып кеткенін ұқтым. Бірақ тым кеш еді...
Дана халқымызда «Еңбек етпесең, не қорлықта қаласың, не ұрлыққа барасың» деген сөз бар. Ендеше еңбек ет, нәпақа тап. Ар ұялатын іс қылма!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ