Жаңалықтар

Сәбиге өмір, анаға бақыт сыйлаған акушер

Өмір – бір-біріне қамқор жандармен сәулелі. Адам болып жаратылған соң бес күн жалғанда айналаңа жақсылық жасап, жығылғанға сүйеу, сүрінгенге демеу болып жүргенге не жетсін?! Біздің бүгінгі кейіпкеріміз акушер Балдырған Сәрсенбаева да елдің алғысын арқалап жүрген жақсылыққа жаны жақын адам.

Жүзінен нұр шашып тұратын Балдырған Дөнесханқызы облыстық перинаталдық орталықта ана мен баланың бірге болу бөлімінде акушер болып қызмет атқарады.

Балдырған Сәрсенбаева 1982 жылы 12 ақпанда Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Қызметіне берілген акушер ретінде көп жыл бойы ана мен баланың амандығы үшін қызмет етуде.

Өз ісіне берілген акушер Балдырған Сәрсенбаева қызметінде ерекше адалдық пен кәсібилік танытуда. Балдырған үшін елдің алғысынан артық марапат жоқ. Дәрігерді емделушілері қаншама жылдар өтсе де іздеп келіп жатады. Өмірге келуіне өзі себепші болған балаларды көру жүрегін шаттыққа толтырып, көңілін қуанышқа бөлейді. Ұрпақ өрбітіп, өмірге бала әкелетін аналар үшін денсаулық ең маңызды. Сондықтан олар өздерін ана болу бақытына ие еткен дәрігерге деген алғыс-ілтипаттарын білдіреді.

Мына жарық әлемде ананың омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын идірген сәбидің қылығына жетер қандай қуаныш бар? Өмірге дені сау, он екі мүшесі бүтін сәби әкелу – әрбір ананың арманы. Ал құрсақтан шырылдап шыққан шақалақтың кіндігін кесіп, ең бірінші қолға алатын акушердің еңбегі тіптен ерен.

Балдырған Дөнесханқызы – жанұясында сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Сәкен Найманхановпен көңіл жарастырып, 2012 жылы отасып, қазіргі кезде екеуі бір қыз тәрбиелеуде.

Мейірім, білім, шыдамдылық – медицинаға жүрек қалауымен келген адамға ғана тән. Медицина қызметкері пациенттерге кәсібилік, шынайы жанашырлық және моральдік қолдауымен ерекшеленеді. Қай кезде де жылы жүзімен, кәсіби шеберлігімен дараланып тұратын Балдырған акушерде мұндай игі қасиеттер басым.

Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ