Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі
«Ас – адамның арқауы» деп қазақ тауып айтқан. Ас болмаса тіршілік ету мүмкін емес. Ол адам бойына күш-қуат беріп, өсіріп, жетілдіреді. Бірақ сол асты біз қалай тұтынып жүрміз? Бұл сұраққа базбіреулер жеңіл-желпі қарауы әбден мүмкін. Егер дұрыс тамақтанбасақ, ағзаларымыздың қызметін бұзып, әртүрлі ауруларға душар болуымыз мүмкін. Көптеген аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтану керек екенін білсек те мән бере бермейтініміз бар.
Дұрыс тамақтануды қолға алған кезде қандай кеңестерді ескерген жөн? Басты ереже – ағзаны күйзеліске түсірмеу. Себебі калорияның адам бойында (ағзаларда) азайып кеткенінен тіндер қиналады, тіпті ағзалардың қызметі бұзылады. Сондықтан дұрыс тамақтана білген жөн.
Біз төменде тамақтануға қатысты бірқатар маңызды мәселені атап өткенді орынды санадық.
1. Термиялық өңдеуді азайту.
Егер көкөністерді ұзақ қайнатса және етті ұзақ бұқтырып пісірсе, оның құрамындағы пайдалы заттар азая түседі. Сондықтан термиялық өңдеу барынша аз болуы керек. Қуырылған тамақтардан бас тартып, оның орнына буға және суға піскен тамақтарды таңдағаныңыз жөн.
2. Түрлі өнімдер тұтыну.
Рационда әртүрлі өнімдер болуы керек: ет, балық, көкөніс, бұршақ тұқымдастар, жемістер, саңырауқұлақ және тағы да басқа. Әр өнім – дәрумендер мен минералдардың көзі екенін ұмытпайық.
3. Уақытында тамақтану.
Күні бойы өзіңізді жақсы сезіну үшін және күш жинау үшін тамақтану аса маңызды. Кесте бойынша тамақтануды әдетке айналдыру арқылы жүйке жүйесі қалпына келеді, ұйқы реттеледі және қан қысымы мен тамырлардың жағдайы жақсарады.
4.Тұз бен қантты бақылауда ұстау.
Тұз бен қанттың мөлшерін шектеу қажет. Газдалған сусындарды мүлдем ішпеген жөн: олардың құрамында қант мөлшері өте көп. Оның орнына көк шай мен компот ішіңіз. Рационыңызда жаңа піскен пісірмелер (тәтті тоқаштар мен бәліштер) және калориясы көп десерттер бар кезде дұрыс тамақтану жайында сөз жүрмейді.
5. Пайдалы тіскебасарлар.
Ағза жаңа рационға бірден үйреніп кете алмайды, сондықтан оны аса шектеудің қажеті жоқ. Бірақ сонда да бутерброд немесе тәтті тоқаш сияқты тіскебасарлар жайында ұмыту керек. Оның орнына жемістер, дәнді печеньелер, айран, жаңғақ немесе кепкен жемістер жеңіз. Таңғы ас, түскі ас және кешкі аста ғана тамақтану керек деген қатып қалған ереже жоқ. Диетологтар аз-аздан, бірақ күніне 5-6 рет тамақтану керектігін айтады. Сондықтан негізгі тамақтану уақыттарының арасында бір мезгіл пайдалы тіскебасарлар жеуді ұмытпаңыз.
6. Сағат 18:00-ден кейін тамақ жеуге болады ма?
Көпшілік кешкі сағат 6-дан кейін тамақ жеуді дұрыс емес деп жатады. Кей адамдар ұзақ уақыт, кейде түнге дейін жұмыс істейді немесе үлкен қалада тұратын адамдар үйге келіп тамақ істегенше уақыт 20:00-ден асып кетіп жатады. Яғни олар үшін 18:00-ден кейін тамақ ішпеу қиынға соғады. Тамақ ішпестен ашқарынға жатып, өзіңізді аса қинаудың қажеті жоқ. Бастысы ауыр тамақтарды ( қ у ы р ғ а н к а рт о п , м а к а р о н , қарақұмық, күріш және тағы басқа) жеңіл өнімдерге (көкөністер салаты, балық, суға не буға піскен ет, айран және тағы басқа) ауыстырыңыз.
7. Түскі ас ережесі.
Кешкі ас жеңіл, ал түскі астың тойымды болуы керек екенін естиміз. Бірақ бұл ақпаратты әркім әртүрлі түсінеді. Тойымды тамақ дегеніміз, оның көп болуын білдірмейді. Дұрыс тамақтануға көшкен кезде әдеттегі тамақ үлесін біраз азайту керек болады. Бірақ тамақ санын өзгертпеңіз. Мысалы: түскі асқа аздап сорпа ішіңіз, көкөністі салат пен аздап еті бар тамақ жеңіз және бір стақан айран (немесе компот) ішіңіз.
8. Таңғы ас – Тәңірден.
Көпшілік таңғы асқа жеткілікті уақыт бөле бермейді. Таңғы ас ішпеуге сылтау көп. «Үлгермеймін», «оның орнына ұйықтап алайын», «таң атпай тамақ батпайды» және тағы сол сияқты. Сөйтіп, асығыс үйден немесе жұмыстан тәтті печеньемен бір стақан шай немесе кофе ішіп алады. Бұл дұрыс емес. Таңғы асқа ботқа, омлет немесе салат дайындау керек.
9. Етті дұрыс таңдау.
Ет – пайдалы өнім. Одан толықтай бас тартудың қажеті жоқ. Тек оның майлы түрлеріне шектеу қойыңыз. Сонымен қатар оны қалай дайындайтыныңыз маңызды. Қақталған, сүрленген және қуырылған ет зиянды, ал оның буда қыздырып пісірілген және суға қайнатылған түрі орынды. Ет қосылған тағамды түскі астың уақытында жеген орынды.
10. Жемістер мен көкөністер – көмірсулар көзі.
Олар күнделікті рационыңызда болуы керек. Оларды шикілей жеген пайдалырақ. Сондай-ақ қайнатуға, буға және пешке пісіруге болады. Жемістердің құрамында тәбетті ашатын қант пен қышқылдар болатындықтан оны кешке – ұйықтар алдында жемеген жөн.
11. Сүт кез келген жаста пайдалы.
Айран, йогурт, сүт, сүзбе, қаймақ – бұлардың барлығы қай жаста болмасын ағзаға өте пайдалы. Тек олардың май үлесі аз түрлерін таңдау керек.
12. Су ішу.
Кейде шөлдеу де «қарныңыз ашқан» кездегідей белгілер береді. Сондықтан тамақ жегіңіз келген кезде алдымен бір стақан су ішіп көріңіз. Күніне 2 литр су ішсеңіз, қарныңыз күні бойы ашпайды. Су тепе-теңдігін ұстап тұру тек асқорыту жұмысына емес, сонымен қатар қан қысымына, әсіресе тері жағдайына пайдасы мол. Бөлме температурасындағы газдалмаған су ішу керек. Оған аздап лимон суын қоссаңыз артық болмайды.
13. Дұрыс тамақтану мен диета – екі түрлі нәрсе.
Дұрыс тамақтануға уақытша нәрсе секілді қарамаңыз. Қандай да бір шектеулер қойып алып, оның бір күні бітетінін ойлап, шыдап жүрудің қажеті жоқ. Жаңа өмір сүру салтыңызды бірден өзіңізге ыңғайлы етіп жасап алыңыз. Диета – ағзада пайда болған дертті емдеудің тәсіл-жүйесі. Ал дұрыс тамақтану өміріміздің бір мәні. Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қазақтың дана сөзі есте болған жөн.
Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ»
жоғары медициналық колледжінің оқытушысы