Жаңалықтар

«Жаһандық құзыреттер» пәні: тұлғаны жаһандық ортаға бейімдеу алаңы

Қасымбек Айсұлу Асылханқызымен сұхбат Айсұлу Қасымбек Асылханқызы — әлеуметтік ғылымдар магистрі, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі. Ол білім беру саласында үлкен тәжірибеге ие маман және «Arman-PV» баспасынан жарық көрген «Жаһандық құзыреттер» оқулығының авторы. Жаңа оқулық оқушыларды мәдениетаралық байланыстарға үйретіп, сыни ойлау, қаржылық сауаттылық, экологиялық тәрбие және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын дамытуға бағытталған.

"Жаһандық құзыреттер" түсінігінің Қазақстан оқушылары үшін маңыздылығы қандай? Бұл құзыреттер олардың білім алуына және болашақ мансаптық мүмкіндіктеріне қалай әсер етеді?

-Жаһандық құзыреттер — оқушылар үшінаса маңызды дағдылар жиынтығы. Бұл құзыреттер оқушыларды тек мәдениетаралық ортада байланыс орнатуға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге, экологиялық мәселелерге назар аударуға және қаржылық сауаттылықты игеруге негіз болады. Бұл білім қазіргі әлемдегі қарқынды өзгерістер мен жаһандану үрдісінде маңызды рөл атқарады. Ол үшін оқушылар өз елінің мәдениетін жоғары деңгейде білумен қатар, өзге елдердің мәдени ерекшеліктерін түсініп, бейімделуі қажет. Осы құзыреттер болашақта оқушылардың мансабын айқындауға, халықаралық деңгейде өз жолын табуына мүмкіндік береді. Жаһандық құзыреттерді меңгерген жастар жаһандық мәселелерді шешуге қабілетті мамандар ретінде танылып, халықаралық компанияларда және ұйымдарда жұмыс істеу мүмкіндіктеріне ие болады.

Оқулық жазу барысында қандай халықаралық тәжірибелер мен әдістемелерге сүйендіңіз? Бұл тәжірибелерді Қазақстандық білім беру жүйесіне қалай бейімдедіңіз?

-Біз ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, халықаралық үздік тәжірибелерге сүйендік. Мысалы, Финляндияның жобалық және проблемалық-бағдарланған оқыту әдістемелері, Сингапур мектептеріндегі мәдениетаралық түсінікті дамытуға бағытталған бағдарламалары және Жапонияның экологиялық жауапкершілік пен әлеуметтік құндылықтарға негізделген білім беру жүйесі біз үшін маңызды үлгі болды.. Сонымен қатар, PISA және TeachUNICEF сияқты бағдарламалардың талаптарына сәйкес келетін тапсырмалар мен жағдаяттар енгізілді. Бұл тәжірибелерді оқулыққа бейімдеп, оқушыларға жаһандық мәселелер мен тенденцияларды түсінуге, өз елінің мәдениетін сақтау мен жаһандық азаматтықты қатар дамытуға көмектестік.

Біз ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, халықаралық үздік тәжірибелерге сүйендік. Мысалы, Финляндияның жобалық және проблемалық-бағдарланған оқыту әдістері, Сингапур мектептеріндегі мәдениетаралық түсінікті дамыту бағдарламалары, сондай-ақ Жапонияның экологиялық жауапкершілік пен әлеуметтік құндылықтарға негізделген білім беру жүйесі біз үшін маңызды бағдар болды. Сонымен бірге, біз PISA және TeachUNICEF сияқты халықаралық стандарттарға сәйкес тапсырмалар мен жағдаяттарды енгізіп, оларды оқушылардың жас ерекшелігіне қарай  бейімдей енгіздік. Бұл тәжірибе оқушыларға жаһандық мәселелерді жан-жақты түсініп, өз ұлтының мәдениетін құрметтеуіне, жаһандық кеңістікке бейімделіп, тұлғалық, азаматтық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік тудырады.

"Жаһандық құзыреттер" оқушылардың сыни ойлау дағдыларын дамытуда қандай рөл атқарады? Оқулықтағы қандай тапсырмалар немесе әдістер осы қабілеттерді қалыптастыруға бағытталған?

-"Жаһандық құзыреттер" оқулығының әр тапсырмасы оқушылардың сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл тапсырмалар арқылы оқушылар ақпаратты зерттеп, әртүрлі дереккөздерді салыстыра отырып, өз ойларын дәлелдеуді, түрлі көзқарастарды талдауды үйренеді. Сыни ойлау қабілеті оқушыларға күрделі мәселелерді түсініп, тиімді шешімдер қабылдауға, мәселелерді жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл дағдылар олардың болашақ мансаптарында көшбасшылық пен жаңашылдық қасиеттерін дамытып, бәсекеге қабілетті тұлға болуына көмектеседі.

Оқулықтағы тапсырмалар мен әдістер оқушылардың қызығушылықтарын, мүмкіндіктерін, жас ерекшеліктерін ескере отырып дайындалған. Мысалы, комикстер мен көрнекі кейстер ұсынылады. Оқушыларға жаһандық мәселелерді қарапайым тілде түсіндіретін комикстер немесе суреттер беріледі. Осы көрнекі ақпарат негізінде олар мәселенің себебін түсініп, оны шешу жолдарын ұсынады. Бұл әдіс деректерді визуалды қабылдауды жеңілдетіп, сыни талдауға дағдыландырады.

Сонымен қатар, топтық зерттеулер мен жобалар да маңызды рөл атқарады. Оқушыларды топтарға бөліп, нақты бір жаһандық мәселені зерттеу тапсырмасы беріледі. Мысалы, қоршаған ортаны қорғау немесе мәдениетаралық байланыстар тақырыбында зерттеу жүргізеді. Топтық жұмыс барысында әр оқушы өз ойын білдіріп, басқалардың пікірін тыңдай отырып, түрлі көзқарастарды бағалайды.

Тағы бір тиімді әдіс – рөлдік ойындар. Бұл жерде оқушыларға әртүрлі елдердің өкілдері рөлін беріп, белгілі бір жаһандық мәселелерді талқылау тапсырмасы беріледі. Мысалы, климаттың өзгеруі немесе жаһандық экономикалық байланыстар тақырыбында пікірталас жүргізеді. Бұл рөлдік ойындар оқушыларды басқа көзқарастарды түсінуге және жағдайды әртүрлі қырынан қарастыруға үйретеді.

Геймификация да сыни ойлауды дамытуда өте тиімді әдіс. Мысалы, "Глобалдық саяхатшы", "Сыни ойлау карталары", "Жаһандық детектив" сияқты ойындар арқылы оқушылар ұпай жинайды, деңгейлерді өтеді, марапаттарға ие болады. Бұл әдіс сыни ойлау, ақпаратты талдау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытып қана қоймай, оқушылардың қызығушылығын арттырады.

Жаһандық құзыреттерді игермеген адамдар кәсіби немесе жеке өмірде қандай қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін?

-Жаһандық құзыреттерді меңгермеген адам мәдениетаралық ортада қарым-қатынас жасау барысында қиындықтарға тап болуы мүмкін. Әртүрлі мәдениет өкілдерімен байланыс орната алмау, халықаралық ортада бейімделу қабілетінің төмендігі жеке өмірде де, кәсіби тұрғыдан да қиындықтар тудырады. Сонымен қатар, тиімді шешім қабылдау дағдысының болмауы сенімсіздікке және жұмыс барысында белсенділік таныта алмауға әкелуі мүмкін. Бұл дағдылар жаһандық азаматтықтың ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан оларды меңгеру әрбір азамат үшін маңызды.

Оқулықта оқушыларға нақты өмірде қолдануға болатын практикалық құралдар ұсынылған ба? Егер иә, қандай әдістер оқушылардың дағдыларын тәжірибе жүзінде жетілдіруге көмектеседі?

-Иә, оқулық оқушыларға нақты өмірде қолдануға болатын практикалық жұмыс алгоритмдерін ұсынады. Мысалы, әр бөлімде "Кел, ойланайық!", "Өзіндік жұмыс", "Жағдаяттық тапсырма" сынды айдарлар арқылы оқушылардың дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін тапсырмалар қарастырылған. Сонымен қатар, медиасауаттылық пен қаржылық сауаттылықты дамытуға арналған арнайы бөлімдер бар. Бұл бөлімдерде оқушыларды ақпаратты сын көзбен қабылдауға, қаржыны дұрыс басқаруға және жауапты шешім қабылдауға үйрететін тапсырмалар қарастырылған. Оқушылар тапсырмаларды топпен немесе жұппен орындау арқылы әлеуметтік дағдыларын да жетілдіреді.

"Жаһандық құзыреттер" оқулығы оқушылардың әлеуметтік жауапкершілік сезімін дамытуға қалай ықпал етеді? Оқулықтағы тапсырмалар осы жауапкершілікті арттыруға қалай ықпал етеді?

-Жаһандық құзыреттер тек білім беріп қана қоймай, оқушыларды әлеуметтік жауапты азамат ретінде тәрбиелейді. Оқулықта ұсынылған тапсырмалар оқушыларды жаһандық мәселелерден хабардар болуға, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағыттайды. Сонымен қатар, экологиялық тәрбие және азаматтық жауапкершілік тақырыптары да қамтылған. Бұл бөлімдер оқушыларды экологиялық таза өмір салтына және қоғамдағы өз рөлін түсінуге үйретеді. Ұжымдық жұмыс пен ынтымақтастық дағдыларын дамытуға, топта көшбасшылық қабілеттерін көрсетіп, қоғамның дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұл оқушылардың болашақта тұрақты даму мен этикалық жауапкершілікті сезінетін тұлғаларға айналуына ықпал етеді.

Қазақстанда оқулық қалай жазылады? Бұл үдеріс көпшілік ойлағандай оңай ма?

-Көпшілік оқулық жазу процесін өте жеңіл шаруа деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, бұл күрделі, көп уақыт пен күшті талап ететін жұмыс. Оқулық жазу — тек мәтін құрастыру ғана емес. Бұл — мазмұнды ғылыми негізге сүйене отырып, білім алушылардың жас ерекшеліктері мен оқу бағдарламасына сәйкес жазуды қажет ететін күрделі процесс.

Алдымен, оқулықтың концепциясы мен құрылымы анықталады. Бұл кезеңде қандай дағдыларды оқушыларға беру керек, қандай тақырыптар қамтылуы тиіс екені жоспарланады. Одан кейін материалдарды дайындау басталады. Ол кезде біз көптеген ғылыми және әдістемелік әдебиеттерді, халықаралық тәжірибелерді зерттейміз. Қазақстандық оқушылардың менталитеті мен ұлттық құндылықтарды ескере отырып, халықаралық талаптар мен стандарттарды да қатаң сақтауымыз қажет.

Сондай-ақ, оқулықты жазу кезінде көптеген сараптамалық тексерістер жүргізіледі. Бірнеше рет редакцияланып, сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары ескеріледі. Автор ретінде, әрбір тапсырманы, әрбір мәтінді оқушыларға қалай тиімді жеткізуге болатынын үнемі ойластырып отырамын. Бұл өте жауапты жұмыс, өйткені әрбір тарау, әрбір тапсырма — білім алушылардың болашақта қандай дағдыларға ие болатынын айқындайды.

Оқулықтарды әзірлеу барысында авторлар мен сарапшылардан ғана емес, оқушылар мен мұғалімдерден де кері байланыс алып отырамыз. Бұл үдеріс нәтижесінде оқулықтар үнемі жетілдіріліп, оқушылардың қажеттіліктеріне бейімделеді. Сондықтан, бұл оңай шаруа емес, керісінше ұзақ, жан-жақты ойластырылған және кәсіби көзқарасты талап ететін күрделі жұмыс.

Оқулық жазу үдерісі қандай кезеңдерден тұрады?

-Оқулық жазу – күрделі және көп қырлы үдеріс, ол бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіден, зерттеу және жоспарлау кезеңі. Бұл кезде алдымен оқулықтың қандай мақсаттарға қызмет ететіні анықталады. Мысалы, пәннің негізгі тұжырымдамалары, білім беру деңгейлері мен мақсаттары айқындалады. Содан кейін, оқулықтың құрылымы мен бөлімдері жоспарланады, негізгі тақырыптар мен бөлімдер тізімі жасалады.

Келесі кезең – мазмұнын құрастыру. Бұл кезде тақырып бойынша ғылыми әдебиеттер, зерттеулер, оқулықтар және басқа дереккөздер талданады, жиналған ақпарат жүйеленіп, қажетті мәліметтер іріктеледі.

Үшінші кезең – жазу кезеңі. Әр бөлім жазылып, оқулықтың стилі, тілі және форматтау талаптары сақталады. Сонымен қатар, мазмұнды көрнекі түрде толықтыру үшін суреттер, кестелер, графиктер мен схемалар енгізіледі.

Төртінші кезең – редакциялау. Бұл кезеңде мәтін грамматикалық, стилистикалық және фактілік қателерден тазартылып, оқу жеңілдігі үшін қайтадан редакцияланады. Оқулықтың мазмұны мамандардың пікірлерін ескере отырып, сараптамадан өтеді.

Соңғы кезең – басып шығару. Оқулық баспа процесінен өтіп, оның дизайны мен визуалды элементтері дайындалады. Кейін оқулық сараптамаға ұсынылып, эксперимент алаңдарына таратылады. Оқушылар мен мұғалімдерден кері байланыс алып, пікірлер мен ұсыныстар негізінде келесі басылымдарға түзетулер енгізіледі.

Оқулық жазу кезінде қандай негізгі қиындықтар туындайды?

-Негізгі қиындықтардың бірі – бұл процеске көп уақыт қажет болады. Оқулық жазу ұзақ және қажырлы процесс, оған бірнеше ай немесе тіпті жылдар қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар, мазмұнның дәлдігі де маңызды мәселе. Ғылыми дәлдікті сақтау, барлық ақпаратты дұрыс әрі түсінікті түрде жеткізу – маңызды міндет. Одан бөлек, оқу бағдарламалары мен стандарттарына сәйкестікті сақтау керек.

Сондай-ақ, жаңа әрі тиімді әдістерді ойлап табу үшін шығармашылық көзқарас та қажет. Оқулық жазу барысында шығармашыл топ құрамындағы ғалымдар, мұғалімдер, әдіскерлер және зерттеушілердің терең білімі мен тәжірибесі өте маңызды.

 

 

Сұхбаттасқан Есен ӨТЕУЛІ