Цифрлық Қазақстан

Илон Маск: инновация, тәуекел және болашаққа көзқарас

Илон Маск – қазіргі заманның ең танымал кәсіпкерлерінің бірі, технологиялық прогресс пен инновацияларды өз еңбегімен жылдамдатқан тұлға. Ол өзінің көп қырлы өмірімен, тынымсыз еңбегімен және үлкен мақсаттарға ұмтылуымен әлем назарын аударды. Масктың жетістігіне жол ашқан ең ірі жобаларының бірі – SpaceX. Компания ғарышты игеру саласында алдыңғы қатарда келе жатыр. Масктың мақсаты – адамзатты ғарышта жаңа деңгейге шығару, Марсты отарлау және ғаламның шекараларын кеңейту.

Илон Маск 1971 жылы Оңтүстік Африка Республикасының Претория қаласында дүниеге келген. Әкесі – инженер, анасы – диетолог әрі модель болған. Жасөспірім шағынан Маск компьютерлерге қызығып, өз бетімен бағдарламалауды үйренді. 12 жасында өзінің алғашқы видео ойынын жасап, сатты. Бұл оның кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамы еді.

Маск білім алу мақсатында Канадаға көшіп, кейінірек АҚШ-қа барады. Пенсильвания университетінде физика және экономика салаларында екі диплом алады. Университетті бітіргеннен кейін Маск бизнеске бет бұрып, өз компанияларын құра бастады. Ол алғаш «X.com» деп аталатын онлайн төлем жүйесін құрды. Бұл кейіннен «PayPal» компаниясына айналды, ал «PayPal»-ды «eBay» компаниясы сатып алып, Маскке алғашқы миллиондарын әкелді.

Илон Масктың негізгі миссиясы адамзаттың болашағын жақсарту және тұрақты энергия көздерін дамыту болды. Ол осы мақсатта бірқатар ірі жобаны қолға алды. Оның «Tesla Motors» компаниясы электромобильдер индустриясына революция жасады. Маск электромобильдердің танымалдылығын арттырып қана қоймай, олардың қолжетімді болуын да қамтамасыз етті. «Tesla» автокөліктері нарықта үлкен сұранысқа ие болып, таза энергия мен экологиялық тұрақтылыққа ұмтылатын инновациялық өнім ретінде танылды.

Алайда Илон Масктың ең батыл жобасы – «SpaceX». 2002 жылы құрылған бұл компания ғарышқа сапарларды қолжетімді етіп, адамзаттың ғарыш кеңістігін игеру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатын көздейді. «SpaceX»- тің алғашқы жылдары қиындықтарға толы болды, бірақ Масктың табандылығы мен инновациялық көзқарасының арқасында компания сәттілікке жетті. 2012 жылы «SpaceX» алғаш рет коммерциялық ғарыштық миссияны орындап, Халықаралық ғарыш стансасына жүк жеткізді. Осылайша Маск тарихта жеке компания ретінде ғарыштық стансамен байланыс орнатқан алғашқы кәсіпкер болды.

«SpaceX» компаниясының жетістіктері мұнымен шектелмейді. 2020 жылы «SpaceX» NASA-мен бірлесіп, Crew Dragon миссиясы аясында америкалық ғарышкерлерді Халықаралық ғарыш стансасына жеткізді. Бұл АҚШ-тың ғарышқа ұшырылымдарында үлкен жетістік болып саналады. Компания ғарышқа ұшырылымдарды арзандатып, қайта пайдалануға болатын ракеталар жасап, ғарыштық миссияларды тиімді ете түсті.

Масктың «SpaceX» жобасындағы басты мақсаты – Марсқа адам жіберу және оны отарлау. Ол адамзаттың тек Жер шегінде шектелмей, ғарышқа кеңінен таралуы қажеттігін жиі айтады. Бұл идея қазіргі таңда қиял сияқты көрінгенімен Масктың табандылығы мен инновациялық көзқарасы бұл мақсаттың бір күні шындыққа айналуына үміт береді.

Илон Масктың «Neuralink» компаниясы биотехнология саласында тағы бір айрықша жетістікке қол жеткізді. Кәсіпкердің айтуынша, компанияның ми импланттары алғаш рет науқасқа ой күшімен шахмат ойнауға мүмкіндік берді. Бұл жаңалықты Маск X (бұрынғы «Twitter») әлеуметтік желісінде жария етті. «Neuralink» компаниясы 2022 жылы адам миына чип салуға ресми рұқсат алғаннан бері бірқатар маңызды қадамды жүзеге асырып келеді. Алғашқы имплантация 2023 жылдың қаңтар айында жасалып, ол медицина мен нейротехнологияның жаңа дәуірін бастады.

Илон Масктың болашаққа жоспарлары ауқымды. Ол тек «Tesla» және «SpaceX» жобаларымен ғана шектелмей, адамзаттың ғарыштағы болашағын да ойлайды. Маск адамзаттың ғарышта өмір сүру мүмкіндігін қарастыруда. «SpaceX» арқылы ол коммерциялық ғарыштық сапарларды ұйымдастырып, ғарышты игерудің жаңа кезеңін бастауға тырысады. Сонымен қатар оның «Neuralink» жобасы адам мен машинаның арасындағы байланысты тереңдетуге бағытталған. Бұл жобаның мақсаты – мидың мүмкіндіктерін кеңейту, неврологиялық ауруларды емдеу, сонымен қатар адамдардың интеллектуалды әлеуетін арттыру.

«Neuralink» компаниясының парақшаларында миына чип кіріктірілген 29 жастағы Нолан Арбоның шахмат ойынындағы трансляциясы көрсетілді. Арбо сал болып туған, оның иығынан төмен барлық дене мүшелері толықтай сезімсіз. Бұған дейін ол ешқашан өздігінен шахмат ойнай алмаған. Бірақ «Neuralink» чипінің арқасында Арбо алғаш рет шахмат ойнауға мүмкіндік алды. Видеодан оның компьютер экранындағы шахмат тақтасында фигураларды және курсорды ой күшімен басқарғанын көруге болады.

Бұл орасан жетістік «Neuralink» компаниясының айрықша миссиясымен тікелей байланысты. Илон Маск бірнеше мәрте компаниясының мақсатын түсіндіріп, бұл технологияның ең алдымен аяқ-қолын басқара алмайтын адамдарға арналғанын айтқан еді. «Neuralink» импланттары ойлау қабілетін сақтаған, бірақ дене мүшелерін басқара алмайтын науқастарға көмек беруді көздейді. Нолан Арбо бұған дейін осы технологияны қолданып, тышқанның курсорын ой күшімен басқарып үйренген болатын. Енді ол шахмат ойнап, нейротехнологияның мүмкіндіктерін кеңейте түсті.

Ми мен компьютерді біріктіретін «Neuralink» жобасы болашақта көптеген ауруды емдеу мақсатында қолданылуы мүмкін. Мұндай технологиялар неврологиялық аурулармен күресте және салданған адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашуда ерекше рөл атқаратын болады. «Neuralink»-тің жетістігі медицинада мүгедектікке қатысты көптеген мәселені шешуге көмектесіп, технологияның адам өмірін жақсарту үшін қандай деңгейге жете алатынын көрсетіп отыр.

Масктың кеңестері мен қағидалары көбінесе инновация, тәуекелдерді қабылдау және қоғамның болашағын жақсарту мақсатындағы әрекеттермен тығыз байланысты. Оның өмірінің негізгі мақсаты – адамзаттың болашағын жақсарту және өмір сүру ортасын тұрақты ету. Осы орайда Илон Маск технологияның адам өмірін қалай өзгерте алатынына ерекше назар аударады. Оның кеңестері, бірінші кезекте, идеяларды жүзеге асыруда табандылық пен креативтілікті талап етеді. Маск өз тәжірибесімен бөлісе отырып, әрдайым бір істі бастағанда оған шынайы берілуді ұсынады. Айтуынша, егер сіз өзіңізге ұнайтын іспен айналыспасаңыз, онда сіз ешқашан сәттілікке жете алмайсыз. Табысқа жету үшін шынайы құштарлық қажет.

Сонымен қатар Маск тәуекелдерге бел буып, жаңа бастамаларға ашық болуға кеңес береді. Ол өзінің кәсіпкерлік жолында көптеген қиындықты бастан өткерген, бірақ әрдайым тәуекел етіп, соған орай әрекет етіп келген. Масктың айтуынша, егер сіз қателескен жағдайда оны мойындап, тәжірибе ретінде қабылдау керек. Бұл тәжірибені болашақтағы жетістіктеріңіз үшін қолдану өте маңызды. Оның бизнес әлеміндегі көзқарасы мен қағидалары, әсіресе стартаптар мен инновациялық компанияларды басқарудағы тәжірибесі жас кәсіпкерлер үшін маңызды.

Жасанды интеллект (ЖИ) Маск үшін өзекті тақырып. Ол ЖИ-дің дамуының қауіпті салдарын жиі айтып жүр. Оның пікірінше, жасанды интеллект адамзатқа үлкен мүмкіндіктер ұсынады, бірақ егер ол дұрыс реттелмесе, теріс салдарға әкеп соғуы мүмкін. Маск ЖИ-дің қауіпсіздігі мен этикасы мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Ол ЖИ-ді адамдардың бақылауында ұстау, оның пайдасын максималды түрде пайдалану және қауіптілігін минимизациялау жолдарын қарастыру қажет деп санайды. Ол ашықтық пен қауіпсіздік принциптерін ұстанып, ЖИ дамытуда этикалық нормаларды сақтау қажеттігін алға тартады.

Илон Масктың жасанды интеллектке қосқан үлесі де зор. «Neuralink» жобасы арқылы ол мидың мүмкіндіктерін дамытуға тырысады, ал «Tesla» -ның автопилот технологиясы ЖИ-дің көліктегі қолдану саласына елеулі өзгерістер енгізді. Ол ЖИ-дің болашағы мен оның адамзат үшін пайдасы мен зияны арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін белсенді түрде жұмыс істейді. Масктың пікірінше, ЖИ-дің дамуында қоғамның жауапкершілігі зор, сондықтан жаңа технологияларды енгізу кезінде этикалық және моральдік аспектілерді назарға алу керек.

Илон Масктың өмірлік қағидалары мен болашаққа деген көзқарасы әлемді өзгертуге бағытталған. Оның өз ісіне деген адалдығы, тәуекелдерді қабылдауы және адамзаттың дамуындағы жоғары мақсаттары қазіргі қоғамның дамуында үлкен рөл атқаруда. Масктың кеңестері жаңа технологиялар мен инновациялардың дамуына, адамзаттың болашағын жақсартуға арналған күш-жігерді арттыруға ықпал етуде.

Илон Масктың айтуынша, бұл тек бастамасы ғана. «Neuralink» компаниясы келешекте адам мен көліктің байланысын тереңдете түсетін технологияларды дамытуды жоспарлап отыр. Масктың басты мақсаты – адамзаттың мүмкіндіктерін кеңейтіп, болашақта технологиялар арқылы мүгедектігі бар адамдарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беру. «Neuralink»-тің қазіргі жетістіктері бұл миссияның жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Илон Масктың өмір жолы, инновациялық шешімдері мен батыл мақсаттары оны тарихтың маңызды тұлғаларының біріне айналдырды.

Айжан ӨЗБЕКОВА