Қоғам

Бюджет қаржысын жымқырғандар жазасыз қалмайды

Елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен қазына қаражатын жымқыруға бейім лауазымды тұлғалар қатары әлі де азаймай тұр.

Жақында облыстық мемлек еттік кірістер департаментінде «Мемлекеттік мекемелердің бюджетті орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қаржыны басқару кезінде сапаны жақсарту шеңберінде іс-шараларды өткізу» бойынша семинар-кеңес өтті. Маңызды мәселелер талқыланған басқосуды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті облыс бойынша қазынашылық департаменті ұйымдастырды.

Басқосуда бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және ықтимал бұзушылықтарды болдырмау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Жиынды ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Нұрдос Тойбаев ашып, мекеме тарапынан жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға тоқталды.

Семинар-кеңес барысында сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Ербол Бақтыхожаев көбінесе сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңбұзушылықтар бюджеттік саладағы мекемелерде орын алатындығын айтты. Ауылдық жерлердегі мекемелердің шаруашылық меңгерушілері мен есепшілері заңды жақсы білмегендіктен көптеген қателікке жол беретіндігін айта келіп, мемлекет қаржысын игеруде мұқият болу қажеттігін ескертті.

Ал облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаевтың айтуынша, бюджет қаражатын ұрлау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жалпы қоғамның тұрақты бақылауында болуы тиіс аса маңызды мәселе.

Атап айтқанда, өткен жылдары мектепке дейінгі мекемелер мен спорт мектептерінде қазына қаржысын жымқыру деректері көп тіркелген. Нақтылап өтсек, жоқ балалар тізімге енгізіліп, мекеме қызметкерлерінің есепшоттарына қаражат заңсыз аударылған.

Ауылшаруашылығы саласында да жемқорлық өршіп тұр. Әсіресе мемлекеттік субсидияны «майшелпек» көріп, заңды белден басатындар азаймай тұрғаны қынжылтады. Мәселен, биыл көктемде субсидияға қатысты шулы жағдай орын алды. Өзін аграрлық корпорацияның өкілімін деп таныстырған 36 жастағы Түркістан облысының азаматы диқандардың сеніміне кіріп, 40 шаруаның атынан субсидия алған. Қитұрқы әрекетін жүзеге асырмақ мақсатта шаруаларды «төмен бағада картоптың элиталық тұқымын алып беремін» деп алдап, электронды құжаттарын жинап алыпты. Осылайша субсидияға өтінім беріп, түскен қаржыны шешіп алып отырған. Қылмыскер бас-аяғы 340 миллион теңгені қалтаға басып, өз қажетіне жаратқан. Зардап шеккендердің арасында Жамбыл, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысының фермерлері бар. Алаяқ шаруаларға тыңайтқыш та алып беремін деп сан соқтырыпты. Қылмыскер әккі әрекетін 2 жыл бойы жүзеге асырып келген. Ол өзі ғана емес, бұл іске туыстарын да тартып, олардың есепшоты арқылы да ақша шешіп отырған. 40-тан аса шаруа алданды десек, оның басым бөлігі – жамбылдық диқандар. Мемлекетке келген шығын көлемі 340 миллион теңгеден асады. Оның 40 миллион теңгесі – минералды тыңайтқыш алуға бөлінген қаржы. Қылмысы әшкере болған алаяқ сот шешімімен 7 жылға сотталды.

Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын орнатуға бөлінген мемлекет қаржысына қол сұғушылар да болған. Былтыр 21 миллион теңгеден аса көлемде тамшылатып суаруға арналған субсидияны жымқырған 2 тұлға анықталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.

Салық төлеуден жалтару және білім саласында қаржы жымқыру фактілері де анықталған. Өткен жылдың қыркүйек айында 153 миллион теңге көлемінде салық төлеуден жалтару дерегі бойынша күдіктінің орналасқан жері анықталып, қазан айында Қылмыстық кодекстің 245-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілген. Былтыр желтоқсан айында іздеу шараларының нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемесінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген 11 миллион теңгеден аса қаражатты жымқыру дерегі бойынша күдікті тұлға ұсталып, биылғы қаңтар айында Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4 бөлімімен қылмыстық іс сотқа жолданған.

Баяндамашының айтуынша, жалпыға бірдей құқықтық білім беру, барлық бюджеттік процедуралар мен қаржылық операциялардың ашықтығы, бюджеттік мекемелердің қарапайым қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру және лауазымды тұлғалардың қызметіне жауапкершілік пен бақылауды күшейту қылмыстың алдын алады.

Басқосуда ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің облыс бойынша мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Әмірхан Баймағанбетов, ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті облыс бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Ғалия Болысбекова баяндама жасап, бюджет қаржысын игеруде заңбұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.

Жиын соңында қойылған сұрақтарға әрбір сала маманы жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ