Жамбыл жаңалықтары

Айналаны ластаған 37 тұрғын айыппұл арқалады

Тараз қаласының аумағында құрылыс қалдықтары, стихиялық қоқыстың тиісті орынға тасталынуы, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Айталық, өткен жылы жергілікті полиция қызметімен бірлесе Тараз қаласында күл-қоқыстарды арнайы орынға тастамаған тұлғалар бойынша іс-шаралар жүргізіліп, 1 392 тұрғынға ескерту беріліп, 35 адамға айыппұл салынған болатын.

Ал биылғы 15 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында көше бойына құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 264 заңбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 221 азаматқа ескерту берілсе, 43-іне айыппұл салынды. Сондай-ақ 15 қыркүйектен бүгінгі күнге дейін тазалық талабын сақтамаған 201 нысан иесі анықталса, 164 азаматқа ескерту берілді. Сонымен қатар 37 тұрғынға айыппұл салынды.

Жалпы тазалық сақтамаған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленген.

Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы