Азаттықтың алтын арқауы
25 қазан еліміз үшін Қазақстан тарихындағы ең маңызды даталардың бірі. Яғни – Республика күні. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің №307-XII Қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Онда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту – егеменді мемлекеттің негізгі қағидаттары ретінде белгіленді. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді.
Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз, дербес шешілетіні жарияланды.
Сол кездегі Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан – Республика күні болып жарияланды. Осы айтулы күнді атап өту біраз уақыт бұрын тоқтатылғанымен, 2022 жылдың 29 қыркүйегінен бастап Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Сондай-ақ Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдағаннан бастап, Қазақстан Республикасы көптеген ел сияқты әкімшілік реформаларды дамытудың жаңа кезеңіне өтті.
Бұл ретте негізгі шаралар мемлекеттік басқару процестерін жетілдіруге, қызметтер көрсету сапасын жақсартуға, мемлекеттік аппарат қызметінің нәтижелілігін, кәсібилік деңгейін арттыруға бағытталды.
Посткеңестік кезеңдегі қоғамдық өмірдің барлық аспектілерін қайта құру барысында мемлекеттік басқару функциялары қайта бөлінді. Мемлекеттік билік органдарының жаңа жүйесі мен құрылымы, әкімшілік басқарудың жаңа нысаны құрылды. Ол кейінірек 1993 және 1995 жылдары қабылданған Қазақстан Конституцияларында және конституциялық ережелерді іске асыру үшін әзірленген өзге де заңнамалық актілерде заңнамалық тұрғыда рәсімделді.
Бастапқы кезеңде талантты, дарынды азаматтарды мемлекеттік қызметке іріктеу және тарту жүйесі болмаса да осы бағыттағы мәселелерді шешу жолында еліміздің басшылығы тарапынан мемлекеттік аппаратты білікті кадрлармен қажетті мөлшерде қамтамасыз ете алатын бірыңғай орталық орган құру туралы шешім қабылданды.
Алдыңғы қатарлы елдердің даму бағыты мен халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, негізгі мақсат мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуіне қарамастан кадр саясаты мен мемлекеттік қызметтің бірыңғай жүйесін қалыптастыру болды. Осы және өзге де мақсаттарды іске асыру мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен жұмыс жүргізу принциптері мен ережелерін қатаң сақтаған жағдайда ғана мүмкін болды. Яғни мемлекеттік қызмет басқару саласы ретінде қалыптасты.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясатты жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды.
Сондай-ақ осы жылдың шілде айында мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызмет институтын дамыту және одан әрі жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл шетелдерде мемлекеттік қызмет үлгілері мен табысты тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік қызмет институтын дамытуда түбегейлі жаңа тетіктерді енгізу арқылы мемлекеттік басқару модельдерін қалыптастыру жолындағы мемлекеттік билік органдарының, ғылыми қызметкерлердің, тиісті мамандардың ұзақмерзімді жұмысының нәтижесі болды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың тұжырымдамасын табысты іске асырудың нәтижесі – мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген өзекті қажеттілігіне сәйкес келетін, нәтижеге және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге бағдарланған кәсіби мемлекеттік қызмет болады.
Қорытындылай келе, 1990 жылғы 25 қазаннан кейін Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдаудан және одан әрі тәуелсіздік алудан басталған Қазақстанның мемлекеттік қызметінің қалыптасуы демократиялық, құқықтық және азаматтық қоғамның эволюциясына қарай одан әрі жетілдіріліп, өзгеретінін атап өткім келеді.
Ендеше алдағы Ұлттық мереке – Республика күні құтты болсын! Қазақстанның мемлекеттік қызметінің қалыптасуы 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдағаннан бастау алады. Осы орайда демократиялық, құқықтық және азаматтық қоғаммен бірге бұл сала одан әрі жетілдіріліп, әрі қарай дами түсетініне сенімдімін.
Руслан ШАРИПОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
облыс бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы