Салғырттықтың салдарынан сан соғып қалмайық
Биыл жылыту маусымы 15 қазанда басталғаны белгілі. Өкініштісі, маусым басталған нәбәрі екі күн ішінде үш газбен улану фактісі тіркеліпті. Бұл – профилактикалық жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай жатыр деген сөз емес. Құтқарушылар да, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де науқан қарсаңында әр тұрғынның үйіне кіріп түсіндірме жұмыстарып жүргізіп, ескерту қағаздарын таратып-ақ жатыр. Алайда кей адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы осындай қайғылы жағдайға әкеліп соғады.
Кеше Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «ГРЭС» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде, атап айтқанда, «Шөлдала» тұрғын алқабында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жылыту маусымында қатты отынмен немесе табиғи газбен жұмыс істейтін қазандықтардың мұржаларын уақытында тазарту қажеттілігі туралы алдын алу жұмыстарын жүргізді. Рейдке өрт сөндіру қызметі, «QasaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандары және еріктілер қатысты.
Маңызы зор іс-шара №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бастау алды. Рейдке шықпастан бұрын сапқа тұрған құтқарушыларға Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров тапсырма берді.
Мұнан соң өрт сөндіру қызметкерлері мен рейдке қатысушылар межелі жерге аттанды. Келген бетте белсенді қызметкерлер бірнеше топқа бөлініп, қауіпсіздік ережесі жазылған қағазды қолдарына ұстап, көше-көшені аралауға кірісті. Біз келген аумақ «Шөлдала» тұрғын алқабының Арна көшесі. Мұнда барлығы шамамен 50 шақты түтін бар екен. Өрт сөндіру қызметкерлері мен газ саласының мамандары әр шаңыраққа кіріп, газдың қандай жағдайда тұрғанын бақылап, үй иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Керек болған кезде қауіпті жағдайда тұрған мұржалар мен газ құбырларын қалпына келтіруді де ескертті.
Өз кезегінде ерікті жастар да рейд шараларына белсене қатысып, тұрғындармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Волонтер Аида Шәріптің айтуынша, белсенді жастар бұған дейін де жатақхана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарға қауіпсіздік ережелерін сақтауға байланысты рейдке қатысқан екен.
Байқағанымыздай, жауапты мамандар өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруда. Тек тұрғындар «сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы назарға алып, қауіпсіздік ережелеріне мән берсе дейміз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ