Жауапкершілігі жоғары жүргізуші
Өртсөндіруші – әлемдегі қиын мамандықтың бірі де бірегейі. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық иелеріне артылған жауапкершілік жүгі ауыр.
Елімізде жыл басынан бері 7 515 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 251 адам қаза тауып, 217 адам түрлі дәрежедегі күйікке ұшырап, бірнешесі уланған. Ал облысымызда 600- ден аса өрт орын алып, 300-ге жуық авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілген. Өрт салдарынан 2 623 жану оқиғасы тіркеліп, 15 миллион теңге шығын келген.
Облысымызда өрт сөндіру қызметінде еңбек етіп жүрген, өресі биік, ерлігі көпке өнеге қызметкерлер қатары аз емес. Жалындаған қызыл жалынға қарамай қаһармандық танытып жүрген өртсөндірушілердің ерен еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Дегенмен өртсөндірушілердің оқиға орнына жедел жетуі, керекті құрал-саймандарының жұмысқа жарамды күйде тұруы, қызыл алаңға кіріп барып, қалыптасқан ахуалды бақылауға алуы – өрт сөндіру көлігі жүргізушілерінің мойнындағы міндет.
Өрт сөндіру көлігін жүргізу оңай шаруа емес. Себебі көліктің цистернасында кем дегенде 4-5 тонна су болатыны анық. Егер көлік қозғалыс кезінде қисық жүріп, цистерна ішіндегі су шайқалатын болса, жүру тепе-теңдігін бұзады. Салдарынан көлік аударылып кетуі де мүмкін. Әрине, мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Себебі жүргізушілерді жұмысқа қабылдайтын кезде тәжірибелілігіне назар аударылып, іріктеу арқылы қабылдайды.
Қайрат Егізбай – 1992 жылы Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылында дүниеге келген. Қайрат Мұратұлы еңбек жолын шекара қызметінен бастаған. 2021 жылдан бастап өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып еңбек етіп келеді. Қайраттың айтуынша, әрбір төтенше жағдай кезінде жүргізушіге де үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Жүргізушілердің білімі мен біліктілігін жоғарылату мақсатында түрлі дайындық сабақтары өткізіледі. Насостармен, автосатылармен, жаттығуға арналған арнайы кедергілермен жұмыс істеу, жол ережелерін сақтау сынды дайындық сабақтары жүргізуші әлеуетін арттырады. Қайраттың айтуынша, сағатына 45-50 шақырым жылдамдықпен жүру өрт сөндіру көлігі үшін қалыпты жағдай. Егер жылдамдықты шектен тыс асыратын болса, қиындыққа ұшырауы мүмкін.
Қайрат Мұратұлы үйдің үлкені. Ізінен ерген інісі мен екі қарындасы бар. Іні-қарындастарына ақылшы, ұжымда құрметке ие болып жүрген азамат. Саладағы еңбегі еленіп, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің, Жамбыл облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Өрт сөндіру көлігін жүргізу бойынша ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпазы. Қайрат ізінен еріп келе жатқан жастарға мамандықты дұрыс таңдау жеңіске жеткізетінін айтады. Сондай-ақ жұмыс барысында жауапкершілікті сезіну, өз ісіне тиянақты қарау мықты маманның бойындағы басты қасиет екенін жеткізді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ