Жылыту маусымы: қауіп пен сақтық
Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде «Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбына брифинг өтіп, Қазақстан Республикасының Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев баяндама жасады.
Спикер атап өткендей, жыл сайын Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан жылыту кезеңінде өрттердің, адамдардың қаза болуы мен жарақаттануы қаупін азайту мақсатында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Яғни тұрғындардың келісімімен үй-жайлар тексеріліп, ұсыныстар, нұсқаулар беріледі. Өрт қауіпсіздігін бұзушылықтар анықталған кезде әкімшілік шаралар қолданылмайды.
– Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылады. Әкімдіктермен бірлесіп әлеуметтік осал санатқа жататын тұрғындар тұратын 101 мың тұрғын үй есепке қойылды. Бүгінде олар 98 пайыз профилактикалық жұмыспен қамтылды, 278 мың адамға нұсқау берілді. Сонымен қатар өткен жылыту маусымдарының тәжірибесіне сүйене отырып, профилактикалық жұмыстар автономды жылыту жүйелерімен байланысты жазатайым оқиғалар қаупі бар тұрғын үйлерді қамтиды. Тұрғын үй секторында анықталған бұзушылықтар барлық жерде бірдей. Яғни тазартылмаған мұржалар, ақаулы электр желілері және жылыту пештері. Өрт датчиктерін орнату қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және қауіпті факторларды ерте анықтауда маңызды рөл атқарады. 2024 жылдың 1 маусымынан бастап өрт датчиктері 8 мың тұрғын үйге орнатылды. 2016-2024 жылдардағы жылыту кезеңдерінде 53 датчик іске қосылды, олар іс жүзінде 245 адамның өмірін сақтап қалды. Алайда атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам өрт болып, үш жүзден астам адам қаза табады. Айта кету керек, мұндай өрттердің көпшілігі тұрғын үй секторында орын алады. Бірінші қазаннан бастап жылыту кезеңі басталды және тұрғын үй секторында 100-ден астам өрт тіркелді, онда 17 адам қайтыс болды, оның ішінде 6 бала, ал 13 адам әртүрлі жарақат алды. Жыл басынан бері 8 мың өрт тіркеліп, 213 адам қаза тауып, 213 адам түрлі жарақат алды. Бұл ретте 64 адам мас күйінде болды, – деді Қ.Доспаев.
Осы орайда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға шақырады:
- электр аспаптары мен желілерінің жарамдылығын қадағалаңыз;
- тек жұмыс істейтін жылыту және электр жабдықтарын пайдаланыңыз;
- бір уақытта бірнеше жоғары қуатты құрылғыларды қоспаңыз, электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз;
- мұржаларды күйеден тазалаңыз;
- пешті қыздырмаңыз және жарықтарды уақытылы жабыңыз;
- пеште және оның жанында үй заттарын кептірмеңіз;
- сөндірілмеген темекі мен сіріңке қалдырмаңыз;
- балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз, балаларға пеш жағуға рұқсат бермеңіз немесе сенбеңіз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ