Жат ағымдардың арбауына түспейік
Ислам тарихын зерделеп қарап отырсақ, талай оқиғаларға куә боламыз. Жағымды-жағымсыз жайттардың салдарын біліп, себебін анықтаймыз. Әр дәуірдің өз артықшылығы болатыны секілді, өз кемшілігі де болады. Кемшілігі кейде көзге көрінбесе де, уақыт өте келе, үлкен мәселеге айналып жатады. Кеңес одағы кезінде дінімізден айырылып барамыз деп қам жесек, қазір асыл дінімізге күйе жағушылармен қалай күресеміз деп уайым шегіп жүрміз.
Дін – мәнді өмір сүруге тырысқан әрбір жанның бағытбағдары. Қазіргі кезде дінді дәстүрлі және жат ағымдар деп бөлетін болдық. Діни уағыздар айтылса, қай ағымдыкі екен деп үрке қарайтын да кезеңде өмір сүріп жатырмыз.
Тарихқа терең үңілсек, әр оқиғаға сай пайда болған ағымдарды байқаймыз. Себептері де әртүрлі. Бірі саяси оқиғаға байланысты болса, бірі аят пен хадисті шала түсінгеннен даурықты. Ал бірі әлеуметтік жағдайларға байланысты басқа жолмен жүруді таңдады.
Өз жолдарын өздері бекітіп, өздерінен басқасының бәрі адасуда дейтін ағымдар көбейді. Мұндай топтар кеше ғана пайда болған жоқ. Бірде күші басым, бірде күші әлсіз болып, осы күнге дейін жетті. Бүгінгі таңда дәурені жүріп тұр десек те болады. Тарих қайталаудан тұрады. Сәнде болған киімдердің талай жылдан кейін қайтадан әлемдік сән әлемінде жарқ ете қалатыны секілді, жат ағымдар да аты өзгерсе де заты өзгермей, қоғаммен біте қайнасып өмір сүріп жатыр.
Жат ағым өкілдері елде тыныш заман болғанын қаламайды. Қай жерде тыныштық болса, сол жерде ұя салуға тырысады. Ниеттері – елдік туын жығу. Мәдени, рухани, моральдік, психикалық тұрғыдан шаршап, тәуелсіздікке әрең жеткен халқымыздың арасына еніп кетті. Еңсемізді көтереміз деп жүргенде жағаға жармаса кетті. Кереғар діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзып, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізеді.
Бүгінгі таңда елімізде ақпарат құралдарынан беріліп жатқан деструктивті діни ағымдардың қызметі жайлы мәліметтерге көңіл аудару азаматтық міндетіміз болып есептеледі. Деструктивті діни ағымдардың әрекеті тек жеке азаматтардың өміріне ғана зардабын тигізіп қоймай, еліміздің ішкі тұрақтылығы мен ұлтаралық және конфессияаралық келісім саясатына да зардабын тигізуде. Сол себепті оларға қоғам болып қарсы тұру жемісті болады.
Алмат ШАДИЕВ,
дінтанушы