Мемлекеттік бюджетке 147,1 миллион теңге қаражат өндірілді
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, мемлекеттік институттарға деген сенімді төмендететін күрделі құбылыс. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жегіқұртқа айналған жемқорлық мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде елімізде қоғам үшін қауіпті кеселдің алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаровтың айтуынша, өңірімізде жемқорлықтың алдын алу және қоғамды толғандыратын мәселелерді шешу мақсатында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілген. Жүргізілген талдау және мониторинг жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні мемлекеттік бюджетке 147,1 миллион теңге қаражат өндіріліпті. Жекелей айтсақ, денсаулық сақтау саласынан 119 миллион теңге, спорт саласынан 17,9 миллион, әлеуметтік саладан 3,8 миллион және субсидиядан 6,4 миллион теңге негізсіз төленген қаражат қайтарылыпты.
Сонымен қатар өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген 11 бағыттың 9-ы бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылыпты.
Департамент тарапынан мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің 100-ден астам сатып алу жоспары қайта қаралып, 937 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделіпті. Мәселен, Қордай ауданы әкімдігінің білім бөлімі 52 жаңа үлгідегі оқу кабинетін жабдықтау үшін 367,5 миллион теңгеге сатып алуды ұйымдастырмақ болған. Алайда мониторинг нәтижесінде аталған кабинеттердің бағасы 26 миллион теңге сомасына асыра бағаланғаны белгілі болып, ұсыныс негізінде мемлекеттік сатып алу жоспарының бағасын төмендету жағына қарай қайта қаралыпты.
Ал Байзақ ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Үкіметтің дайын тұрғын үйлерді сатып алу туралы қаулысына қарамастан 91,6 миллион теңгеге үй құрылысын салу үшін техникалық қадағалау қызметін негізсіз жоспарлағаны анықталып, департаменттің араласуынан кейін аталған сатып алу тоқтатылды.
Жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекет құқықтық реформаларды қолға алды. Соңғы жылдары жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық базасы айтарлықтай нығайтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысында алдын алу және заңсыз әрекеттерді анықтау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Талдау, мониторинг және аудит арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып, тиісті шаралар қабылдануда. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алу үшін жаңа цифрлық жүйелер енгізіліп, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардағы қаржылық операциялар ашықтық қағидаттарына негізделді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында сыбайлас жемқорлықты жою үшін цифрландыру үдерістерін күшейту қажеттігін атап өтті. Жемқорлықтың алдын алуда цифрлық технологияларды қолдану арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін оңтайландыру жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыруда. Мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етілгенде азаматтар жемқорлыққа тап болу қаупінен арылады. Мемлекеттік сатып алулар мен субсидиялау жүйесінде де айқындық пен ашықтық қалыптастырудың маңызы зор.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл қоғамның әрбір мүшесінің азаматтық борышы болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қоғамда жемқорлыққа деген төзбеушілікті қалыптастыру маңызды. Ол үшін білім беру саласында жас ұрпаққа адалдық пен әділдік қағидаларын сіңіру қажет. Азаматтық қоғам институттарының белсенділігі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте үлкен рөл атқарады.
Президент Жолдауында көтерілген бастамалар еліміздегі жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа кезеңін айқындайды. Бұл бағыттағы шаралар мемлекеттік қызметті барынша ашық және қолжетімді етуге, халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған. Мемлекеттің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін құқықтық мемлекет құру.
Айжан ӨЗБЕКОВА