Экономика

Тариф саясаты жүйелі жүзеге асуда

Ауызсу, газ, электр энергиясы, жылу тарататын мекемелердің желілері мен құрал-жабдықтарын жаңартудың қоршаған ортаға тигізетін пайдасы зор. Мәселен, жаңа технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар энергияны тиімді пайдалануға мол мүмкіндік береді. Бұл ресурстарды азайту арқылы табиғи отынның шамадан тыс қолданылу мөлшерін төмендетеді және парниктік газдардың қоршаған ортаға кең көлемде шығарылуын азайтады.

Ал ауызсу жүйелерін жаңарту суды үнемдеп пайдалануға ықпал етумен қатар судың да шығынын азайтып, ластанудың алдын алады. Жаңартылған кәріз жүйелері арқылы ағынды суларды тазарту нәтижесінде де өзен-көлдердің ластануы жойылып, су экожүйелеріне келетін зиян бәсеңдейді. Жаңа электр және газ желілері таза энергия көздеріне көшуге жағдай жасайды, бұл көмір мен мұнай сияқты зиянды отындардың қолданылуын қысқартады. Құрал-жабдықты жаңарту және заманауи технологияларды қолдану қалдықтардың көлемін азайтады. Өндіріс кезінде қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Халыққа жылу және басқа да энергия көздерін ұсынуда өндірісте экологиялық таза және ұзақ уақыт пайдаланылатын материалдар қолданылса, табиғи ресурстардың шамадан тыс мол қорын пайдалану қажеттілігі төмендейді. Жалпы айтқанда, инженерлік желілер мен құрал-жабдықтарды жаңарту табиғи ресурстарды сақтап, қоршаған ортаға келетін зиянға тосқауыл болады. Мұны сөз етуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені қазіргі таңда елімізде аталған кәсіпорындар теңгеріміндегі желілер мен құрал-жабдықтарын, өздеріне қажетті құрал-сайманы мен техникасын жаңартуға баса ден қойылуда. Ал ескіні жаңарту үшін кәсіпорындарға қаржылай күш керек. Бұл ретте кәсіпорындардың мәселесі «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты арқылы шешілуде. Сондықтан да тариф халықтың әлеуметтік ахуалына, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне ықпал ететін маңызды жайт болып отыр. Себебі мұның көгілдір отынға да, таза суға да, электр жарығына да, тағы көптеген коммуналдық қызметке қатысы бар. Ең өзектісі – жылу, ауызсу, кәріз, электр желілерінің, құрал-жабдықтардың тозу пайызын азайту бағытында тиімді жұмыстар жүргізу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа арнаған Жолдауында монополиялы нарықта «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін баса айтқан болатын. Өйткені елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен.

Аталған Жолдауында Президент: «Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс. Инновация енгізу үшін тиімді ынталандыру шараларын әзірлеген жөн. Сондай-ақ шығыстың бір бөлігін тарифтік сметаның аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беру керек», – деген еді.

Мемлекет басшысы ұсынған жаңа саясатқа сәйкес қандай монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Ондағы басты мақсат – өңірдегі электр қуатымен қамтамасыз ету және су құбыры желілерінің, жылу коммуникациясының тозу деңгейін төмендетуге қол жеткізу.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында облысымызда да бірқатар шара қолға алынған. Өйткені өңірімізде тозығы әбден жеткен инфрақұрылым желілері, сондай-ақ жаңадан бой көтеріп жатқан ықшамаудандарда теңгерімге алынбаған коммуналдық жүйелер бар. Ескірген құбырлар, істен шыққан инфрақұрылым бір-екі жылдықтың нәтижесі емес, бұл ұзақ жылдардың көрсеткіші. Тиісінше оны жақсарту да бірнеше айда, бірнеше жылда аяқтала қоймайды. Осы жұмыстарды реттеу, іске асыру бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасымен біршама жұмыс жүргізілуде. Оқырмандардың есінде болса, оның бірқатары жайында газетіміздің алдыңғы сандарында жазған болатынбыз.

Жақында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті инвестициялық бағдарлама аясында кезекті баспасөз турын өткізді.

Баспасөз турында біз алдымен Әйтеке би көшесінде орналасқан газ өлшегіш торапта болдық. Мұнда әр нысанға қанша газ кететіні өлшеніп, есептеліп, қаланың орталығындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жіберіледі екен. Бұл нүкте арқылы Төле би, Абай, Байзақ батыр көшелеріне дейінгі аралыққа газ бөлінеді. Жалпы қала бойынша дәл осындай 8 газ өлшегіш есеп торап бар. Олардың барлығы да инвестициялық бағдарлама есебінен жаңғырту жобасы аясында орнатылған. Айта кетерлігі, шаһарда 10 жылдың ішінде газ құбырларын жаңғырту жұмыстарына 24 миллиард қаражат жұмсалған.

Мұнан соң Бауыржан Момышұлы көшесі 4 тұйығындағы жаңартудан өткен газ реттегіш пунктінде болып, жұмысымен таныстық. «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, орнатылғанына 30 жыл болған нысан жаңартылмастан бұрын әбден ескіріп, авариялық жағдайда тұрған. Жаңа тариф саясатының арқасында ол модернизациялаудан өткен. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде тұрғындарға хабарлама таратылып, құрылыс аяқталмайынша газ болмайтындығы ескертілген. Сондай-ақ әр пәтерге кіріп, көгілдір отын құбырларының жағдайын тексеріп шығыпты. Жаңартылған газ реттегіш пункт алдағы уақытта еш кедергісіз қызмет ететін болады.

«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – 11,5 миллионнан астам тұрғынды үздіксіз газбен қамтамасыз ететін еліміздегі тауарлық газдың ірі жеткізушісі. Кәсіпорын теңгерімінде 69 мың шақырым газ тарату желісі бар. Қазіргі уақытта акционерлік қоғамның өндірістік филиалында 7 163 шақырым газ құбыры пайдаланылуда.

Өткен жылы облыс бойынша 7 елді мекен, биыл жоспарланған 14 елді мекеннің алтауы газдандырылыпты. Тауарлық газды тұтынушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Осы жылдың 8 айы мен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке абоненттер саны 228 121- ден 235 729-ға, өнеркәсіптік және коммуналдықтұрмыстық кәсіпорындар саны 6 820-дан 7 170-ке артқан.

Биыл жергілікті атқарушы органдардан сенімгерлік басқару шарттары бойынша газ құбырларын қабылдау бойынша үлкен жұмыс жүргізіліпті. Осы жылы жасалған сенімгерлік басқару шарты негізінде ұзындығы 810 шақырым болатын 23 нысанның газ тарату құбырларын пайдалануға беру жоспары бекітілген. Нәтижесінде осы газ құбырларын пайдалану бойынша шығыстар 1 қыркүйектен бастап газ тасымалдау тарифіне қосылды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің бұйрығымен 2024-2025 жылдарға арналған газ тарату жүйелері бойынша тауарлық газды тасымалдау кызметтеріне тарифтің шекті деңгейі 7 871,40 теңгеге 1 000 текше метр мөлшерінде бекітілген.

«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ өндірістік филиалының бекітілген инвестициялық бағдарламасында 2024 жылға жалпы сомасы 37,254 миллион теңгеге жұмыстар атқару көзделген. Оның ішінде 34,350 миллион теңгеге 34 шкафты реттеу пунктін ауыстыру, 2,904 миллион теңге қаражатқа газ реттеу пункттеріндегі 7 реттегішті ауыстыру жоспарланған. Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – тұтынушыларға газдың апатсыз және үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқандықтан тозығы жеткен жабдықтардың салдарынан болатын апаттық жағдайлар санын азайтуға күш салынуда.

Жабдықтың нарықтық құнының өзгеруіне байланысты инвестициялық бағдарламаны толық көлемде орындау мақсатында филиал шкафты реттегіш пунктті ауыстыру жөніндегі жұмыстардың сметалық құнын кайта карастырыпты. Осылайша ШРП-ны орнатуға байланысты қосымша материалдар мен жұмыстар азайған көрінеді. Үнемделген қаражат газ реттегіш пункттердегі реттегіштерді ауыстыру жұмыстарына қосылған екен.

Нақты инвестициялық бағдарлама 37,793 миллион теңгеге орындалған. Тарқатып айтқанда, 34 шкафты реттеу пунктін 28,629 миллион теңгеге, газ реттеу пункттеріндегі 6 реттегішті 9,164 миллион теңгеге алмастырған.

Осы тұста біз ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайханнан өңірде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының қай деңгейде қорытындыланғанын сұрап, сөзге тарттық. Департамент басшысының айтуынша, облыс бойынша қызмет көрсетуге қатысты негізгі құралдардың тозу көрсеткіштерін талдау бойынша «қызыл» аймаққа енгізілген, яғни өңірде инженерлік желілер, басқа да жабдықтарды ретке келтіруге жататын 4 табиғи монополия субъектісі бар. Атап айтқанда, бұған «Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Таразтрансэнерго», «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары және «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы жатады.

Облыста атқарылған іс-шаралар, яғни «Тарифті инвестицияға айырбастау» – болашақ үшін жасалған сәтті қадам екенінің анық айғағы. Өйткені бұл кәсіпорындардың тұрғындарға коммуналдық қызмет ұсынуда ақысына сай сапалы қызмет көрсетуіне мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоршаған ортаның қорғалуына да айтарлықтай үлесі зор.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ