Баға тұрақтылығы басты назарда
Елімізде азық-түліктің бағасын өсірмеу – ең өзекті мәселе. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың бағасын тұрақтандыру, халыққа оларды қолжетімдіету – басты міндеттердің бірі. Аталған 19 түрлі азық-түлік тауары халық үшін күнделікті тұтынуды қажет ететін ең керекті өнім болып саналады. Олардың қатарына ұн, нан, күріш, сүт, өсімдік майы, қант, жұмыртқа, тұз, қарақұмық жармасы, макарон өнімдері, сиыр еті, тауық еті, картоп, сәбіз, пияз секілді басқа да тауарлар енген.
Бағаны тұрақтандыру саясатының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік маңызы бар тауарларды қолжетімді ету. Бұл саясат аясында Үкімет экономикалық тұрақтылықты сақтау, инфляция деңгейін бақылауда ұстау және халықтың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін түрлі шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы аймақ экономикасының дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыруды назарда ұстайтыны белгілі. Аталған басқарма азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін тұрақтандыру қорларын қалыптастыра отырып, маусымаралық кезеңде немесе нарықта тапшылық пайда болғанда және баға өскенде қажетті азық-түліктерді әлеуметтік дүкендерге, коммуналдық базарларға, ірі сауда орындарындағы әлеуметтік сөрелерге саудаға шығаруды ұйымдастырады. Сондай-ақ өнім өндірушілерге қолдау көрсетіп, тауардың ішкі нарықта саудалануын, делдалдардың жойылуын, өнімнің түпкілікті бағадан ауытқымауын қамтамасыз етумен айналысады. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, аймақ бойынша 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы инфляция 4,5 пайызды құрапты. Оның ішінде азық-түлік тауарларының инфляциясы – 2,9, азық-түлік емес тауарлар – 4, ақылы көрсетілетін қызметтер 10,8 пайыз деңгейінде болған. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 2,7 пайызды көрсеткен.
Бағаны тұрақтандыруда мемлекет тарапынан субсидиялар бөлу, жеңілдіктер жасау және арнайы бағдарламаларды іске асыру, кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетілетінін айта кетуіміз керек. Біз осы тақырыпты қаузағанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін тұрақтандыру мақсатында бағаны бақылау, нарыққа ықпал ету және жергілікті тауар өндірушілерге, әлеуметтік дүкен иелеріне қолдау көрсету қай деңгейде жүргізіліп жатқанын білуді мақсат тұтқан едік. Бұл тұрғыда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жүргізіп жатқан жұмысы да ауқымды. Мемлекет әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын төмендету үшін маңызды бірнеше тетікті іске қосты дейтін болсақ, оның ішінде ең өзектісі – «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы азық-түлік қорының құрылуы. Осы жүйе арқылы мемлекетке тиесілі ресурстар сақталып, өңірлік тұрақтандыру қорында азық-түлік арзан бағамен сатып алынып, белгілі бір көлемде сақталып, халық қажетіне жұмсалуда. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдері алдын ала сатып алынып, оны қоймаларда сақтау арқылы нарықта тапшылық туындаған кезде азық-түліктің бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға ықпал жасалуда. Жергілікті нарыққа ықпал ету үшін спекуляциялық, яғни тұтынушылардың сұранысына орай туындайтын баға өсімдерін тежеп, халықтың негізгі азық-түлік тауарларына қолжетімділігі қамтамасыз етілуде.
Осы орайда біз «Тараз «әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өңірлік дамуды басқару және тұрақтандыру қоры департаментінің басшысы Жарқын Әбдіжапарға жолығып, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұраған едік.
Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 104,6 тонна күріш, 2693,75 тонна қант, 223,8 мың литр өсімдік майы бар екен. Сонымен қатар 588,7 тонна бірінші сортты ұн, 3,2 тонна тұз, 5 455,9 мың тонна бірінші санаттағы тауық жұмыртқасы, 170 тонна қарақұмық жармасы және 226,4 тонна майлылығы 2,5 пайыз пастерленген сүт қорда сақталған екен. Офтейк және форвардтық келісімдер бойынша тауар өндірушілерден келген 32 тонна қарақұмық (Павлодар), 497 465 литр өсімдік майы (Өскемен) қор есебінде тұр. Сонымен қатар 910 тонна күріш («Қызылорда Жан-Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Омарбеков» шаруа қожалығының өнімі), 398 тонна картоп, 788,3 тонна сәбіз, 1000 тонна пияз (Жуалы ауданы), 499,35 тонна қырыққабат (Алматы облысы) қорда бар.
Биыл Тараз қаласындағы сауда желілеріне тұрақтандыру қорынан бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері бойынша «Әлеуметтік павильондар» ЖШС, «Нұрислам», «Дәмді себет», «Фиркан», «Оптовик №1» дүкендеріне интервенция жүргізіліпті. Атап айтқанда, 1,2 тонна қарақұмыққа, 0,65 тонна қырыққабатқа, 13,6 тонна картопқа, 11,6 тонна сәбізге, 3,3 тонна 1 сұрыпты ұнға, 1 810 тонна наубайхана өнімдеріне, 56,4 тонна күрішке, 1 040 440 дана жұмыртқаға, 34 410 литр өсімдік майына тауарлық инвертация жасалған.
Көктемде көкөніспен елді ерте қамтамасыз ету үшін облыстық тұрақтандыру қоры мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер арасындағы келіссөздер нәтижесінде мамыр айында «Шәріпов» шаруа қожалығы қаладағы ірі сауда желілерін 3,6 тонна пияз және 0,5 тонна картоппен қамтамасыз етіпті.
Сонымен қатар тамыз айында Тараз қаласындағы сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерге 360 тонна қырыққабат, 50 тонна картоп, 40 тонна сәбіз және 50 тонна пияз өнімдерін жеткізу туралы «Шәріпов» шаруа қожалығымен келісім жасалған екен. Оның ішінде 1,5 тонна орамжапырақ, 0,6 тонна картоп, 2,4 тонна сәбіз жеткізіліпті.
Азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағаларын тұрақтандыру ісі аудандарда да жүргізілуде. Мысалы, жыл басынан осы күнге дейін Жамбыл ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 1 түрі бойынша өсім қалыптасқан екен. Нақты айтқанда, тауық еті 7,4 пайызға немесе 100 теңгеге көтерілген. Десе де 3 тауар түрі бойынша бағаның төмендеуі қалыптасқан.
Ауданда тіркелген 2 наубайхана және 8 күлше нан шығаратын шағын цех жұмыс істеп тұр екен. Наубайханалар І сұрыпты ұнның 1 келісін 130 теңгеден сатып алыпты. Аталған екі наубайхананың бір күндік өнім шығарылымы – 2 000 бөлке нан. Аудандағы елді мекендерге Тараз қаласының «Хлебный Дар» нан зауытынан бір бөлке нанның бағасы 115 теңгеден жеткізіліп жатыр екен. Дүкендердегі сатылым бағасы – 120 теңге. Аудан халқының бір күндік тұтыну көлемі 12 мың бөлке нанды құрайды.
Жамбыл ауданында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау және тұрақтандыру бағытында осы тектес маңызды шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Әрбір атқарылған шара халықтың әлеуметтік жағдайын қорғау және нарықтағы бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуді көздейді. Мұндағы басты жұмыстардың бірі – тұрақты мониторинг жүргізу. Біз Нұржан Архабаевпен тілдесу барысында аудандық әкімдік пен басқа да тиісті мекемелер тарапынан арнайы құрылған топтар апта сайын жергілікті дүкендер мен базарларда бағаны қадағалап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының негізсіз көтерілуін болдырмауға тырысып жатқанын аңғардық. Мониторинг қорытындысы бойынша шұғыл әрекеттер қабылданып, қажет болған жағдайда сатушыларға ескерту немесе айыппұл салынатынын білдік.
Аудан әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен және сауда желілері мен арнайы келісімшарттар жасасып, тұрақтандыру қорынан қажетті азық-түлік өнімдерін жеткізіп отырады. Бұл әсіресе бағаның күрт өсуіне жол бермей, халыққа қолжетімді өнімдерді ұсынуға ықпал етуде. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты баға саясатын түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп отырады екен. Сатушылар мен кәсіпкерлерге заңнама талаптары түсіндіріліп, бағаның 15 пайыздан артық көтерілмеуі қатаң бақылауда тұр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ