Жасөспірімдерге пайдалы демалыс ұйымдастырылды
Негізі жасөспірімдер жастық максимализмін, бойындағы күш-қуатын дұрыс арнаға бағыттаса, қандай да бір шаруамен айналысып, тиімді тірлік істесе, олардың қылмыс жасамақ тұрмақ, теріс әрекет жайлы ойлануға да мұршасы болмас еді. Сол үшін баланы бос уақытында түрлі үйірмеге беріп, әсіресе денінің саулығын ойлап, спортқа бейімдеген абзал.
Жуырда кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері және басқа да мүдделі ведомстволар Тараз қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде полицияда есепте тұрған 46 жасөспірім мен «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілер үшін спорттық іс-шаралар ұйымдастырды.
«Динамо» спортзалының базасында барлығы 13 секция қызмет көрсетеді. Онда 278 жасөспірім спортпен айналысады. Ал оның ішінде 31 бала полицияда есепте тұр.
Спорттық іс-шара барысында жасөспірімдерге өзін-өзі қорғау мақсатында қолданылатын жауынгерлік күрес әдістерін және басқа да жаттығу түрлерін үйренуге мүмкіндік туды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ