Қоғам

Ұрпағым ұлық болсын десең, өзіңді түзе

Перзентін дәретсіз емізбеген, бесігін төрден төмен түсірмеген қазақтың баладан асқан байлығы жоқ. Таң құланиектенгеннен қас қарайғанша бары мен нарын бетіне қараған бес тасының аузына тосқан ата-ананың өз шикіөкпесіне келгенде шығарда жаны бөлек. «Сол ішсін, сол кисін, сол жадырап, жарқырап жүрсін» деп дамыл таппайды. Өзі дегенде өзегін жұлып берер үлкендерді уайымға батырып, шашын ағартатын да тағы сол бала. Алайда ұл-қызына мүлде көңіл аудармайтын, болашағы қызықтырмайтын ата-аналар қоғамда жоқ емес. Ол ішімдік ішу, есірткіге еліту, құмар ойынның құлы болу секілді басқа да түрлі жағдайда өмірдің мәнін жоғалтқаннан болады.

Талдырмаш қыз бізге небәрі 7 жасында желім иіскеп, ішімдіктің дәмін татқанын айтты. 7 жас – баланың бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып үлгермейтін шағы. Бірақ қаршадай қыздың мына ерсі қылығы баланың есі кіре қоймаған шағы екенін айғақтап тұр. Басынан өт кенін баяндаған балғын қыз: «Бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан әке-шешем бетімнен қаққан емес. Қалағанымды алып, қаламағанымды жолда лақтырып жүре бердім. Үлкендердің үнемі жұмыстан қолы тимеді. Оларға менің ішкі жандүниемде не болып жатқаны емес, киімім көк, тамағымның тоқ болғаны ғана керек еді. Ал менің жүрегім жалғыз болатын. Не бірге ойнайтын бауырым жоқ, әңгіме-дүкен құратын әке-шешем үнемі сыртта болды. Сөйтіп, қатты жалғызсырайтынмын. Бірде көршінің ересек балаларына қосылып темекі тартып, арақтың дәмін татып көрдім. Желім иіскедім. Уақыт өте келе, желім иіскеуді күнделікті әдетке айналдырдым. Тіпті өз еркіме ие бола алмай, күнде иіскемесем тұра алмайтын дәрежеге жеттім. Әке-шешем көз алдарында масаң күйде жүргенімді байқап, ренішін білдіре бастады. Психологтарға апарды, қалай айтса да қойдыра алмаған соң арнайы мектепке тапсырды. Мұнда келгелі ата-анамның қадірін біліп, өз қателіктерімнен сабақ ала бастадым», – деді.

Жасөспірімнің арнайы мектеп деп отырғаны қабырғасы қайғы арқалап, бойына мұң сіңірген, талай сырды ішіне бүккен мекеме еді. Ол – облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдердің арнайы мектебі. Мұнда ат басын бұрып, тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайымен танысуға келгенде жеткіншектердің өз аузынан естіген әңгімеміздің сиқы осы еді.

Мекеме – оқу ғимараты, шеберхана, жатақхана, асханамен қамтылған. Мұнда 18 ұстаз, 19 тәрбиеші қызмет етеді. Ата-анасының шаңырағында жүріп тәртіп бұзып, бұзақылық пен ұрлық жасаған 11-18 жас аралығындағы 44 жеткіншек тәрбиеленуде. Оның 24-і қыз, 20-сы ұл.

Осы орайда Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғыны, бокс жаттықтырушысы Асан Сейдалиевпен де тілдесудің сәті түсті. Ол бір жолы әлеуметтік желіде арнайы мектепте тәрбиеленіп жатқан София есімді қыз туралы репортаж көріп қалады. Содан кейін қатты әсерленіп, бейнетаспаны түсірген журналиске хабарласады.

Ал София бапкерінің таңдауы өзіне түскенін Құдайдың ең үлкен сыйы деп ұққанын жасырмады.

Мекемеден қайтарда балалар қолыма үшбу хат ұсынды. Онда олардың балаң пейілмен жазған өкініштері мен өмір өткелдері, жүріп өткен жолдары тізбектеліп тұрды.

Мәселен, Жұматай Жақсылық бір жапырақ қағазға: «Мен балалықпен дос таңдай алмадым. Ортам дұрыс болмады. Желім иіскеп, түрлі теріс әрекеттер жасадым. Мектепке барудың орнына балалармен төбелесіп, сабақтан қаштым. Арнайы мектеп өмір жолымдағы ең үлкен орта, ал ұстаздары туған ата-анамдай қамқор. Бұл ортада мен «Адам өзін қалай дұрыс қалыптастыруға болады? Тәрбие деген не? Нағыз адам қандай болуы керек?» деген сұрақтарға жауап таптым. Алдағы уақытта мен үшін туыстарымның жылағанын қаламаймын. Өз қателіктерімді мойындап, түзелуге тырысып жүрмін. Бәрінен де отбасы деген ұғымның ең қымбат екенін ұқтыратын орта бұл. Мен өмірімді түзеткім келеді», – деп жазыпты.

Арнайы мектепте жүргендеріне бірнеше айдың жүзі болған Ералы мен Артур да балалық шақтарының көңілсіз өткенін айтып, толқыған. Түзелуге тырысып жүргендерін жеткізген. Себебі олар өз балаларына үлгілі әке болғысы келетінін айтыпты. Олар да мектептен қашып, ата-анасын тыңдамай, төбелескенін жасырмаған. Қазіргі таңда үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетуге үйреткен арнайы мектепке алғыс білдіріпті. Ортасының дұрыс болмағанын мойындап, алдағы уақытта түзелуге ниет етіп жүргенін тәпсірлепті. Ал ең бастысы, хатта балалардың ыстық ықыласы мен өткен күннен сабақ алғандары анық сезілді.

Иә, баласының тағдырын жел өтіне тастағандар ішімдікке құмар жандар. Оларды балаларының қайда, не істеп жүргені қызықтырмайды. Біз осы мектепке барғанда 11 жасар Әлияның анасын сағынып жылаған сәтте етегі жасқа толғанына куә болған едік. Кішкентай қыздың көз жасы арнайы мектеп қызметкерлерін бейжай қалдырмады. Олар көлікке отырғызып, қаршадай қыздың анасымен қауышуына ықпал етуге асықты. Осы оқиғаны өз көзіммен көргенде көңілім семіп, жаным жабырқады.

Үлкен темір қақпадан өтіп, үйдің есігін ашқанда бөлмедегі көк түтіннен көзіміз ашыды. Әлияның анасы ортаға бір шөлмекті қойып, достарымен бірге темекі шегіп, ащы су ұрттап отыр екен. Қызын көре сала аялай қарап, аймалай сүйген жас ана тізерлеп отыра қалып, шынашақтай баладан кешірім сұрап ботадай боздады, бордай егілді. «Арақтың кесірі бәрі. Қоя алмай жүрмін. Кеш мені, қызым, кешіре гөр» деп солқылдады.

Ал 15 жастағы Назерке бұл мекеме табалдырығын үшінші рет аттап отыр екен.

Ал атын айтқысы келмей, жүзін төмен салып әңгіме бастаған, тілі қазақша шыққан орыс ұлтының қызы: «Оқушылар ата-анамның ішімдікке салынғанын бетіме баса берген соң мектептің терезесінен секірмекші болдым. Бірақ өмір тәтті, мына жарық әлемді қимай, райымнан қайттым. Одан кейін әртүрлі жұмыс істеп, табыс тауып жүрдім. Бірақ түрлі бұзақылық жасап, үйден қашуды әдетке айналдырдым. Үйде береке жоқ. Қашан көрсең ішіп жүретін әке-шешені көру балаға өте ауыр. Егер маған өмір сыйлаған жандар арақ ішуін қойса, менің бар тілегім орындалар еді», – дейді.

Жалғастың анасы да жұмысбасты болған. Жалғыз ұлын көше тәрбиелеген. Жалғас: «Әкем ішіп кетті. Үйде анаммен бірге тұрып жаттым. Бірақ анамның маған көңіл бөлуге уақыты болмайтын. Сондықтан маған көше қызық көрінді. Достарымның үйіне қонып, үй бетін апталап көрмейтінмін. Бір күн аш, бір күн тоқ жүрсем де көшенің өмірі қызық көрінді. Еркіндік ұнады. Осы мекемеге түскелі анамның қадірін біліп, үйімді сағына бастадым. Анамның «Айналайынын» сағынған сәтте осындағы тәрбиеші апайларға еркелеп, мауқымызды басамыз», – дейді.

Арнайы мектепте 15 жылға жуық еңбек еткен Оспанбек Күнтубаев қазіргі таңда зейнеткер. Алайда тәрбиеленушілер «Әке» деп атап кеткен Оспанбек Оразбекұлы мұндағы балаларға жиі келіп тұрады.

12 жасында ары тапталып, абыройы аяқ асты болған қыздың тағдыры тіпті жан түршіктірді. Ол 12 жасында ішкілікке құмар әке-шешесінен қашып, көшеде түнеп жүргенін мұңайып есіне алды.

Бұл орталыққа шаңырағы шаттыққа толы, берекелі отбасының балалары келмейді. Керісінше шаңырағы шайқалып, өгей әке мен өгей ананың зардабын тартып, қиындығын көргендер, арманы аласарып, аяқ асты қалғандар, адасқан ата мен сүрінген ананың қателігінен баз кешкендердің балалары да қателікпен осы табалдырықты аттайды. «Алма ағашынан алысқа түспейдінің» кері ме, әлде қысылтаяң кезде жан-жақтан көрген қысымның салдарынан ба, жеткіншектердің де болашағы бұлыңғыр тұманға айналып барып, әйтеуір, сот шешімімен осы мектептің табалдырығын аттайды.

Қыз қылықты, ұл ардақты болсын десек, бесікті түзейік, бесіктен бұрын өзімізді түзейік!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ