Цифрлық Қазақстан

Квадробика қаншалықты қауіпті?

Қазір жасөспірімдер арасында квадробика, квадробер деп аталатын жаңа тренд белең алып келеді. Жастар квадробер тек қызықты әрекет емес, сонымен қатар жастардың креативтілігін және командалық жұмысқа деген қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретінін айтады.

Квадробердің шығу тарихы цифрлық дәуірдің дамуымен тығыз байланысты. Әлеуметтік желілердің, әсіресе «TikTok» пен «Instagram»-ның танымал болуы жастарды әртүрлі трендтер мен ойын-сауық форматтарына тарта бастады. Квадробердің танымал болуы – осы платформаларда видеолар мен контенттердің кеңінен таралуының нәтижесі. Ж асөспірімдер жануарлар секілді әрекет ету арқылы өздерін көрсетуге, әлеуметтік ортада назар аударуға тырысады. Квадроберлердің әрекеттері көп жағдайда комедиялық немесе креативті формада жүзеге асады.

Квадробика – аэробика элементтері араласқан бейресми спорт. Аталған спорт жайында алғаш рет 2008 жылы айтыла бастады. Одан кейін жапондық спринтер Кеничи Ито төрт аяқтап жүз метрді 18,58 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатты. 2022 жылы америкалық Колин Маклюр қашықтықты одан да жылдам жүгіріп өтті.

Кембридж ағылшын сөздігіне сәйкес спорт белгілі бір ережелер немесе параметрлер жиынтығын сақтайтын физикалық күш салуды немесе дағдыны қажет ететін ойындар, жарыстар немесе әрекеттер ретінде анықталады.

Сарапшылар квадробиканың техникалық жағынан спортқа келмейтіндігін, сондай-ақ нақты белгіленген ережелері жоқ екендігін алға тартады.

Квадробердің бір ерекшелігі – қатысушылардың физикалық белсенділігі. Төрт аяқтап жүру, секіру және басқа да қозғалыстар жастардың денсаулығына оң әсер етеді. Сонымен қатар квадробер арқылы жасөспірімдер арасында бірлестік, достық және командалық рух қалыптасады. Жастар топтаса әрекет ете отырып, өзара қарым-қатынасты нығайтады.

2024 жылы квадробика шарттары көп өзгерді. Егер бұрын квадроберлер спорттық қиындықтарға көп қызығушылық танытса, қазіргі квадроберлер жануарларға еліктеу сөзімен үндес айтылады. Бүгінгі квадроберлер төрт аяқтай жүгіріп, бетіне жан-жануардың маскасын, табан, тырнағын тағады . Квадробикаға негізі 7 мен 14 жас аралығындағы жасөспірімдер қызығады. Көбіне мысық, ит, жылқы болып киініп, жануардың мінез-құлқын қайталайды. Сырттан оғаш болып көрінетін трендті көпшілік әлі де спорт немесе қалыпты әдет ретінде қабылдай алмайды.

Психологтардың айтуынша, квадробердің дамуы жастардың креативтілігін арттырып, өздерін еркін сезінуіне көмектеседі. Дегенмен аталған трендтің теріс әсерлері де болуы ықтимал. Жасөспірімдердің бұл әрекеттері кейде қалыптан тыс көрінеді және мұндай жағдайлар қоғамда түсінбеушілік тудыруы ғажап емес. Квадроберлердің әрекеттері кейде адамдарға қауіп төндіруі ықтимал.

Квадробердің мәні – креативтілік, ойын-сауық және шынайы өмірден қашу. Алайда жастардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығын сақтау маңызды. Ата-аналар мен мұғалімдер жасөспірімдерді мұндай трендтерге қатысуда жауапкершілікпен қарауға шақыруы тиіс. Оларға өмірде де, әлеуметтік желілерде де дұрыс тәртіпті ұстануға, физикалық белсенділіктің маңыздылығын түсінуге көмектесу керек.

Сондай-ақ квадробер сияқты трендтерді қолдана отырып, жасөспірімдерге креативті тапсырмалар мен ойын-сауық ұйымдастыру арқылы олардың қызығушылығын арттыруға болады. Мұның барлығы жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық қатынастарын нығайтуға және дене шынықтыру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Сондықтан квадробер тек ойын емес, сонымен қатар жастар арасында қарым-қатынасты нығайту, физикалық белсенділікті арттыру және креативтілікті дамыту үшін пайдалы платформа. Дегенмен жастардың бұл әрекеттерін жауапкершілікпен орындау, қоғамның реакциясын ескеру маңызды. Қоғам мен жастардың арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін квадробер сияқты трендтерді дұрыс түсініп, оларды жауапкершілікпен қолдану керек.

Өзбекстанда квадроберлердің іс-әрекеті мен олардың ата-аналарына қатысты шаралар туралы оқиға назар аудартуда. Жақында Ташкентте жануар маскасын киген квадроберлердің жолаушыларға шабуыл жасауы қоғамда үлкен пікірталас туғызды. 10 қазанда бірінші оқиға тіркелсе, келесі күні басқа квадробер итке еліктеп, қоғамдық орындарда жолаушыларды қорқытып, куәгер болған бір баланың психикалық жағдайына әсер етті.

Осы бір субмәдениетке қатысты алаңдаушылықтың негізгі себебі — балалардың агрессивті мінез-құлықты қабылдап, оны әлеуметтік жағдайларда көрсетуі. Өзбекстанның құзырлы органдары квадробингтің қауіптілігі туралы ескертіп, ата-аналардың балаларын бақылаусыз қалдырғаны үшін жауапкершілік жүктеуді қарастырып жатыр. Ата-аналарға 1 миллион 875 мың сумға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Квадробиканың балалар психикасына әсері туралы зерттеулердің жеткіліксіздігіне қарамастан, психологтардың кейбіреулері бұл құбылысқа байсалды түрде қарауды ұсынады. Балалар психологі Александра Бугаева квадробиканың тұлғаның дамуына белгілі бір деңгейде әсер ететінін айтады. Бірақ бұл тек ойын сипатында қалғанда ғана қауіпсіз болмақ. Оның пікірінше, квадробинг балалардың эмоционалды және когнитивті дамуына жағымды әсер етеді, бірақ ол баланың басқа қызығушылықтарын алмастырмауы керек.

Сонымен қатар Ресей Федерациясы Кеңесінің сенаторы Наталья Косихина да квадробер субмәдениетіне алаңдаушылық білдірді. Ол квадроберлерді психикалық зиянды деп бағалап, бұл әрекеттердің қайғылы салдарға алып келетінін ескертті. Сенатор аталған субмәдениетке тыйым салуды ұсынды. Себебі ол жасөспірімдер арасында қауіпті мінез-құлық қалыптастыруы мүмкін деп санайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА