Құрметке лайық қарауыл бастығы
Қарауыл қызметі – Ұлттық ұландағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл қызмет – жеке құрамнан қырағылық пен батылдықты, жарғылық міндеттерді бұлжытпай орындауды және батыл шешімді талап етеді. Қарауыл қызметіне моральдік-психологиялық жағынан әбден зерттеліп, сынақтан өткен әскери қызметшілерге ғана рұқсат беріледі.
Жеке құрам арасындағы әскери және құқықтық тәртіптің жай-күйі өте маңызды. Сондықтан да қарауыл бастығы және қарауыл бастығының көмекшісі жауынгерлік қызметті тиісті деңгейде атқару үшін қарауыл жеке құрамының дайындығына аса мән береді.
Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде 2010 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан 1-атқыштар ротасының бөлініс бастығы (қарауыл бастығы), аға сержант Еділбек Төлепбергенов өзінің қызметі жайлы әңгімелеп берді. 2005 жылы Жаңатас қаласындағы кәсіптік мектепті аяқтаған бозбала Жаңатас қалалық әскери комиссариат арқылы Ішкі әскер қатарына мерзімдік қызметке шақырылады. Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде мерзімдік қызметін өткерген сарбаз Жетіқарадағы 2-атқыштар ротасына келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданады. Осы бөліністе бес жыл бойы сақшы, сақшы-оператор, айдауылдау бөлімшесінің командирі, бөлімше командирі сияқты лауазымдық сатылардан өткен Еділбек Болатұлы 2010 жылы анасы дүниеден өткен соң бауырларына қамқор болу үшін туған өлкесіне қайтып оралады. Міне, содан бері ол 5513 әскери бөлімінде қызмет атқарып келеді.
«Қарауыл бастығы үшін басты қасиет – ұстамдылық пен сабыр» деп санайтын аға сержант Еділбек Төлепбергеновтың кейінгі буын жастарға үйретері мол. Айдауылдау қызметіне жаңадан келген әскерилерге бұл қызметтің қыр-сырын үйретіп, түсіндіруден жалықпайды.
«Тәлімгерлік туралы не айтасыз?» деген сауалымызға аға сержант Еділбек Төлепбергенов алдымен өзіне осы қызметтің қыр-сырын үйреткен Марат Омарбековті есіне алды. Ол кісі қазір зейнеткер болса да тәлімгер ретінде әлі де хабарласып тұратындығын, білмегенін сұрап, ақыл-кеңесіне құлақ түретінін айтты.
Әскери қызметке келген соң Еділбек бірнеше жылдан соң шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Жұбайы Нұрила Құралқызының мамандығы – мұғалім, тарих пәнінің маманы. Екеуі үлгілі отбасы бола білді, үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының төртеуі мектепте оқиды.
Сонымен қатар Еділбектің туған інісі, сержант Әсет Төлепбергенов те Алматы облысының Заречный кентіндегі 3660 әскери бөлімінде маман-бақылаушы болып қызмет атқарады. Мамандық таңдауда ағасының інісіне де үлгі болғаны анық.
Иә, қызметтің оңайы жоқ. Соның ішінде қарауыл қызметі аса жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да бұл қызметке кездейсоқ адам келмейді. Қарауыл қызметінің қыр-сырына әбден қаныққан, сол қызметте піскен, моральдік-психологиялық тұрғыдан сүзгіден өткен тұлға ғана нағыз қарауыл бастығы бола алады. Соның бірі – аға сержант Еділбек Төлепбергенов.
Еңбегіңіз жанып, абыройыңыз арта берсін, құрметті қарауыл бастығы!
Ақтоты ЖАҢАБАЙ