Ел қорғау – абыройлы борыш
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш.
Елімізде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды жігіттер міндетті түрде әскерге шақырту алады. Осылайша шақырту алған әрбір азамат Ата заңға сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзету үшін әскери ант беріп, соған лайық борышын өтейді.
«Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың мерзімді сарбаздары әскери міндетін абыроймен аяқтады. Бұл күн сарбаздар үшін, олардың ата-аналары мен ағайын-туыстары үшін тарихи әрі бақытты сәт екені сөзсіз. Жас жауынгерлерді бригада мүшелері салтанатты жағдайда шығарып салды.
Шындығында, мүддесі берік, тәртібі қатал әскери өмірден қашатындар да кездеседі. Әйткенмен Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі екенін ұғынатындар да жетерлік. Солардың бірі – қызылордалық Қасым Әбдіғани.
Сыр елінің тумасы 5-механикаландырылған бригадада мерзімді қызметтен өткен. Былтыр күзде әскерге шақырылған ол әуелі мұндағы өмірге үйренісе алмай, отбасы мен жақындарын сағынғанын жасырмайды. Оның үстіне ерте тұрып, уақытылы ұйықтауға дағдыланбаған оған темірдей тәртіпке бағыну да оңайға соқпаған. Алайда оқу-жауынгерлік процестерден кейін бар қиындық артта қалған.
Иә, әуелгіде әскери өмірге уайымдап, алаңдаушылықпен қадам басқан жігіттер бір жылда әбден шыңдалып, үйіне нағыз азамат болып оралады. Қазір де әскер борышын аяқтаған жауынгерлердің орнына бойын дәл осындай күдік пен үміт билеген сарбаздар келіп жатыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ