Жаңалықтар

Қазақ сарбаздары Гималайды бағындырды

Геосаяси ахуал алаңдатып отырған бүгінгі алмағайып заманда жалғыз жортқанның жолы ауыр болуы мүмкін. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ата-баба өсиеті қазіргі таңда барынша өзекті. Бұл бізден қорғаныс қабілетімізді нығайтып қана қоймай, тағдырлас қоңсы елдермен әскери салада өзара тәжірибе алмасып, татулығымызды арттыра беруді талап етеді.

Еліміздің Қарулы Күштері жыл басынан бері бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысып келеді. Соның бірі – Қазақстан мен Үндістан елінің бірлескен «ҚазҮнді – 2024» әскери жаттығуы.

Үндістандағы Уттараханд штаты Сурия жаттығу базасында өткен бірлескен оқу-жаттығу жиынына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінен құралған Қазақстанның біріккен ротасы қатысты.

Оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі Үндістанның солтүстік бөлігіндегі Аули қаласы маңындағы «Сурья» оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушыларды қазақстандық әскери қызметшілер атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады.

Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери қызметшілері тау даярлығы шеңберіндегі бірлескен жұмыс пен терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша практикалық сабақтарға қатысты. Қазақстан десантшылары үнділік әріптестерімен бірге таулы жерде парашютпен секіреді.

Қазақстан контингентінің командирі, подполковник, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5-механикаландырылған бригадасының штаб бастығы Арман Сабыровтың сөзіне сүйенсек, күнделікті қызметі тау даярлығынан тұратын әскери қызметшілер үшін оқу-жаттығуға қатысу жауынгерлік дағдыларды арттыруға едәуір ықпал етеді.

Алғаш рет қазақстандық және үнділік әскери қызметшілердің бірлескен оқу-жаттығуы 2018 жылы өткен болатын. Содан бері аталған жаттығу екі елдің полигондарында кезекпен өткізіліп келеді. Сол жылы қазақстандық мотоатқыштар батальоны Үндістанға бірлескен миссияларды орындауға аттанды. Келесі оқу-жаттығу «Мәтібұлақ» қазақ полигонында ұйымдастырылды.

Қазақстан тарапынан оқу-жаттығуға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері, әскери-әуе шабуылы күштерінің бөлімшесі бірлескен оқу-жаттығуға екінші рет қатысқанын айта кеткен жөн.

Бір айта кетерлігі, «ҚазҮнді – 2024» бірлескен тактикалық оқу-жаттығуы Қазақстан мен Үндістан Қорғаныс министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өткізілді. Оқу-жаттығу жиынында аса маңызды инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтималды қатерді жоюға бағытталған тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Бұл жаттығу барысында елді мекендердегі террористік элементтерді анықтап, жою үшін «қоршау және іздеу» операциялары жүзеге асырылды.

Сондай-ақ жиында коммуникациялық және командалық орталықтар құруға баса назар аударылды. Бұл бірлескен операцияларда мүдірместен келісім орнату үшін аса маңызды. Әскери операцияны қос тарап та бақылауда ұстап, қабылданар шешімдерді жетілдіру үшін бірлескен командалық пост пен барлау, бақылау орталығы құрылды.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін, яғни келесі күннен бастап оқу-жаттығу жоспарына сәйкес қатысушылар таулы жаттығуларды бастады. Жиынға келген еліміздің әскери қызметкерлерінің таулы жаттығуларда мол тәжірибесі бар десек те, қазақстандық сарбаздар Гималай тау бөктерлерін алғаш рет бағындырды.

«ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуы өткен тау лагері теңіз деңгейінен 2 700 метр биіктікте орналасқан. Таулы рельеф әскери қызметшілерге тауда жұмыс істеуге арналған кең ауқымды тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Нақтылап айтқанда, жартастарға тік көтерілу, аула бойымен түсу, тау кедергілері мен жартастарды кесіп өту, таулы жағдайларда жаралыларды эвакуациялауға қолайлы мекен.

Қазақстандық контингенттің офицері, капитан Сәкен Мусиннің айтуынша, қазақстандық контингенттің әскери қызметшілері таудағы дайындықтың бұл элементтерімен жақсы таныс. Жауынгерлер бірнеше рет өз бөлімшелерінде альпинизмге машықтанған. Себебі облысымызда Жуалы және Меркі тау шатқалдары секілді қарлы шыңдар көп.

Қауіп-қатерге толы жартасқа ерлермен қатар әйел әскери қызметшілер де шықты. Қазақ әйелдері үнділік әріптестерін батылдығы мен табандылығымен таңғалдырды. Күрделі жаттығуларды мүлтіксіз орындап, Гималайды бағындырғандардың бірі – сержант Жанна Досимова. Батыл қазақ қызының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5-механикаландырылған бригаданың жауынгерлік даярлық бөлімінде қызмет етуі кездейсоқтық емес.

Қазақстан Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, ефрейторлар Балжан Мұсатаева мен Маржан Сайранова да «ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуы барысында Гималай тау бөктерінде күрделі секірулерді сәтті орындады. Биік таудағы күрделі ахуалда қыздар шектеулі алаңға парашютпен секіріп, дәл қонуды орындауда жақсы нәтиже көрсетті.

Ефрейтор Балжан Мұсатаева түрлі парашют жүйелерімен жүзден аса секіру орындаған. Жуырда ғана бағдарламаны аяқтағаннан кейін ол парашютші-нұсқаушы атағын алды.

Ал Маржан Сайранова парашютпен секіруді енді бастаған. Бұл оның алғашқы халықаралық жаттығуы. Дегенмен парашют командасының аға офицері, подполковник Ержан Төлепұлының айтуынша, Маржан керемет нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Әскери жиында Үндістан мен Қазақстанның әскери қызметшілері таудағы дайындық мәселелерін іс жүзінде жетілдіріп жатқанда қазақстандық контингенттің басшысы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев пен оның үнді армиясындағы әріптестері жаттығудың келесі кезеңіне кірісті. Анығын айтқанда, терроризмге қарсы қауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді.

Оқу-жаттығудың қорытынды кезеңінде лаңкестікке қарсы қауіпсіздік бойынша бірлескен жаттығулар ұйымдастырылды. Екі елдің әскери қызметкерлері осы салада тәжірибе алмасып, терроризмге қарсы қауіпсіздік саласындағы күрестің ең өзекті әдістерін талқылады.

Полковник Нұрлан Кәрібаев бірлескен жұмыс тәжірибе жинақтап, практикалық жауынгерлік дайындық дағдыларын арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Үндістан контингентінің басшысы, полковник Яогеш Упадхай да қазақ қолбасшысының пікірімен толықтай келіседі.

Айта кетерлігі, «ҚазҮнді – 2024» оқу-жаттығуы 30 қыркүйек пен 13 қазан аралығында өтті. «Сурья» оқу-жаттығу орталығында бірлескен міндеттерді орындау әскери бөлімшелердің өзара іс-қимылын нығайтуға, жаңа тәжірибе алуға және дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ