Көлтоған көркейіп келеді
Жуырда Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылының кіреберісіне ауылдың атауы жазылып, ауданның логотипі бедерленген стеланың ашылу салтанаты өтті. Стеланың бой көтеруіне «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сыбанбай Арынов бастаған ауылдың 1967 жылы туған азаматтары ұйытқы болғанын да айта кету керек.
Жаңа стеланың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев, Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиев, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Мақсатбек Байболов, ауылдық округтің қоғамдастық төрағасы Лесбай Көпжасаров, аудандық мәслихаттың депутаттары Сыбанбай Арынов, Ұлан Айхожаев, Қанат Наушабаев және түлектер қатысып, сөз сөйледі.
Іс-шарада алғаш болып сөз алған Боралдай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов ең алдымен Көлтоған ауылының құрылу тарихынан сыр шертті. Сонымен қатар бұрынырақта ауылдық округке қарасты Ертай және Рысбек батыр ауылдары «Коммунизм жолы» ұжымшарына бірігіп, тұрғындары ауданның өркендеп, өсуіне елеулі еңбектерін сіңіргенін ерекше атап өтті.
Одан кейін сөз алған Жуалы ауданының логотипінің авторы, аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Айхожаев игілікті іске ұйытқы болған азаматтардың барлығына алғыс білдірді. Сондай-ақ ауданның логотипін ауылдың атауымен бірге бедерлеу ісін лайықты жалғастырған боралдайлық азаматтардың туған ауылдарына деген жанашырлығы мен іскерлігі өңірге қарасты өзге де ауылдық округтерге жарқын үлгі екенін ерекше атап өтті.
Қосымша айта кететін болсақ, жұмыс бабымен сырт өңірлерде қызмет етіп жүрген атпал азаматтардың бастамасымен осыдан бірнеше жыл бұрын «Көлтоған-Қамқор» қоры құрылған болатын . Аталған қордың есебінен Көлтоған ауылының кіреберісіне шырша, арша және қарағай ағаштарының көшеттері отырғызылып, саябақтар жөнделді. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға да жан-жақты көмек көрсетілуде.
Ауылдан шыққан азаматтар кіреберіске заманауи жаңа арка орнатып берсе, биыл ауылдың орталығында балаларға арнап ойын алаңшасын салуда. Бұйыртса, келесі жылы екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына орай ҰОС, тыл және еңбек ардагерлеріне, одан бөлек ауылдағы Батыр аналарға және көп бала тәрбиелеп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген ардақты аналарға ескерткіш-тақта орнатылмақ.
Бұл – ауыл азаматтарының ұйымшылдықпен атқарып жатқан игі істерінің бір парасы ғана. «Қасиетті қарашаңырағым!» деп, туған ауылды қадірлей білетін жанашыр азаматтардың жарқын істері алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист,
Жуалы ауданы